Жаңалықтар

Елу жылда ел жаңа

Адам болсын, елді мекен, аудан, облыс, мемлекет болсын, бір уақыттарда өседі, өркендейді, шарықтау шегіне жетеді. Бір уақыттарда әлдебір себептермен құлдырайды, ыдырайды немесе философияның «жоқтан бар пайда болмайды, бар жоқ болып кетпейді» деген қағидасына сәйкес бір күйден басқа бір күйге ауысады. Сол айтқандай, кезінде тек қана Ақтөбе облысы емес, Қазақстанның батыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына үлкен үлес қосқан біздің Темір ауданы да талайды басынан өткеріп, тіпті жоқ болып кете жаздап, қайта өрлеп, қайтадан аудан болғанына да биыл 50 жыл болыпты.

1869 жылы әскери бекініс ретінде пайда болған Темір қаласы барлық жағынан тез дами бастады. 1872 жылы ол Темір уезінің орталығы болды, екі кластық орыс-қазақ семинариясы, алғашқы аурухана, кітапхана ашылды, өңірдің экономикалық дамуына, жылына екі рет өткізіліп тұрған Қарақамыс жәрмеңкесінің рөлі зор болды. Бүгінде өз алдына аудан болып отырған бұрынғы Қандыағаш (қазіргі Мұғалжар ауданы), бұрынғы Мұғалжар, Жұрын, қазіргі Байғанин, Ойыл аудандары, Қобда, Алға аудандарының біраз бөліктері біздің Темір уезінен, кейін ауданынан еншісін алып шыққан құрылымдар.

Темір өңірінде ХІХ ғасырдың орта шені мен ХХ ғасырдың басында халықты отырықшылыққа, кәсіп етуге, жермен жұмыс жасауға үйретіп, мешіт салып, медресе ашып бала оқыту үрдісі етек алды. Шұбарқұдықта, Шилі бойында атақты ғұлама Досжан хазрет, Темірде Ахмет халфе, Бабатайда Жиеналы хазірет, Ақсайда Арызбағамбет ишан, Қожасайда Молдағазы ишан, қазіргі Кеңестуы маңында Айжарық ишан осындай игі істерімен ел есінде қалған тұлғалар. Бұл топырақта Сәңкібай ата мен Нұрлепес ата сияқты халыққа кеңінен таныс әулиелер мәңгі тұрағын тапқан, атақты Қызыл ақын өмір сүрген.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Темірдің рөлі одан сайын күшейе түсті. Жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың басында, қазіргі Ақсай ауылының оңтүстік-батысына қарай он шақты шақырым жерде Жақсымай мұнай кен орны ашылып, алғашқы мұнай өндіріле бастады. 30-жылдардың аяғында мұнда шағын мұнай айыру зауыты салынып, соғыс кезінде осы өңірдің мұнай өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандырып отырды. Сол жылдары қазіргі Жақсымай ауылында одақтық «Ақтөбемұнай» тресі, көмір шахтасы ашылып, шахта соғыс кезінде өңірді көмірмен қамтамасыз етті. Сол жылдары жаңадан Кейкібас, екінші Жақсымай мұнай кен орындары және Темірде қазір Ақтөбе қаласында жұмыс жасап жатқан педагогикалық техникум мен медициналық техникум ашылды. 40-жылдары Темірде ауыл шаруашылығы техникумы, 60- жылдары қазіргі Жақсымай ауылында индустриалды-педагогикалық техникумы ашылып, екеуі де тек облыс қана емес, көршілес Орал, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарына ауыл шаруашылығы мен өндірістің мамандарын дайындады.

Соғысқа дейінгі жылдары Темірде болашақ академиктер Рәбиға Сыздықова, Сақтаған Бәйішев, Ахмет пен Құдайберген Жұбановтар, Сайым Балмұқанов оқып, білім алды, жұмыс жасады. Сол жылдары халық ақыны Нұрпейіс Байғанин, белгілі жазушы Жиенғалы Тілепбергенов өмір сүрді. Соғысқа дейін Темір аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, 1941 жылы Москва түбінде асқан ерлік көрсеткен атақты 28 панфиловшы қызмет еткен полктың комиссары Ахметжан Мұхамедияров қызмет жасады. Кезінде Фрунзе атындағы әскери академияны, Ворошилов атындағы Бас Штабтың Академиясын бітірген ірі әскери қолбасшы, генерал-лейтенант Жансен Кереев, тәуелсіз Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған генерал-лейтенант Болат Жанасаев, ҰҚК-де қызмет жасаған генерал-майор Болат Шайманов, қазіргі Шығыс өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Рүстем Ақбалин, полк командирінің орынбасары болып қызмет атқарып жүрген полковник Берік Нұрмұқанов — біздің ауданның тумалары.

