Оқырман


- Өлкетану
МӨР АРҚЫЛЫ МӘЛІМ БОЛҒАН ЖЕМ ВОКЗАЛЫНЫҢ ТАРИХЫ
Ембі қаласындағы ағайынды Жұбановтардың мемориалды музейіндегі «Нивеллировка гл. 1905г. шт» деп аталатын шойын мөр жәдігері 117 жыл бойы сақталып келеді.


Музей қорына тіркелген белгісіз шойын мөрді зерттеу барысында оның патша үкіметі кезіндегі құрылысшыларға қатысты екені анықталды.
1901 жылдың 21 сәуірінде Николай ІІ патшаның бұйрығымен бекітілген «Орынбор-Ташкент» теміржолын салу жобасы аясында теміржол салу жұмыстарыжүргізіліп, жол желісі Қазақстан өлкелеріне де жетеді. Бұл желіге еліміздің бес бірдей ірі стансасы — Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Қызылорда, Түркістан кіріп, Ресейдің Орталық Азиямен байланыс торабына айналады.Теміржолдар салынып, жүк пойыздары тасымалы басталған соң көп ұзамай ірі стансаларға вокзалдар салу ісі қарқынды жүргізіледі.Сол теміржол вокзалының бірі — қаламызда орналасқан Эмба (тарихи құжаттарда осылай аталады) вокзалы ғимараты.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистралды желі дирекциясы» филиалынан алынған деректер бойынша 1905 жылы сәулет өнері үлгісімен өте берік материалдар мен күйдірілген кірпіштен қалап салынған бір қабатты ғимараттың жалпы көлемі — 387 шаршы метр. Патша үкіметі кезінде құрылысшылар ғимараттың салынғанын және оның құрылысының геодезиялық сынақтан өткізілген уақытын анықтайтын осындай шойын «Нивеллировка гл. 1905г. шт»мөрін арнайы құйма заводтарында жасатып, маңызды нысандардың қабырғаларына бірге қалап отырған. Дәл осындай шойын мөр қаламыздағы маңызды нысан саналатын Эмба вокзалы ғимаратының құрылысы кезінде де қабырғаға бірге қаланған.Бұлосы нысанның құрылысы мемлекеттік стандартқа сәйкес екенін білдіретін анықтама болған.
Ғасырдан астам уақыт ғимарат қабырғасында тұрған шойын мөр 2012
жылы вокзалға жүргізілген күрделі жөндеу кезінде кедергі келтіргендіктен алынып тасталған. Бұл мөрдің 117 жыл сақталғанын ескерсек, қаламыздағы қазіргі Жем теміржол вокзалының ғасырдан астам тарихы бар нысан екенін айта аламыз. Жем вокзалы ғимараты қазірде заманауи жөндеулерден өтіп, жолаушыларға жоғары дәрежеде қызмет етіп келеді.
Құрылыстың осындай геодезиялық сынақ мөрі музейдің негізгі қорына 2017 жылдың тамыз айында №2837 мемлекеттік есептік нөмірімен, №139 АКТ нөмірімен тіркелді.Туған өлкеміз үшін тарихы терең жәдігерді музейге тапсырған қаламыздың тұрғыны Берік Мистимовке алғысымызды білдіреміз.
А.ЖӘНІБЕКОВА,
ағайынды Жұбановтардың мемориалдымузейінің қорсақтаушысы.
Мұғалжар ауданы.
- Мұрағат
СМАЙЫЛДЫҢ СҰРАУЫ КІМДЕ?
… Сонау жылдары патша әскеріне солдат алудан басталған сүргін… қызыл революцияға ұласып, қазақ қайда барарын білмей аңтарылып қалды. Одан ұлы аштық басталды. «Аша тұяқ қалмасыннан» басталған кәмпескелеу елдің байы мен бағыланын туған жерден айырды, айналасына, ағайын-туғанға көмек қолын созып, «жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпай отырған» елдің жақсыларын шетел асырды. Ұрпағын сақтап қалу үшін жател асқан талай қазақтың сүйегі өз қорымына қойылған жоқ.
