Облысқа — 90 жылТарих

Жеңісті жақындатуға үлес: он дерек

1941-1945 жылдар аралығында Ақтөбе жерінен майданға 122 мың адам аттанған. Биылғы Жеңіс мерекесінде ортамызда олардың 8-і ғана қалды.

Жеңіс күнін жақындатуға майдангерлер ғана емес, тылдағы еңбеккерлер, соғысқа аттанған ер-азаматтардың орнын басқан ақ жаулықты аналар мен буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар да орасан зор үлес қосты. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» ұранымен тылдағы еңбек майданы бір сәтке де тыншыған жоқ. Ақтөбе жұртының сол жылдардағы жанқияр еңбегі мен ерлігінің он сәтін назарларыңызға ұсынамыз:

Қызыл армияға көмек

Соғыс жылдарында қорғаныс саласы шығынының да көп бөлігі халықтың мойнына түсті. Әсіресе алғашқы жыл өте қиын болды. Сол кезде жасы 80-нен асқан ақын Нұрпейіс Байғанин де халықты қорғаныс қорына үлес қосуға үндеген. 17 қараша мен 25 желтоқсан аралығында ол Жұрын, Темір, Байғанин аудандарын аралап өнер көрсетіп, үгіт-насихат жүргізген. Осы сапардың қорытындысында 42 мың сом көлемінде қолма-қол ақша, 16 мың сом көлемінде бағалы қағаз түріндегі қаржылай көмек жиналыпты. Сондай-ақ майданға жіберу үшін 150 пұт астық, 4 қой, 4 сиыр және жылы киім-кешек тапсырылған.

Балалардың үлесі

1944 жылғы ақпанда Ақтөбедегі №8 орта мектептің оқушылары жауынгерлер отбасына жәрдем беру үшін, ақылы концерттер өткізген. Оған Ақтөбедегі зауыттардың жұмысшылары шақырылған. Бір концерттен 2,8 мың сом қаржы түсіп, оқушылар оны жауынгерлер отбасына жәрдем қорына тапсырған.

Ал Байғанин ауданында 9 тимуршылар командасы құрылып, олар фермалардан 87 төлді күтімге алған. Аудан пионерлері колхозшыларға соғыс хабарларын, ел жаңалықтарын үзбей оқып тұруды мойындарына алыпты.

Қол орақпен жиналған егін

Тылдағы еңбекте соғысқа аттанған ер-азаматтардың орны ойсырап тұрды. 1942 жылы облыста 4 мыңға жуық адам шұғыл түрде механизаторлардың қысқа мерзімдік курсын оқуға жіберілді. Алайда техниканың өзі қорғаныс саласының мұқтаждығына алынды. Сондықтан егін қарапайым мәшинемен (лобогрейка) және қол орақпен жиналды. Осы жылы облыстағы 508,8 мың гектар егін алқабының 84 пайызы қарапайым техникамен, қол орақпен орылған. Барлық алқаптың тек 16 пайызында астық комбайнмен жиналыпты. Мемлекетке 811,8 мың центнер астық тапсырылған.

Қайран біздің аналар…

1943 жылы облыста 28 әйел қолхоз басшысы, 68 әйел ауылдық кеңес төрайымы болып еңбек етті. 138 әйел егіс және трактор бригадаларын, ал 455 әйел мал шаруашылығы фермаларын басқарды. Тағы да 658 қыз-келіншек звено жетекшісі еді. Майданға аттанған ер-азаматтың орнын жоқтатпауға тырысқан аналардың қатарында Ойыл ауданы «Жақсыкөл» колхозының басшысы Ақжанай Қаракенова, Темір ауданындағы түйешілер фермасының меңгерушісі Марлен Дербісәлина, Байғанин ауданының «Қызыл ту» колхозындағы қой фермасының меңгерушісі Уәзипа Сатқанғалиева, т.б. болды. Ал Темір ауданының «Жұрын» совхозында жауынгер ерінің орнына жылдар бойы жылқы бағып, бас жылқышы болған Балым Бірімова кейін Социалистік Еңбек Ері атанды.

