Отбасы — алтын діңгек

Кездесу
Халықаралық отбасы күнінде «Анаға тағзым» адамгершілік-тәрбие беру орталығында республикалық «Қазақстан әкелері» қоғамдастығының ұйымдастыруымен «Отбасы — алтын діңгек» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесу барысында белсенді әкелердің бірі, «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы, Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев:
— Бұрын бізді әке-шешеміз «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиеледі. Сонда біз «босағаны керме, жаман болады» десе, неге жаман болатынын сұрамайтынбыз, айтты-бітті, үлкенді тыңдаймыз. Әкеміздің жөткірінгенінің өзі үлкен ескертумен тең еді. «Тәйт!» дегенін естімеуге тырысатынбыз. Ал қазір біз балаларымызды «Тәк! Тәйтпен» емес, «тик-токпен» тәрбиелеп жатырмыз. Отбасында әкенің орны, беделі болуы керек. Ол үшін жігіттер жігерлі, намысқой болуы керек, — деді.
Үлгілі отбасылардың бірі — төрт бала тәрбиелеп өсірген Болат пен Жарқын Қалиевтер. 43 жыл мектепте математика пәнінен сабақ берген мұғалім Бақыт Қалиұлы бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
— №46 мектептегі қамқорлық кеңесінің төрағасы, Алматы ауданы жанындағы «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысты сараптамалық комиссияның мүшесімін. Жергілікті тұрғындардан ұсыныс түседі. Бірі балалар ойын алаңы қажеттігін айтса, тағы бірі көшені жарықтандырып беруді сұрайды. Жасап жүрген қоғамдық жұмыстарымның бәрі де бала тәрбиесіне, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты, — деді Бақыт Қалиұлы. Зайыбы Жарқын Қалиева отағасының сөзін жалғап, 44 жыл бірге өмір сүріп келе жатқандарын ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, отбасын сақтау туралы айтты.
Ақтөбе олысы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова, республикалық «Қазақстанның әкелері» қоғамдастығының құрылтайшысы, көпбалалы әке Еркін Тобылбаев отбасы құндылықтарын сақтау мен қолдау, отбасындағы әке рөлін нығайту туралы ой-пікірін ортаға салды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



