Ауырсаң, қалтаңа қарап ауыр…

Данагүл ҚАЗИХАН.
ОЙ-ТАМЫЗЫҚ
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Қазіргі таңда дәл осы сөз «трендке» айналғандай. Олай дейтініміз, соңғы бір-екі жылда елімізде, оның ішінде облыста дәрі-дәрмектің де, медициналық қызметтің де бағасы шарықтап кетті. Қайда барсаң да, қымбатшылық!
Адам болған соң ауырмай тұрмайсың. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, бірден ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз. Әрине, алдымен өзің тіркелген емханаға барасың, дәрігерлер кеңес беріп, дәрі-дәрмек жазып береді. Содан дәріхана жағалап, дәрі-дәрмек іздейсің. Оны бір-екі дәріханадан тапсаң жақсы ғой. Бірнешеуін аралап, әрең табасың, оның да бағасын салыстырып жатпайсың. Себебі қай жерге барсаң да, арзан дәрі-дәрмек жоқ. Одан соң жұмыстан сұранып немесе түскі ас уақытын пайдаланып, емханаға барып дәрі ектіресің. Онда да егу бөлмесінің жұмыс кестесін назарға алуың керек. Егер түскі мезгілде не кешкі 17.00-ден кейін барсаң, ешкімді таппай қаласың. Егер егу бөлмесіне барып ектіруге мүмкіндігің болмаса, жеке клиникаға барасың. Ал оларда әр егу қызметінің құны 500 теңгеден басталады. Бұл жерде қызмет құнын есептеп жатпайсың, ең бастысы, ем алып үлгерсең болғаны.
Осы жерде есіме түсіп отыр: біздің бала кезімізде үйде бір адам ауырса, ауылдағы дәрігер мен медбике күніне бірнеше мәрте келіп, қызуымызды өлшеп, жағдайымызды сұрайтын. Сол кезде анамыз: «Дәрігер келді!» деп, бәйек болып жүретін. Ауылда дәрі-дәрмек қоры аз болса да, медицина қызметкерлері науқасқа қамқорлық көрсетіп, қолында барымен көмектеседі. Тіпті дәрі егу деген проблема болмайтын. Қазір қарап отырсақ, заман жақсарғанымен, қалада да, ауылда да медициналық қызмет көрсету сапасы төмендеп барады. Бұған жүйе кінәлі ме, адамдар кінәлі ме, соны түсінбейміз.
Жуырда облыс орталығындағы емдеу клиникасына бардым. Сонымен, бұрыннан қаралып жүрген дәрігеріме барсам, қызмет құны екі есеге қымбаттап кетіпті. Бұрын кеңес беру құны 3 мың теңге болса, қазіргі қызмет бағасы — 5500 теңге. Ал ультрадыбыстық зерттеу құны 4500 теңге болыпты. Қабылдау бөліміндегі прейскурантын алып қарасам, медициналық талдаулардың бағасы 40-50 пайызға қымбаттаған. «Мәссаған!» деп ішке кірерімді, не сыртқа шығарымды білмей, тұрып қалдым. Қасыма келіп жаңа бағаларды көргендер шошынып, кетіп қалды. Ал ауырып, жаны қиналғандар бар тиынын кассаға санап беріп жатыр. Сол жерде кассаның кезегінде тұрып: «Мынадай «ғарыштық» бағаларды кім ойлап тапқан екен?» деп таңғалдым. Тіпті өзімнен бұрын тапқан нәпақасын бала-шағасына жеткізе алмай жүргендерді ойлап, қиналып кеттім. Онсыз да айлығы шайлығына жеткізе алмай жүрген қазағым ауырып ем іздесе, мынадай «дарақы» цифрларға ақшасын қалай жеткізеді?!
Жыл сайын елімізде азық-түлік те, дәрі-дәрмек те қымбаттап жатыр, ал жалақы, зейнетақыға небәрі 5-10 пайыз ғана қосылады. Сонда бүгінгі баға ертең тағы шарықтаса, халық бір жалақымен қалай күн көреді?
Ресми — статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері елімізде амбулаториялық қызметтердің бағасы 6,1 пайызға, өткен жылмен салыстырсақ, 9,7 пайызға қымбаттаған. Айлық динамикада дәрігердің алғашқы қабылдауы — 4,3 пайызға, стоматологиялық қызметтер — 3,4 пайызға, медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметтері — 3 пайызға, амбулаториялардағы маман дәрігерлердің қызметтері 2,4 пайызға артқан. Мәселен, осы жылдың наурыз айында дәрігердің алғашқы қабылдауы орташа есеппен 4 мың теңге болған. Ал еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шымкент сияқты ірі қалаларында қабылдау құнының орташа бағасы 5200-5500 теңгеге жеткен. Қазіргі таңда медициналық қызметтің құны жағынан ең арзан баға — Түркістанда (2,5-3 мың теңге). Дегенмен бұл нақты көрсеткіш емес. Енді ойлай беріңіздер, бір дәрігерге қаралып, сондай-ақ ем алу үшін қанша қаржы жұмсайсыз?..
Әрине, денсаулықтан ақшаны аяудың қажеті жоқ. Алайда ауырсаңыз, қалтаңыз қалың болуы керек. Қайткен күнде де ауырмаудың жолын іздеген дұрыс. Дегенмен де ауру айтып келмейді…



