Жаңалықтар

Оқырман

  • Жаңғырық

ОЙЫЛ ӨЗЕНІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Редакциядан:

«Оқырман» айдарының өткен топтамасында Ақтөбе қаласының тұрғыны, ардагер журналист Арыстан Аймағамбетұлының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалинге жолдаған ашық хаты жарияланған болатын. Автор хатының облыстық газетке жариялануын да құп көрген. Ол хатында журналист Ойыл өңірінің мәселелері туралы, оның ішінде  Ойыл өзенінің құрғап қалу қаупі туындап тұрғанын, өзенді қалпына келтіру керектігін жазған. Аталған хатқа төмендегідей жауап келді. (Қаз-қалпында жариялап отырмыз). 

«Ақтөбе қаласы тұрғыны А.Аймағамбетұлына:

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  (бұдан әрі министрлік), сіздің Ойыл өзеніне қатысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Бердалиннің атына жолдаған ашық хатыңызды қарап, келесіні хабарлайды:

Ойыл өзенінің ағыны Ақтөбе облысының аумағында қалыптасады. Соңғы жылдары өзен бассейндерінде көктемгі су тасқыны, қар қоры, жауын-шашынның аздығы, соның салдарынан жер үсті ағысының азаюы және экологиялық жағдайдың нашарлауы байқалуда. Өткен жылы «Қазгидромет» Ойыл өзені ағындарының өзгеруіне бағалау жүргізді. Мәселен, Ойыл өзенінің бассейнінде жауын-шашын, күзгі ылғалдылық динамикасын талдау 70-жылдардың басынан бастап ауа температурасының тұрақты жоғарылауымен айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Сондай-ақ жауын-шашынның жылдық мөлшерінің де, тек қыс айларындағы жауын-шашынның да төмендеу тенденциясын, сондай-ақ топырақтың күзгі ылғалының тапшылығын ескеріп, көктемгі су тасқыны кезеңіндегі ағынның көп бөлігі топыраққа инфильтрацияға жоғалады. Бұдан басқа, 2021 жылы министрлік мемлекеттік органдармен және қоғаммен бірлесіп Ойыл өзенінің бассейнінде 57 су шаруашылығы инфрақұрылымының объектілерін зерттеп, нәтижесінде 34 иесіз бөгет анықталды. Осы ретте министрлік Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, Ойыл өзенінің бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту және жер бетіндегі ағындарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде. 2021 жылы Ақтөбе облысы әкімдігінің (бұдан әрі — әкімдік) Ойыл өзенін сауықтыру бойынша әзірлеген іс-шаралар жоспары шеңберінде Мұғалжар, Қобда және Ойыл аудандарында 34 иесіз бөгеттің 7-еуі жойылды, ал 14 құрылысжай бойынша оларды коммуналдық меншікке ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ заңсыз салынған 1 көпір бөлшектеліп, бұлақтарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы әкімдік «Қазсушар» РМК-ның қолдауымен 12 бөгетті жоюды жоспарлап отыр, оның 1-еуі жойылды. Қалған 11 бөгетті жою жұмыстары жүргізілуде. Ойыл өзенінің гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында өзен желісінің өсіп кеткен және тұнған учаскелерін тазалау, қар тоқтату үшін ағаштар отырғызу ұсынылды. Бұл іс-шаралар Ақтөбе облысының әлеуметтік- экономикалық дамуының кешенді жоспарында көзделген, қаржыландырудың қажетті көлемі — 4,8 млрд теңге. Әкімдік Ойыл өзенінің арнасын сорғылардан тазарту, ағаш отырғызу, суару алаңдарын ұйымдастыру, сондай-ақ бұлақтарды тазарту және абаттандыру бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмысын жүргізуде. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 1-тармағына сәйкес ұсынылған жауаппен келіспеген жагдайда Сіз белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылысыз».

Вице-министр Ә.ШАЛАБЕКОВА.

Нұр-Сұлтан қаласы.