Қыс ішіндегі құрылыс

1943 жылдың күзінде Жұрын ауданының «Жаңажол», «Заря», «Октябрь», «Жағабұлақ», «Жаркемер» колхоздарының шаруалары суармалы егіс көлемін ұлғайту үшін, Батпақкөлде бөгет салу туралы бастама көтеріпті. Бөгет құрылысын қарқынды жүргізуді ұйымдастыруға 28 адам үгітші ретінде бекітілді.

Бұл жөнінде облыстық «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің 1944 жылғы 11 қаңтардағы санында бөгет құрылысының бастығы Х. Арысланов жазған. «Партия ұйымының секретарі Сабырқұлов, комсомол ұйымының секретарі Ахметов жолдастар құрылысшылар арасында үгіт-көпшілік жұмысын жолға қойды… Құрылыстың бастауыш партия ұйымы алдыңғы қатарлы стахановшылардан 8 адамды партия қатарына алды, комсомол ұйымы комсомол қатарына 20 адамды алды», — дейді автор.

Құрылыстағы колхозшылар өздерінің еңбек нормаларын орта есеппен 110-250 пайызға орындап отырған. «Шеңгелши», «Жаңажол» колхоздарынан келген Бірмағамбетова мен Сатыбалдина күнделікті нормаларын 150-300 пайызға, комсомол Жалқанова 120 пайызға орындаған. Сөйтіп өзара социалистік жарысқа түскен.

Құрылыс бастығы былай дейді: «Колхозшылардың қажырлы еңбегі нәтижесінде «Батпақкөл» құрылысы 35 күнде аяқталды. Құрылыста 12 мың текшеметр жер жұмысы орындалды. Алдағы жылы Батпақкөлде 550 гектарға дейін суарма егісін салуға мүмкіндік болды».

Құрылыс қыста жүргендіктен, облыс пен ауданнан колхозшыларға 200 байпақ, 250 қысқы тон, 75 тері желет бөлініпті. Одан бөлек 40 келі шай, 100 центнер ұн, 100 келі сөк, 50 келі күріш секілді азық-түлік берілген.

Абдол қарттың үлгілі ісі

«Социалистік жол» газетінің 1944 жылғы 1 ақпан күнгі санына «Абдол қарттың үлгілі ісі» атты шағын мақала шығыпты. Оның кейіпкері — Мәртөк ауданындағы «Қара ағаш» колхозының ағаш шебері Абдол Сүйімбаев. Сол кезде жасы 66-да екен. Оның колхозға керекті шана, арба, басқа да шаруашылық құралдарын жасап, тынбай еңбектенетіні баяндалыпты.

«Биылдың өзінде колхозға 25 шана, 7 арба, 7 астық таситын жәшік, 55 өгіз қамыт жасап шығарды. Қазір «Қара ағаш» колхозы жазғы егіске керекті құралдың бәрін де Абдол қарттың еңбегі нәтижесінде толық әзірлеп отыр», — деп жазылған мақалада. Ал шебердің өзі туған 5 інісінің соғысқа кеткенін, солар үшін аянбай еңбектенетінін айтыпты.

Соғыс кезіндегі мереке

1944 жылы Новоресей ауданы «Искра» колхозының Радченко басқарған тракторшы қыз-келіншектер бригадасы 1 мамырдың құрметіне стахановтық вахтаға тұрып, бір күн ішінде 92 гектар жер жыртқан. Оның 67,8 гектарына тұқым сепкен. Сөйтіп, күндік норманы екі есе орындапты.

Оның ішінде, Раида Осипова, Татьяна Фиенко сынды тракторшылар 4 гектардың орнына 8 гектардан жер жыртыпты. Ал Евдокия Гребенюк 14 гектардың орнына, 30 гектар алқапта топырақ өңдеген.