Бірақ сол кезде де ауылын бағып, елінен кетпей,«атсаң ат, ассаң ас» деп, қозғалмай елінде қалып, туыстары мен ауылдастарының шашауын шығармай, барынша қолынан келгенше көмек көрсеткен Смайыл деген адам өткен. Алға ауданының Сарықобда, Ақай округтерінің бойында. Әңгіме артында ұрпағы қалмаған, алайда бар жақсылық-шуағын айналасына, ел-жұртқа төккен Смайыл ата туралы…

…Бір қызығы, бұл материалда анық факт жоқ, тіпті басты кейіпкеріміздің тегі де белгісіз. Бар білетініміз Смайыл — сол бір қиын жылдары ауылы мен айналасын аштықтан аман алып қалған адам. Бар да бақуатты адам болған соң ба екен, келген талай «қызыл жағалылардың» аузын жапқанға ұқсайды, жылқы берсін, түйе берсін, ол жағы беймәлім, бастысы еліне ешкім тиіспеген.
Енді біз жабыса кеткен бір факт — 1997 жылы Сарықобда ауылдық округінің бір көшесіне Смайыл есімі беріледі де, 2007 жылы белгісіз себептермен алынып тасталады. Жіптің ұшына жабыса кеттік — Смайыл жай бір адам болса оның аты көшеге неге берілді? Неге алынып тасталды?
1997 жыл 1887 жыл емес қой, неге құжаттар сақталмағанын ешкім білмейді, не мұрағатта, не ауылдық округте… бұл туралы қол сүртетін де қағаз жоқ.
Содан соң, Смайылды іздеуді өз тарапымыздан, Смайыл атаның туыстарының көмегімен індете бастадық.
…Смайыл ақсақал –Табын руынан. Жайлауы — Алғаның Сарықобда, Ақайы болса, қыстауы Орал өңірі болғанға ұқсайды. Жалпы Сарықобда, Ақай, Қарағандысайды мекен еткен табындар Смайыл атаны өздерінің соңғы болыстары санайды екен.
Ақтеңге әжеміздің балаларына қалдырған дерегі бойынша, Қарағандысайдағы тоқсан үйлі табын ауылы «Смайыл ауылы» атанған, Смайыл ақсақал ат көтере алмайтын ірі денелі адам болса керек, жазда пәуескемен, қыста атшанамен жүреді екен.
Бұл әжемізден бөлек Амандық Дүйсенбаев, Қожан Аманғосов деген ақсақалдар айтқан естеліктер қазіргі ұрпақтың есінде еміс-еміс қалған.
Біздің тағы бір елең еткен мәліметіміз — 1945 жылы соғыс біткен соң, Смайыл ақсақал қазіргі Хромтау ауданының Мағаджан кеңшарына соғыста қайтқан туыстарына көңіл айту үшін арнайы пәуескемен барады.
Ендеше Смайыл атамыз 1900 бірдеңесінші жылдың орта шені мен аяғында өмірге келген деуге толық қисын бар. Сонда біздің архивтерімізде түк құжат сақталмаған ба? Иә, жоқ! Смайыл атаның туыстарының іздеп бармаған жері, баспаған тауы жоқ! Ең қиыны Смайылдың пәмилесін ешкім білмейді, бәрі «Смайыл ата, Смайыл ақсақал» деп кеткен.
Менің бір жаман ойым айтады: сол кезде Алға ауданы Ключевой болды, орыстың қол астында отырған қазақты қойша санап, тізімге алғанына түк күмәнім жоқ! Сонда не облыстық мұрағатта, не аудандық мұрағатта түк дерек жоқ? Тіпті болмаса әскери құжаттарда, әскери мұрағатта бір дерек болуы мүмкін ғой?..
…Табылар Смайыл! Табылмауы да әбден мүмкін, себеп — біздің бейжайлығымыз, тарихымызға қалай болса, солай қарайтынымыз. Әйтпесе кеше ғана көшеге аты берілген адамның тарихын білмеу деген… жұмсартып айтқанда-ұят!Смайылды табу — алғалықтарға міндет…
Шара ЕЛЕУСІЗ,
Алға ауданы.
