Жаңалықтар

Облыста шомылуға тыйым салынған 220 қауіпті орын бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде шомылу маусымына дайындық туралы брифинг өтті.

Брифингте Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым биылғы шомылу маусымы кезеңінде облыстың су айдындарында тұрғындардың суға кету қаупін болдырмау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның департамент бақылауында екенін айтты.

— Мониторинг қорытындысы бойынша облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 220 қауіпті орын анықталды. Сондай-ақ су түбін зерттеуге келіп түскен өтінімдер бойынша жағажай ашу үшін 72 орын белгіленді. Ақтөбе қаласында жеке жағажайлар саны жетерлік, енді бір ірі коммуналдық жағажай ашылады. 24-25 мамыр аралығында облыс орталығында Төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағының базасында 88 құтқарушы оқытылып, оларға тиісті сертификаттар берілді, — деді полковник Қайрат Қасым.

Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұрлыбек Айжарықов жыл сайын облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп балаларға суда жүзудің қарапайым әдістері үйретілетінін, биыл облыстың 20 стационарлық бассейнінде 1200 бала оқытылғанын атап өтті.

Спикерлер шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін де еске салды: Шомылу кезінде алкогольдік және есірткілік масаң күйде шомылуға болмайды.  Қайықтардан, катерлерден, өткелдерден, сондай-ақ осы мақсаттарға арналмаған құрылыстардан суға секіруге, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге жол берілмейді. Сондай-ақ жүзу шектері белгіленген жерден әрі жүзуге тыйым салынады, қоқысты жағалауда және киініп-шешінетін бөлмелерде қалдыруға болмайды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button