Сол 30-жылдарда Қандыағаш-Гурьев (қазіргі Атырау) темір жолы салынып, оның 85-шақырымында қазіргі аудан орталығы – Шұбарқұдық кенті пайда болды. 50-жылдардың аяғында Кеңқияқ өңіріне Кеңқияқ мұнай-газ барлау экспедициясы келіп, 60-жылдарда Кеңқияқ мұнай кен орны ашылды. Сол жылдары Кеңқияқ мұнай-газ өндіру басқармасы ашылып, мұнай алына бастады, сөйтіп аудан картасында Шұбарши мен Кеңқияқ кенттері пайда болды.

1960-жылдардың басында елімізде аудан орталықтарын темір жолдың бойына көшіру науқаны басталып, 1964 жылы аудан орталығы Темір қаласынан Қандыағаш стансасына көшіріліп, Қандыағаш ауданы деп аталды. Ал 1967 жылы Октябрь революциясының 50 жылдығы құрметіне Қандыағаш қаласы Октябрьск, ал аудан Октябрьск ауданы деп өзгерді. Міне, Темір қаласының, уезінің, ауданының 153 жылдық тарихының алғашқы 95 жылдық бөлігі осылай аяқталады.

1972 жылдың наурыз айында Темір ауданының тарихи рөлі, экономикалық, мәдени потенциалы ескеріліп, Темір ауданы орталығы – Шұбарқұдық кенті болып қайта ашылды. Бұрын Темір ауданына қараған қазіргі Сағашилі, Талдысай, Ақкемер ауылдары Октябрь ауданында қалды да, Ойыл ауданының Қайыңды, Алтықарасу ауылдары Темірге берілді. Сол жылы жазда қазіргі Тасқопа ауылы Алтықарасудан бөлініп шығып, «Теректі» кеңшары құрылды (Бұрын Алтықарасудағы «Ортябрь» кеңшарының №2-фермасы болатын). Сөйтіп Шұбарқұдықта аудандық мекемелер ашылып, жаңа үйлер салынып, жан-жақтан мамандар келіп, бұрынғы жұмысшы поселкесі өзгеріп сала берді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрқожа Орынбасаров, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып Павел Иванович Клименко сайланды. Аудандық білім бөлімін Дүйсенбаев Ханкерей, қаржы бөлімін Қазмұқанбетов Әбіш, денсаулық сақтау бөлімін Оразғұлов Сағынғали, аудан прокуроры Иманғалиев Сиян, ішкі істер бөлімін Абдуллин Қуаныш, аудандық сотты Көптілеуов Нұрлыбай басқарып, Темір ауданы өзінің тарихының екінші бөлімін бастап кетті. Ауданда ол кезде әрқайсысында 300-500 адам жұмыс жасайтын жеті кеңшар, кейін 1977 жылы «Дружба» кеңшары Ленин атындағы кеңшардан бөлініп шықты, бір мыңның үстінде адамы бар Кеңқияқ мұнай-газ өндіру басқармасы, оған қызмет ететін бірнеше басқармалар, бір мыңның үстінде адамы бар Кеңқияқ мұнай-газ барлау экспедициясы, бір мыңдай адамы бар Шұбарқұдық локомотив депосы, байланыс және белгі беру, жол дистанциялары, әрқайсысында екі жүздің үстінде автомашиналары бар екі автобаза, әрқайсысында 1-1,5 мың студент оқитын екі техникум, он мыңның үстінде бала оқитын отыз екі мектеп, сол шамалас балабақша, аурухана, медпункттер, басқа да кәсіпорын-мекемелер жұмыс жасап тұрды.