 

  • Мереке

 АТАМНЫҢ ЕРЛІГІ ҰРПАҚТАРЫ ЕСІНДЕ

9 мамыр — Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында батыр атамыз  Аблда Кенженов (кейбір мұрағаттарда Канжанов Абида деп жазылған) туралы жазуға бел будық. Былтыр жазда қалалық мұражайдан атамыздың суреті мен ерлігі туралы құжаттарды тауып алдық. Бұған дейін атамыздың қанды майданда ерлік көрсетіп соғысқаны ауызша айтылып келген болатын. Бұл мақаланы жазуға сол жайт түрткі болды.

Атамыз Аблда Кенженов 1916 жылы Шалқар ауданында дүниеге келген. Қарапайым отбасында туған ол 16 жасынан еңбекке етене араласып, кейін әскер қатарына қабылданып, 25 жасында сұрапыл соғысқа аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыста Ресейдің және Украинаның бірнеше қаласында болып, жаумен шайқасқан. Бала кезімізде атамыздан соғыс туралы естеліктер айтып беруін сұрағанда күрсініп ештеңе айтқысы келмейтін еді, тек: «Еліміз аман болсын, соғыс болмасын», —  деп қысқа қайыратын.

Атамыз соғыс туралы айтса, барлығы көз алдына елестеп, сол кездегі жауға деген табандылық жолындағы ызғарлы түндер мен шайқасқа толы қанды майдан өзегін өртейтінін біз білмедік. Сұрапыл соғыс атамызды бір қолынан айырды, қанды майдан ешкімді де аямады, дегенмен атамыз жарақатына қарамастан, бір қолымен соғыса берді. Соны ойлағанда сонау ертедегі «батырлар жырындағы қаһармандар көз алдымызға елестейтін…

Бүгінде атамыздың суреті мен ерлігін сипаттайтын деректер Шалқар қаласындағы мұражайда тұр. Оны көрген сайын кеудемізді мақтаныш кернейді. Жаралы болып келсе де, соғыстан кейін қоғам өміріне белсене араласып, Шалқар қаласындағы теміржол стансасында еңбек етті. Бір қолының жоқтығына қарамастан, жұмыстан тыс кезде бір қолымен кірпіш қалап, бірнеше үй тұрғызған. Атамыз өте еңбекқор адам болған.

Жыл сайын біздің Кенженовтер отбасында 9 мамырда атамызды еске алып, Құран бағыштаймыз. Осындай елі үшін от кешкен, бейбіт күні қолынан «кетпені мен күрегін» тастамаған аталарымыз — бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Қуандық КЕНЖЕНОВ,

Ақтөбе қаласы.

  • Кәсіпкер

НАЗИЛАНЫҢ БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІГІ

 Елімізде әйелдер кәсіпкерлігі жақсы дамып келеді. Бұл ретте мемлекеттің көмегі де көп. Ет тірлігімен еңбектеніп, өздігінен кәсіп ашып жатқан қыз-келіншектер де бар. Соның бірі — Әлімбет ауылының тұрғыны Назила Базарбаева.

Нәзила ата-анасымен, бауырларымен Әлімбет ауылына 2000 жылы Батыс Қазақстан облысынан көшіп келген.

Нәзила тұрмысқа шығып, үш балалы болады, бірақ жарынан жастай қалып, балалары үшін тауқыметі ауырлау мал шаруашылығына ден қояды. Осыдан 20 жыл бұрын 33 жасында жесір қалған келіншек күнкөрістің қамын өз мойнына алғанын айтады. 2010 жылы жеке қожалық ашқан Назиланың аула­сындағы сиыр малы бүгінде 20 басқа жеткен. Мал өнімін сатып, ризығын айырып келеді. Шаруашылығында жылқысы, ұсақ малы да бар.

Екі ұлы ұясында — анасына көмекші, қызы қияда. Жақ­сылықтар мен сәтсіздіктер қатар жүретіні белгілі ғой, кіші ұлы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекеттің қолдауымен жабағы алып, 2019 жылы малы қолды бо­лып, соның зардабын әлі тартып жүргенін айтады.

Нәзік Назила өз малы жайылымға шыққанда ауылдағы адамдардың қойын да кезекпен бағатынын айтады. Оған төленетін ақша сәл де болса қаржылай көмек болады.

Назила облыстық, аудандық деңгейде өтетін ауылшаруашылығы жәрмеңкелеріне ет, сүт өнімдерін, құрт, майын апарады. Әлімбетке іргелес ресейлік Новоресей ауылының тұрғындары да Нәзиланың май-қаймағының, құрт-ірімшігінің дәмін жақсы біледі.