- Тағзым
ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ – ӘБДІҒАЛЫМ АХУН
Әбдіғалым ишан Рысмағанбетұлы 1865-1914 жылдары Шалқар өңірінде өмір сүрген. Әбдіғалым ишан Бұхара, Хорезмде білім алған. Қажылыққа барған. Сол кезеңдегі кедергілерге қарамастан, Бегімбет пен Бозой елді мекендері арасында орналасқан Қаратөбел жерінде мешіт, медресе салып, жас буынға дәріс берген. Қазіргі таңда атамыз салған медресе сақталмағанмен, медресенің тұрған орны, қорымы бар.
Әбдіғалым ишан 1865 жылы бұрынғы Ақмешітте (қазіргі Қызылорда облысы Арал ауданы Құланды елді мекенінде) дүниеге келген. Ертеректе Арал теңізінің жағасы мен Ырғыз, Борсық құмының арасы — Қабақ руы ұрпақтарының жазда жайлауы, қыстыгүні қыстауы болған мекен.
Әбдіғалым ишан өзі туған ауылында алғаш мұсылманша сауатын ашып, хат таниды. Кейіннен Бұхара шаһарындағы жоғарғы оқу орнында білімін жалғастырады.
Жергілікті халық ишанның дінге беріктігін, халқына сіңірген еңбегін, білімдарлығын бағалап, Шалқар өңірі Бозой аулынан 60 шақырым жерде орналасқан Құланды (бұрынғы атауы— Төбебұлақ) елді мекенінде орналасқан мешітті Әбдіғалым ахунның атымен атап келген. Мешіт 1995 жылы ауыл азаматы Алдоңғар Қалуетұлының басшылығымен халық қаражатына тұрғызылған. Осы мешіт заңды түрде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тізіміне енгізілген.
Араға жиырма алты жыл салып 2021 жылы Әбдіғалым ахунның мешіті сол ауылдың әкімі мен жастарының басшылығымен және олардың мұрындық болуымен жасалған іс-шаралар арқасында сол елді мекен тұрғындары мен бала кезінен мешіт туралы ата-анасынан естіп-біліп өскен азаматтардың қаражатына күрделі жөндеу жұмысы жасалды.
Атамыз Әбдіғалым ишан Рысмағанбетұлы көптеген шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде Әбдіғалым ақсақалдан өрбіген ұрпақ бір қауым елге айналды. Әбдіғалым ишан Рысмағанбетұлы Әбдіоқап Бұхара Хорезмнен діни білім алған. Әбдіоқап атамыз 1925-1928 жылғы байлар мен діни қайраткерлерді қудалау кезеңінде заманында запыран құсқан сұрапыл саясаттың құрбаны болып, 28 жасында дүниеден озған деген мәлімет қана бар. Әбдіғалым ишан Рысмағанбетұлы Әбдіжамил (1900-1969 жж.) Бұхара Хорезмнен білім алған және қажылыққа барған, осы күнгі Шалқар қаласында мешіт имамыболып қызмет атқарған.
Осы естелік өскелең ұрпақ Ақтөбе өңірінде медресе салып, тарихта белгілі бір із қалдырған тұлғалардың бірі Әбдіғалым ишан Рысмағанбетұлын тани жүрсін деген мақсатпен жазылды.
Махмут ӘБДІҒАЛЫМ.
- Жас маман
ҚАРҒАЛЫНЫҢ САЛТАНАТЫ
Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондай үлкен жүкті арқалап, ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып жүрген аудандық аурухананың учаскелік дәрігері Салтанат Сабырбекқызы. Ол оқу бітірген соң туған ауылына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келген жас маман.

- Мен Бадамша аулында туып-өстім, ауылдағы №2 мектепті бітіргеннен кейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдап, өзім туған ауылға келдім. Еңбек жолым осы жерде басталды. Ауылдас аға-апаларым бауырларына тартып, өз тәжірибелерімен бөлісті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көмегі көп болды — ынталандыру еңбекақысын, үш бөлмелі үй берілді, — дейді ол.
С.Сабырбекқызы бүгінде оның учаскесінде 2117 адам тіркеуде тұрғанын, оның 387-сі диспансерлік есепте екенін айтады.
— Үйде науқастанып жатқан 60 адам бар, 300 адам — зейнет жасындағылар. Үйде жатқандарға айына 2 -3 рет барып, жағдайларын біліп тұрамыз. Одан бөлек күніне 2-3 үйге шақыртулар да келіп жатады. Соңғы жылдары әлекке салған пандемия жұмысты қиындата түскені белгілі. Әсіресе, дәрігерлерге оңай тиген жоқ. Осы кеселге шалдыққандарды үйлерінен бақылауға тура келеді, себебі вирус жұқпалы.
