Жаңалықтар

Ардагерлер жарыста бас қосты

Ақтөбеде тоғызқұмалақ, шахмат және дойбыдан ардагерлер арасында облыстық турнир өтті.

ЖарысЖеңіс мерекесі құрметіне, сондай-ақ республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Оған Ақтөбе мен облыстың он екі ауданынан жүзге тарта ардагер қатысты. Ақтөбе қаласының Астана мен Алматы аудандары жеке-жеке команда болып қатысты.

Жарыс «Білім» мектеп-гимназиясында өтті. Оның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Баршаңызды Ораза айт, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған бүгінгі жарыс осы тамаша мерекелермен тұспа-тұс келіп отыр. Алдыңғы буын аға-апаларымыздың еңбектегі жетістігі, еліміздің еңсе тіктеуіне, дамуына қосқан үлесі біз үшін қашанда өшпес өнеге. Міне, бүгін де үлкен жарыста бас қосып, әрдайым сергек, ширақ, өмірге құштар қалыптарыңызбен жас ұрпаққа тағы бір жақсы үлгі көрсетіп отырсыздар, — деді Бұлбұл Ораққызы.

Ұйымдастырушылар тарапынан сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов ардагерлердің белсенділігін атап өтті.

— Осыдан екі ай бұрын аудандық деңгейдегі жарыстар өтті. Бүгінгі турнирге сол жарыстардың жеңімпаздары келді. Мені қатысушылардың белсенділігі қуантады, бәрі де жеңіске, осы іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге құлшынып отыр. Алдыңғы буын нақ осылай, өзінің белсенділігімен, қоғамдық істерге деген құлшынысымен жастарға үлгі болуы керек. Бұл жарыс, негізінен, жеңістің 77 жылдығына орайластырылып отыр. Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан 8 ғана жауынгер қалды. Біздің облыстан соғысқа 122 мың адам қатысып, олардың 36 мыңы майдан даласында қаза тапқан. Жалпы, біздің буын соғыстан аман оралған әке, ағаларымыздың бейбіт күндегі жанкешті еңбегін көзімізбен көріп, соған куә болып өстік. Олар бейбіт өмірде де еш қиындықтан қашпай, табандылықпен тер төге жүріп, барлық саланы қайта өркендетуге үлес қосты. Олардың ерлігін де, еңбегін де ұмытпай, өзіміз ғана емес, кейінгі ұрпаққа да жеткізу, ел есінде қалдыру — біздің парызымыз, — деді Серік Шаңғұтов.

Жарыс қорытындысында жалпыкомандалық есеп бойынша шахмат пен дойбыдан Хромтау ауданы, ал тоғызқұмалақтан Мәртөк ауданы бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ Алға, Темір, Қобда аудандары мен Ақтөбе қаласынан келген Т.Жүсібалиев (тоғызқұмалақ), Ж.Қыдырбаева (тоғызқұмалақ), С.Бисенов (шахмат), Н.Самбайұлы (дойбы), А.Самбаева (дойбы), В.Сивирин (шахмат), З.Тұралиева (шахмат), П.Рахметова (дойбы), т.б. көптеген ардагерлер жекелей біріншілікте жетістікке жетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button