Үкіметке қол жаймай, өз күшімен ашқан кәсібін дамытып келе жатқан Нәзиланың алға қойған жоспарлары да бар. Ол — мал басын көбейту, жайылымдық жер, техникалар алу.

 Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

  • Жеңіс күні

ҚАН МЕН ТЕРДІҢ ЖЕҢІСІ

Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қырғын соғыстың аяқталғанына да 77 жылдың жүзі болыпты. Тарих шежіресінде екінші дүниежүзілік соғыс, ал бұрынғы Кеңес Одағының халқы үшін Ұлы Отан соғысы атанған сол бір сұрапыл жылдардың жылнамасында талай қазақ солдатының ерлік өнегесі көмескіленіп бара жатыр. Дегенмен ата ерлігін ұрпақ ешқашан жадынан шығармақ емес.

Атам Жәшібай Қуатбаев —  Ұлы Отан соғысының отты жылдарының соңына дейін қатысқан еңбек және тыл ардагері. Ол 1917 жылы наурыз айында Байғанин ауданының Қаражар ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Темір аудандық комиссариатынан соғысқа аттанған атамыз Ресейдің Бугуруслан қаласында әскери даярлықтан өтіп, ауыр артиллерия мен штабтың арасындағы байланысты қамтамасыз ететін радист қызметін атқарған.

1942 жылдың қаңтары мен 1946 жылдың сәуірі аралығында 64- атқыштар бригадасының  661-артиллериялық полкінде, 1945 жылы 13 ақпанда Будапештті неміс фашистерінен азат етуге қатысқан.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі, «1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі, Г.Жуков атындағы «Отанға сіңірген еңбегі үшін» ІІ дәрежелі ордені, И.Сталиннің Алғыс хатымен, т.б. медальдарымен марапатталған.

Атамыз 9 мамыр – Жеңіс күнін ерекше күтетін. Алайда, соғыс туралы әңгіме айтуды қош көрмейтін. «Қазірде өскелең ұрпақ бейбіт заманның қандай еңбекпен, қанша адамның қанымен келгенін білсе ғой, шіркін…», – деп күрсінетін. Соғыстан аман елге оралып, отбасын құрып, көзінің тірісінде 4 бала, 18 немере, 25 шөбере сүйді.

Атам жан-жағына әркез қол ұшын беріп жүретін. Өзінің көрген қиындығын болашақ ұрпақ көрмесін деген тілекпен немерелеріне түрлі ойыншықтар алып бергенді жақсы көретін. Алайда немерелеріне бірде-бір қару ойыншықтарын алып бермеді.

Мен Жәшібай атамның үлкен баласы Қуанышбектен тараған ұрпағымын. Қазірде құқық қорғау органы саласында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Осындай батыр, қайсар, еңбекқор атаның ұрпағы болғанымды мақтан етемін.

Атамның кеудесі орден, медальға толы киімі төрде ілулі тұратын. Бірақ атам оны көрсетіп, мақтанып, масаттанбайтын.

Атам 2009 жылдың 9 мамырында қайтыс болды. Дәм-тұзының таусылған күні де Жеңіс күніне тап келгенін қарасаңызшы… Бұл: «Өмірдің қандай қиыншылығы мен азабы болса да, барлық сынақтан сүрінбей өттің, Сен жеңімпазсың!» — деген белгі секілді. Иә, бұл қан мен тердің Жеңісі әрі Жемісі!

Н.ҚУАНЫШБЕК,

Ақтөбе қаласы ПБ Алматы ауданы №4 қалалық полиция бөлімінің  кадр саясаты бойынша орынбасары, полиция майоры.  

  • Тіршілік

 АРЗАН БАЗАР АШЫЛДЫ

«Базарда мың сан адам бар, әркім сүйгеніне сәлем береді», — дейтін үлкендер. Сатып алушыдан гөрі сатушы көбейген бүгінгі заманда алушының «сәлемі» де екінің біріне тимесі хақ. Себебі баға шарықтап тұр. Ал нарық дегеніңіз жерден көкке самғап, қалықтап тұр.  Сонда да бар жақсы-ау. Қаланың іші базар, дүкенге тұнып тұр. Ал қаланың айналасындағы кейбір елді мекендер бірді-екілі жеке дүкендерге кіріптар.