Осыншама жұмысты атқаруға жәрдемші болып жүрген медбике Мадина Таджиеваның да еңбегі зор. Мүмкіндікті пайдаланып адал еңбегі үшін алғысымды жеткізгім келеді, — дейді ол.
Былтыр жас маман аудандық аурухана ұжымы басшысының Құрмет громатасымен марапатталды. «Мен үшін алдыма ауырып келген әр адамның дертіне шипа табу, өміріне арашашы болу — ең үлкен міндет», — дейді кейіпкеріміз.
Бақыт ИМАШЕВ,
Қарғалы ауданы.
Өнеге
ӘЛИЕВТЕР ӘУЛЕТІНІҢ НАУРЫЗЫ
Екі жылғы індет халықты біраз есеңгіретіп кетті. Көптен бері аралас-құралас бола алмай, биыл ғана жүріп-тұруға кеңшілік болған тұста, байтақ далаға Барыс жылымен бірге келген әз Наурыздың кең көлемде тойлануы ел-жұртты бір серпілтіп тастағандай. Жер-жерде тойланып жатқан мерекенің дүбірі әлі басылар емес. Әсіресе бір әке-шешеден тараған ағайындардың басқосуы бір ғанибет қой. Әлеуметтік желіде өзіме бала кезден таныс Әлиевтер отбасының үрім-бұтағы жиналып өткізген Наурыз мерекесін көріп, балаша қуанғаным-ай!
Шалқар ауданының Бегімбет ауылының іргетасы қаланғаннан газ құбыры бойындағы 11 газ айдау стансасында ұзақ жылдар еңбек еткен Қыпшақбай Әлиев ағамызды көзіміз көрді. Оның зайыбы Қалима апай ауруханада кіші қызметкер болған-ды. Болмысы бөлек, құшағы кең, төрі қонақтан, дастарқаны молшылықтан арылмаған, қазаны оттан түспеген жаны жайсаң жандар еді бір. Қалима апайдың қолының берекеттілігінен болар, екі сөзінің бірі «ағыл-тегіл» деген тіркеспен «тұздықталатын». Ауыл-аймақтың той-томалағының басы-қасында жүріп, ұйымдастыру, әзіл сөздерімен думанның ажарын келтіруде апайдың орны ерекше еді. Сөзді де келістіріп кесектеп айтатын, жұрт кейін «Қалима турау» деп кеткен ет турасы да ірі-ірі бөлек болатын. Балалы-шағалы үйдің шақырылып та, шақырылмай да келе беретін қонағы көп болушы еді, бірде ойнап кеткен кіші баласына ет қалмаса керек, сондағы айтқаны дейді: «Өй, жарығым, сорпасының өзі балшықтай, нанмен соғап ал!». Сөйткен әке-шеше алпыстың ауылына да жақындай алмай, өмірден ерте озды…

Бұл отбасының бір ерекшелігі, балаларына ауылымыздың айналасындағы жер-су атауларын берген: Бегімбет, Қарабатыр, Алаш, Қойтан, Берден…
Туған жердің атауы ғана емес, қасиетінен де нәр алған бес ұл ержетіп, екі қыз бойжетіп, өсті-өнді, әрқайсысы әр отау — жапырақтары жайылды. Былтыр наурыз айында Бегімбет ауылындағы Қарабатыр мен Майраның шаңырағында бас қосқан олар бұдан былай осы үрдісті жалғастыруды ұйғарып, биыл Бозой елді мекеніндегі Бегімбет пен Гүлнәрдың шаңырағына жиналыпты. Көктемнің шуақты күні ұлттық нақышпен безендірілген кең аулада кездескен бауырлардың толғанысын айтып жеткізуге сөздің сөзі керек. Мерекеге лайықты концерттік бағдарлама барысында Бегімбеттің немерелері Айғаным мен Балым жүргізуші болып кестелі сөз төкті, ән де шырқады. Жиендер Тұрлан мен Нұргүл бауырларға арналған әсем әнді айтып, сағынысып қауышқан бауырлар вальс ырғағымен қалықтады. Арқан тартыс, қол күрес секілді спорт ойындары мерекенің көрігін қыздыра түскендей. Арнайы дайындалған сыйлықтар таратылып, отбасылық мақтау грамоталары үлестірілді. Бегімбеттің үш отау болған үш баласы мен келіндері бірігіп Бозой ауылындағы «Атамекен» мейрамханасында ағайындарына қонақасы берді. Осы жағымды жаңалықпен бөлісе отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін, ауызбіршілігі мол, туыстығы берік осындай әулеттердің үлгі-өнегесі өзгелерге жұғысты болса екен, өздері тіл-көзден аман болса екен деген ізгі ниетті ұстандық. Себебі отбасы бірлігі түптің түбінде мемлекетіміздің тұтастығына ұштасатыны сөзсіз. «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деген сөз бекер айтылмаса керек…
Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шалқар ауданы.
