Жаңалықтар

«Ерлікке құрмет» көрсетілді

Темір ауданындағы Н.Байғанин атындағы Мәдениет үйінде «Еңбек елеусіз қалмайды» атты салтанатты кеш өтті. Аталған жиында ауылдарды су басқанда ерлік көрсеткен бірқатар азамат марапатталды.

«Апат айтып келмейді» демекші, биылғы көктемде су тасқыны қатты болып, Шұбарқұдық кентінің шет аймақтарын су басқан болатын. Сарыкөл елді мекенінеде су басу қаупі төнген-ді. Аталған сын сағатта аудан әкімдігі жанынан құрылған штабқа көмектесіп, азаматтық танытқан ауылдастар аз емес.

— Жауапты мекемелерүздіксіз жұмыс істегенімен, су қарқынына төтеп беру оңай болмады. Осы орайда «Ауылды азаматынан таны» дегендей, табиғат  тосын мінез танытқанда темірлік жігіттер өздерінің бірлігін көрсетіп, қол ұшын созды. Атқарушы билік үлкен іске жұдырықтай жұмылып, жауапкершілікті бірге  көтеріскен белсенділердіңқапшыққа құм толтырып, судың жолын бөгеген және арнайы техникаларымен көмектескендердің еңбегін атаусыз қалдырмауды ұйғарды. Игі іске жергілікті мұнай компаниялары да атсалысқан еді, — дейді Темір аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсемгүл Жұмаева.

Аудан әкімі Саламат Аманбаев «Ерлікке құрмет» төсбелгісін, өзінің және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаевтың Алғыс хатын барлығы 30-дан астам белсенді тұрғынға тапсырды. Олардың арасында қарапайым еңбек адамдары — көлік жүргізушілері Ержан Өксіков, Нұрмұхан Батырхан,  Қадыржан Ерғалиев, Аманкелді Нәбиевтен бастап, еріктілер Гүлназира Алпан, Нұржігіт Базарбай, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі компаниялардың басшылары бар. Су тасқынымен күресте аянбай тер төккендерге төсбелгі жергілікті биліктің тапсырмасымен арнайы жасалыпты.

Салтанатты шара темірлік өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button