70-80 жылдарда аудан әлеуметтік-экономикалық жағынан мықты дамыды. Кеңқияқ мұнайы қарқынды алына бастады, жаңа мұнай кен орындары ашылды, темір жол, ауыл шаруашылығы өркендеді. Әлеуметтік сала дамыды. Алайда социализм деп аталатын жүйе өзінің шарықтау шегіне жетіп құлап тынды да, еліміз егемендік алып, нарықтық экономикаға аяқ басты. Бірақ бір саяси-экономикалық формациядан екіншісіне өту қай уақытта да оңай болмайды. Бұрынғы әлеуметтік-экономикалық байланыстар үзілді, жаңалары енді-енді пайда бола бастады. Батыл жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесінде 2000-жылдардан бастап, елімізде жаңа экономикалық қатынастар қалыптасып, халықтың тұрмыс-күйі түзеле бастады. Өткен ғасырдың 80-жылдары жылына 450 мың тонна мұнай беріп тұрған Кеңқияқ, өткен жылы 2 миллион тоннаға жуық мұнай өндірді. Ауыл шаруашылығында үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 13 өндірістік кооператив, 300-дің үстінде шаруа қожалығы жұмыс жасап тұр. Бүгінгі күні ауданда 145 мыңға жуық қой, 45 мыңдай ірі қара, 13 мыңның үстінде жылқы, 400-дей түйе бар. Ауданның білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары мықтап дамыды. Қазіргі салынып жатырған мектептер мен балабақшалар, клубтар мен медицина нысандары, денешынықтыру-спорт кешендерінің, спорт алаңдарының сапасы мен қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы бұрынғылармен салыстыруға да келмейді. Ал байланыс саласындағы жетістіктер кезінде біздің түсімізге де кірген жоқ. Спорт саласында біздің жігіттер мен қыздар қазір республикамыздың құрама командаларының құрамында сайысқа түсіп жүрсе, ақындарымыз бен әншілеріміз облыс пен республика көлемінде өнер көрсетіп, елдің абыройын асқақтатып жүр. Көлік, жолаушы, жүк тасымалы, тұрғындарға тұрмыстық қызмет көрсету, азық-түлікпен, киім-кешекпен, үй жиһаздарымен, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуде ешқандай проблема жоқ. Қазір ешқандай дефицит те жоқ. Бүгінгі ұрпақ дефицит дегеннің не екенін де білмейді. Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Қазір ауданда жылына орта есеппен 150 тұрғын үй пайдалануға берілуде, елді мекендерді абаттандыру, көшелерді асфальттау, орталықтандырылған су жүйесімен қамту, газдандыру жұмыстары жедел жүргізілуде. Егер биылғы жоспарлаған жұмыстар іске асса, аудан тұрғындарын ауызсумен қамту 93 пайызға, газбен қамту 97 пайызға жетпек екен. Бұл үлкен жетістік.

Болашақта Ақтөбе-Атырау тасжолының құрылысы біткесін ауданның көлік-логистикалық ахуалы түбегейлі жақсарады. Өткен жылдары Ақтөбе-Ақсай-Шұбарқұдық, Шұбарқұдық-Ойыл тасжолдарының жөндеуден өтуінің өзі көптеген мәселелерді шешсе, Тасқопаға, Қайыңдыға, Жамбылға, Қаракемерге тасжолдың салынуымен жол мәселесі толық шешімін таппақ. Бүгінде ауданда сегіз мыңға жуық үй бар екен, ал автомашиналардың саны жеті мыңға жуықтапты. Демек, «Машина байлықтың белгісі емес, тек көлік қана» деген қағида іс жүзіне айналып тұр. Әр нәрсенің екі жағы бар дегендей, машина жүргізушілердің сауатсыздығының, мәдениетсіздігінің салдарынан қазір зиян да шеге бастадық. Тек өткен жылы аудан бойынша автоапаттан он адам қаза тауып, 33 адам жарақаттаныпты.

Мен тәуелсіздік жылдарындағы біздің басты жетістігіміз – өткен жылы ауданда дүниеге сәби келуінің деңгейі дер едім. Егер 2001 жылы дүниеге 601 бала келсе, өткен жылы 1017 бала дүниеге келіп, тұңғыш рет мыңның үстіне шықты, табиғи өсім көбейді. Бұның өзі тұрғындардың тұрмыс-күйінің жақсарғанының бірден-бір белгісі.

Қазақта: «Елу жыл аштық жоқ, елу жыл тоқтық жоқ» деген де бар, бірақ тыныштық болып, заңдылық сақталып, еңбек етуге жағдай жасалса, біздің халық жаңа жағдайға, нарықтық қатынастарға да бейімделіп, ауқатты өмір сүре алатынын көрсетіп отыр. Ол үшін қажетті алғышарттардың бәрі бар, тек еңбек ету керек.

Үш жылға жуық елімізді жайлаған коронавирус пандемиясы үлкен материалдық та, моральдық та шығынға ұшыратты. Ең өкініштісі, біраз азаматтарымыз мезгілсіз көз жұмды. Шүкір, қазір ол індеттен де ептеп шыға бастағандаймыз. Бірақ «Сақтансаң сақтармын» дегендей, біз денсаулық сақтау мәселесіне де ұқыптырақ қарауымыз керек.

«Жау жоқ деме, жар астында» демекші, бүгінде Украинада болып жатқан жағдай да бізді қатты ойландыруы тиіс. Тек қана ұлттық бірлік, білімді ұрпақ, алдыңғы қатарлы ғылым мен техникаға, технологияға сүйенген қуатты экономика ғана қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алады.

Қиын қаңтар айында елімізде орын алған террористік аласапыран саяси-экономикалық, әлеуметтік өмірімізде орын алған көптеген кемшіліктің бетін ашты. Ішкі және сыртқы күштер Қазақстанды басқа бағытқа бұрып әкетуден де күдерін үзбеген сияқты. Сондықтан елімізде заңдардың үстемдігін орната отырып, әртүрлі экстремистік әрекеттерге тойтарыс беріп, Президентіміз жүргізе бастаған саяси-экономикалық реформаларға қолдау көрсетіп, Жаңа Қазақстан құру бағытында бірлесе қимылдауға шақырамын.

Нұрмұқан ӨТЕПОВ, ардагер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button