Қолөнермен айналысамын
«АҚТӨБЕНІҢ» ШЕБЕР ОҚЫРМАНЫ»
Мен Ақтөбе қаласындағы №69 орта мектептің 8 сынып оқушысымын. Сүйікті ісім — сурет салу, қолөнер түрлерімен айналысып, түрлі әшекей бұйымдар жасау.
Бала кезімнен сурет салғанды ерекше жақсы көремін. Жаңа идеялар ойластырып, жан-жақты ізденіп жүремін. Болашақта өз мамандығымды да осы саламен байланыстырғым келеді.
Былтыр жазғы демалыста тоқыма тоқуды бастадым. Бас киімдер мен су құятын бөтелкеге арналған сөмкелер тоқыдым. Тағы да көптеген тұрмысқа қажетті бұйымдарды тоқуды үйреніп жүрмін. Сондай-ақ қазіргі трендтегі әшекей бұйымдарға да ерекше қызығамын. Әдемі әшекейлерді неге өз қолыммен жасап көрмеске деген ой келді. Қазір бисерден түрлі бұйымдар жасау да сүйікті ісіме айналды. Наурыз мейрамында өзіме алқа мен сақина, шашбау жасап алдым.
Менің ойымша, адам баласы үнемі жаңа нәрсе үйренуден жалықпауы керек. Сондықтан құрбыларымды бос уақытын тиімді пайдаланып, сүйікті ісімен айналысуға шақырамын.
«Ақтөбе» газетін отбасымызбен үзбей оқимыз. Әсіресе, танымдық мақалаларды, білімді жастардың жетістіктері туралы ақпараттарды оқығанды ұнатамын.
Рамиля ШАМИЛОВА,
Ақтөбе қаласы.