- Ұсыныс
ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕУІ КЕРЕК!
Ұлы Отан соғысының ардагері, бұрынғы Қарабұтақ ауданы (Әйтеке би) Ақкөл ауылы Қауақ колхозынан шақырылып, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 44 күнде 373 неміс-фашистің көзін жойған мерген Куанай Абдрахмановтың ерлігі ұмытылмайды.
КуанайАбдрахмановқа кезінде ерлігі үшін «Данқ» және «Отан соғысы» ордендері тапсырылған.
Батырдың ерлігі туралы белгілі әлиятанушы Ғалымжан Байдербес «Ақтөбе» газетінің 2011жылдың 5 мамырындағы санында жан-жақты жазды. Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Осы батырдың ерлігі ескерілмей қала ма деп жүргенде көптен күткен үміт қайта жандана бастады. Батырдың ерлігін дәріптеу мақсатында Әйтеке би ауданының құрметті азаматы Зоя Бөлекова бастаған ынталы топ өз жұмыстарын бастап кетті. Әйтеке би ауданы тұрғындары арасында батыр туралы түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Батырдың есімін ел жадында мәңгі сақтау мақсатында Ақтөбе қаласында, Қарабұтақ, Ақкөл, Т. Жүргенов ауылдарының біреуінде батырдың атына көше беріліп, мемориалдық тақта орнатылса деген ұсынысымыз бар.
К.ДҮЙСЕНБИН,
Ақтөбе қаласының тұрғыны.
- Үлгі
КӘСІПКЕР БАТЫР АНА
Мұғалжарлық батыр ана Ләззат Бұлтанова«Бастау-Бизнес» курсында білім алып, қайтарымсыз грант негізінде кәсіпкер болып отыр.

— Біз жолдасымыз екеуміз көпбалалы болуды армандайтынбыз. Өзім де, жолдасым да көпбалалыотбасынаншықтық. Әр бала өміргеөзнесібесіменкеледідегенгеүлкенсенімменқараймын. Мен үнемі 10 балам боладыдепайтатынмын. Алланыңөзіаузымасалғанболар, бүгінде,шүкір, 11 баламыз бар. Әрбіреуі — біртөбе. Жолдасым Бақберген маған әрдайым көмектесіпотырады,— дейді «Алтын алқа» иегері.
Көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан да қажетті көмектердің барлығын алып отырады. Балаларын барынша мейірімге бөлеп, шаттыққа шомылдырып өсіруді өмірлік басты мақсаты деп білетін ата-ана балапандарының болашағын жарқын ету үшін барын салып еңбек етіп келеді.
— Үйде қарап отыруды жөн көрмей, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Бастау-Бизнес» курсын оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрендім. Мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, мал өсіруді қолға алдым. Бүгінгі күніме шүкіршілік етемін. Жас аналарға көпбалалы ана атану — үлкен бақыт, — дейді ол.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ, Мұғалжар ауданы.
Дайындаған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.
Құрметті оқырман! Хаттарыңызды «Ақтөбе» газетінің редакциясына (Ақтөбе қаласы, Тілеу батыр көшесі, 10) немесе aktobegazeti@mail.ru және sataeva81@mail.ru электронды пошталарына «Оқырман» белгісімен жіберулеріңізді сұраймыз.