Бірер күндікте, нақтырақ айтсақ,  Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында  Заречный-3 (қазіргі Жібек жолы) тұрғындар алабында салтанатты түрде азық-түлік базары ашылды. Үлкен күре жолдың бойында орналасқан базарға ағылған халықта есеп болмады. Ашылу салтанатына орай ма, әлде расыменен де арзан ба, баға кәдімгідей қолжетімді екен. Орталық базардағы азық-түліктің барлық ассортименті бар. Сөре қатарларының арасы ашық, кең, емін-еркін жүріп-тұруға қолайлы. Сатып алушыларға арналған қоларбалар да қарастырылған.  Супермаркеттегідей аралап жүріп, керегіңді алып, тией бер тек. Айтпақшы, базар ішінде қайсыбір дүкендердегідей даңғаза шетел әуені емес, қазақша әндеріміз төгіліп тұрады екен. Бұған да кәдімгідей қуанатын күйге жетіппіз…

Заречный -1,2,3,4 тұрғындары үшін ортақ базардың алдағы уақытта да берекеті бірінші күнгідей баянды болса екен деп тіледік. Себебі, бұған дейін — 3-4 жыл бұрын  Заречный-1-де бір базар ашылып, «өмірі» қысқа болған-ды. Ойына келген бағаны қойып, сатушыларын қашыртып алмаса, әзірше жаңа базарымыз «базарлы» болып тұр.

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА.

  • Пікір

 БІЛІМ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ

«Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын — мұғалімдікі», — дейді Мағжан Жұмабаев. Мұғалім өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік қасиеттерге, жалпыадамзаттық құндылықтарға үйретіп, адамның өмір сүруге деген құштарлығын арттырады. Оқушыларды әлемдік мәдениетті бағалап, өз ұлтын, елін, жерін, отбасын сүюге үйретеді. Мен балаларға үйрете жүріп, өзім де көп нәрсені үйреніп келемін. Мақсатым —  ойы, сөзі, ісі бірлікте өмір сүретін, кемел мінезді адам қалыптастыруға үлес қосу.

Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – мектептерде, балабақшаларда ер мұғалімдердің жетіспеуі. Жақында ғана бала тәрбиесінде ер адамдардың рөлі туралы пікірталас болды. Онда: «Бүгінде ер балалардың қыздар секілді нәзік болып өсуі, түрлі әшекей бұйымдарға құмар болуының бір ғана себебі бар, ол  барлық тәрбие ошақтарында әйел адамдардың жұмыс істеуі», — деген сияқты пікірлер де айтылды. Иә, расында да, бала тәрбиесінде ер адамның атқаратын рөлі бөлек. Бірақ, бұл әйел адам бала тәрбиелей алмайды немесе нашар тәрбиелейді деген сөз емес.

Білім саласында әйел адамдардың көп екені рас. Себебі ер адамдардың бұл мамандыққа деген құлшынысы төмен. Екінің бірі оңайлықпен мұғалім болуға тәуекел ете бермейді. Егер ұл балалардың мінез-құлқының өзгеруі білім саласындағы әйел адамдардың кесірінен болса, отбасындағы отағасы не бітіріп отыр?! Әке айтқаны заң, әке рөлі басым болмаушы ма еді?! Бала негізгі тәрбиені отбасында алады. Мектепке келгенше баланың бойына сол отбасының, әкесінің, анасының тәрбиесі сіңеді. Ал мектепке бала, ең алдымен, білім алуға келеді. Сонда да баланың мінезі ұнамаса, оны мұғалімге жауып қойып отыра береміз бе? Мектептегі әйел мұғалімді айтасыз, оның бергі жағында қаншама жесір әйел балаларын өсіріп, нағыз ер азамат қылып тәрбиеледі. Сондықтан баланың мінез-құлқының өзгеруін әйел мұғалімнен көру тіпті ақылға сыймайды. Анау артық, мынау кем деп сынамай, балаларға бар білгенін үйретіп, тәлім-тәрбие беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық танытқанымыз жөн.

Назерке ӨМІРЗАҚ,

№10 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.  

