Жаңалықтар

Мерейлі жас мерекеге ұласты

Спартакиада

Ойыл аграрлық колледжінде белгілі мем­­лекет және қоғам қайраткері Елеусін Сағындықовтың 75 жасқа толуына орай аймақтық спартакиада өтті.

Шараның ашылу салтанатына қоғам қайраткерінің апасы Ақпатша Наурызбайқызы, еңбек және спорт ардагерлері мен мекеме басшылары қатысты.

Ойыл аграрлық колледжінің директоры Серік Ғазизұлының тікелей мұрындық болуымен өткен спорттық шараның шымылдығы Елеусін Сағындықовтың ел үшін еткен еңбек жолы мен өмір жолы топтастырылған бейнебаянмен түрілді.

Алдымен Ақпатша Наурызбайқызы аймақтық спартакиаданы ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев мерейтой иесінің еңбек жолында жеткен жетістіктері мен өнегелі істеріне тоқталды.

— Елеусін Сағындықовтың облысымыз үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Соның ішінде Ойыл өңірінде атқарылған істері бір төбе.

Ойылдың Ақтөбе қаласына қатынайтын күре жолын асфальттау, Саралжын мен Сарбиеге көпір салу, бертін келе өзі білім алған қара шаңыраққа жаңа, заманауи үлгідегі оқу корпусы мен жатақхана салу жұмыстарын жасауға ықпал еткен де Елеусін Сағындықов еді. Ешқандай өндірісі жоқ, шалғайда жатқан Ойыл ауданына көгілдір отын тарту мәселесін шешуде де осы істің басы-қасында болғанын ел-жұрт жақсы біледі, — деді ол.

Еңбек ардагері, Ойыл ауданының  бұрынғы әкімі Ғазиз Займолдин Елеусін Наурызбайұлының азаматтық  тұлғасын ашатын өнегелі істері туралы әңгімелеп берді.

Шара спорттық ойындармен жалғасты. Спорттың 6 түрінен өткен додаға 7 команда қатысып, бағын сынады.

Қол күрестен 60, 70, 80 келі салмақ дәрежесі бойынша Темір ауданының спортшылары жеңімпаз атанды. Гір тасын көтеруден 63, 68 келі салмақ дәрежесі бойынша Мәртөк ауданының спортшылары алға шықса, 78 келі салмақ дәрежесінде байғаниндік Ш.Аққозин топтан дара шықты. Пневматикалық мылтық атудан ерлер мен әйелдер арасында мергендіктерін көрсеткен мәртөктік спортшылар жеңімпаз атанса, үстел теннисінен ойылдық спортшылар топ жарды. Тоғызқұмалақтан Байғанин, Ойыл аудандарының командалары топ жарып, жеңімпаз атанды. Ал волейболдан командалар арасындағы әр кездесу тартысты өтті. Нәтижесінде Темір ауданы жеңімпаз атанды.

Спартакиада соңында барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен кубоктар, қаржылай сыйлықтар табысталды. Айтулы доданы қорытындылаған Ойыл аграрлық колледжінің директоры Серік Ғазизұлы спартакиаданың өткізілуіне қолдау білдірген жандарға айрықша алғысын білдірді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button