Сүйікті ісім — қолөнер
Мен Әйтеке би ауданының тұрғынымын. Іс тігіп, тоқыма тоқуға ерекше қызығамын. Бұл менің бала кезден бергі сүйікті ісім.
Мамандығым — психолог. Бірнеше жыл аудандық Мәдениет үйінде қызмет атқардым. Алтыншы сәбиіммен декреттік демалыста отырғанда кәсіппен айналысуды жөн санадым.
Қазір елімізде тоқыма ойыншықтар жасау өнерін кәсіпке айналдыру жақсы дамып келеді. Мен де небір зияны көп ойыншықты сатып алмай, өзім жасап көрсем деген ой келді. Содан қолға алған іс еді. Кейін тоқыған ойыншықтарымды ұнатқан жақындарым, таныстарым, достарым тапсырыс бере бастады. Қызығушылығы бар жастарға үйрете бастадым. Қолға ілмек алып, тоқыған сәтте миың демалады, жүйкең тыныштанады.
2020 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, жылыжай аштым. Онда қияр мен қызанақ өсіруді қолға алдым.
Мектепте оқитын екі қызым гүл өсіруге ерекше қызығады. Биыл қыздарым шырайгүл егіп, өсірді. Балаларыма еңбектің наны тәтті болатынын үйретуден жалыққан емеспін. Менің өмірлік ұстанымым да осы. Еңбек түбі — береке.
«Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Әрдайым өңірдің басты жаңалықтарынан хабардар болып отырамын. Әсіресе танымдық, рухани материалдарды оқығанды ұнатамын.
Гүлдәурен БОЗШИНА.