  • Үлгі

АТАКӘСІПТІ ЖАЛҒАСТЫРҒАН ДӘУРЕН

Дәурен Өтесінұлы мал шаруашылығын өркендетуге ден қойып, ата кәсіпке адалдық танытып жүрген жастардың бірі. 2013 жылы Жаңақоныс ауылдық округінде өзімен аттас «Дәурен» шаруа қожалығын құрды. Қазір бұл шаруашылықтағы төрт түлік жазда Рай деп аталатын жайлауды жайлап, қыста Сайқұдық деген жерде қыстап шығады. Тиесілі жер көлемі —  11500 гектар.

2016 жылдан бастап бұл қожалық шөп шабуды да кәсіпке айналдырып, өздерінен артылғанын сатып, ауылдастарын мал азығымен қамтамасыз етіп келеді.

Дәуреннің ата-анасы Өтесін мен Анна ұзақ жылдар отар-отар қой бағып, мал шаруашылығы саласына аянбай еңбек еткен адамдар. «Әке көрген оқ жонар» демекші, шаңырақтың кенжесі Дәурен Ақтөбе көлік және жаңа технологиялар колледжінде оқып, өзі қалаған мамандық иесі атанса да, ата кәсіптен алыстамай, ауылға оралып, осы шаруаны жүргізуге бекініпті.

«Дәурен» шаруа қожалығы қазіргі таңда Жаңақоныс ауылдық округіндегі қайырымдылық шараларға белсене қатысатын шаруашылықтардың бірі ретінде танылып келеді. Шаруашылық басындағы осындай ілкімді істері үшін бірнеше мәрте аудан әкімінің Алғыс хатын, ауыл шаруашылығы саласы бойынша түрлі  марапаттарды да иеленді. Дәурен Өтесінұлының алға қойған арман, мақсаттары көп. Бастысы тынбай еңбек етіп, туған жер үшін игілікті істер тындыру.

 Мұрат ЗАКАРИН,

Аққайтым ауылдық клубының меңгерушісі.

Шалқар ауданы.

  • Мәселе

 АУЫЛЫМЫЗДА ИНТЕРНЕТ САПАСЫ НАШАР

 Мен Ырғыз ауданы Жаныс би ауылында тұрамын. Біздің ауылдың бір мұңы — ұялы байланыстың, интернеттің нашарлығы.

Қызылжар округіне кіретін Жаныс би ауылында 700-дей адам тұрады. Ауылдан 10 шақырым жерде Шеңбертал деген ауыл бар, онда да 700-дей адам тұрады. Екі ауылдағы 1400-ге жуық адам ұялы байланыстың жоқтығынан жан-жақпен хабарласа алмай отыр.

Осыдан екі жарым жылдай бұрын «мұнараны өздерің әкеліп орнатыңдар» деген соң, әр үй 4-5 мың теңгеден ақша жинап, миллион теңгедей ақшаға Жаныс би ауылына мұнараны орнатып қойдық. Бірақ 28 метрлік мұнарамыз жарамай қалды. Белгілі бір талаптарға сай келмейді екен.

2020 жылы желтоқсан айында «актив ұялы байланысынанбыз» деп келгендер екі ауылға 8 метрлік мұнарасын қондырып кетті. Қазір ол да істемей тұр.

Қағаз жүзінде интернет қосылғанмен, іс жүзінде ол жасамайды. Жан-жақпен сөйлесе алмаймыз.

Елімізде 2018 жылдан бастап «Талшықты-оптикалық байланыс желісі ауылға» жобасы басталғаны белгілі, оның аясында талшықты-оптикалық байланыс желілері кемінде 250 адам тұратын елді мекендерге орнатылуы тиіс болатын. Ал бізде екі ауылды қосқанда 1400-дей адам тұрады. Енді не себепті президенттің тапсырмасы орындалмай отыр?

Екі ауылдағы мектепте 360 бала оқиды. Балаларға интернет, байланыс керек.

Ауылда су бар, газ бар. Жағдайымыз жақсы. Ауылдан сыртқа көшіп кетушілер жоқ, тұрақты тұрып жатырмыз. Енді байланысты реттеп берсе, дұрыс болар еді.

Мырзабай ТҮГЕЛ,

Жаныс би ауылы,

Ырғыз ауданы.

 Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button