100 саулықтан — 122 қозы

Ырғыз ауданының «Жаңа құрылыс» колхозында 1943 жылы 1500-дей қой-ешкі, 321 сиыр, 100 шақты жылқы болды. Қой фермасының тәжірибелі шопаны Нәби Боранбаев бұл жылы 100 саулықтан 122 қозы алып, оларды шығынсыз өсіріпті. Сиыршы Қиымбай Сырымбаев 65 сиырдан 65 бұзау алып, ол да төл басын аман сақтап қалған. Сондай-ақ сауыншы Нарқұлова, жылқышы Кенжебай Дүмеров, қой фермасының бастығы Дәренов, тауарлы сүт фермасының бастығы Қоқашевалар үздік еңбеккерлер ретінде аталған.

Осы колхоздың төрағасы Қуандық Жөкеев: «Біз алған міндеттемені қойдан 94 бас, сиырдан 7, жылқыдан 2 бас артық орындадық… Малға керекті азық 20 процент запасымен толық қамтамасыз етілді. Қыстау басына 11 мың центнер шөп тасылды. Мал қораларының бәрі де жақсы ремонтталды, мал қыстатуға жақсы әзірленгеніміз үшін мемлекеттік тексеруде аттестат алдық», — деп хабарлапты.

Шалқар даласының тарысы

1944 жылғы 25 сәуірде Шалқар аудандық партия комитетінің хатшысы Байсалбаев ауданда көктемгі егіс жоспарының толық орындалғаны жөнінде жеделхат жолдаған. Ауданда 9880 гектар жерге тұқым себілген. Оның ішінде, 6771 гектар алқапқа тары егіліпті. «Жомарт», «Қараша», «Ақкөл», «Қорғантұз», «Жиде», «Жаңақоныс» қолхоздары егіс жоспарын басқалардан бұрын орындаған.

Майор Ермағамбетовтің хаты

Облыстық «Социалистік жол» газетінің 1944 жылғы 11 қаңтардағы санында майор Ідіріс Ермағамбетовтің майданнан жолдаған хаты жарияланыпты. Өкінішке қарай, ескірген газет тігіндісінде далалық поштаның нөмірі өшіп қалған.

Майдангер өзінің хатында жерлестеріне: «…неміс сұрқияларына қарсы ұрыс майданында біздің ақтөбеліктер де ерлік көрсетуде. Солардың бірі — армияға Ойыл ауданынан келген аға сержанттар Құлбеков Закария, Қойбақов Тіленшіғали, ақтөбелік майор Шәленов Мерген, аға лейтенант Голиков Василий, тағы басқалары. Голиков майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, Құлбеков, Қойбақовтар да жоғары дәрежелі ордендермен наградталды. Біздің қатарымызда Ақтөбедегі №6 қазақ мектебінің бұрынғы оқытушысы, армияға қатардағы әскер болып алынған Асқаров Қылыш бар. Қазір аға лейтенант.

Табыстар көп. Бірақ оған қанағаттанып қалуға болмайды… Біздің алдымызда советтің қасиетті жерін неміс басқыншыларынан тазартып, жауды біржола талқандап, жеңу міндеті тұр. Бұл міндетті орындау үшін біздер майданда жауға қарсы жауынгерлік ұрыстар жүргізсек, сіздер тылда жан аямай еңбек етуіңіз керек. Майдан мен елімізді қажетті нәрселердің бәрімен қамтамасыз ету үшін, талмай күресулеріңіз керек.

… Сіздердің тылдағы әрбір өсірген малдарың, одан алынған продукция, астықтың әрбір пұты жауға ажал оғы болып тиеді. Жауды біржола жеңетін сағат жақындады», — деп сәлем жолдайды.

Тарих беттерін парақтаған Индира ӨТЕМІС.

 (Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.)

Басқа жаңалықтар

Back to top button