Президент жолдауын талқылады
Кеше облыстық кәсіподақтар активінің отырысы өтіп, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы талқыланды.
Облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Алтынбек Әмірғалиев Жолдаудың ерекше болғанын және онда халықтың көкейінде жүрген түрлі сауалдарына жауап берілгенін айтты.
— Біз қарапайым жұмысшылардың еңбек құқығы мен мүддесін қорғау жолында әлеуметтік әріптестермен ашық диалог орнатуға, еңбеккерлердің көкейіндегі мәселелерді оң шешуге ықпал етуге күш саламыз. Осы орайда ел Президентінің де бұған ерекше мән беріп отырғаны қуантады. Өйткені мемлекеттің басты байлығы — адам. Сондықтан оның мүддесі бірінші орында тұруы керек, — деді ол.
Жиынға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұрғиса Көшеров Жолдауда айтылған негізгі міндеттер мен жаңа реформалар туралы кеңінен түсіндіріп берді.
— Мемлекет басшысы Парламенттің рөлін арттыруды ұсынды. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бастаманы 2014 жылы да айтқан екен. Бұл суперпрезиденттік басқару формасы өзгеріп, парламенті қуатты мемлекетті қалыптастырудың бастамасы болары сөзсіз. Сондай-ақ Президенттің өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіріп, сайлау үдерісін жаңғырту туралы айтқан бастамалары халықтың сайлауға деген сенімін арттырады.
Жолдауда бұдан басқа да көптеген мәселе айтылды. Барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Ол үшін біз қоғам болып қолдау білдіруіміз керек, — деді.
Бұдан соң әртүрлі салалық және жергіліктікәсіподақтардың Ақтөбе облыстық филиалдарының төрағалары өз салалары бойынша ойларын ортаға салып, Жолдауда айтылған жаңа міндеттерді қолдайтындарын жеткізді.
Кәсіподақ орталығының мәліметі бойынша, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында салалық қәсіподақ ұйымдарының 10-нан астам филиалы және 15 жергілікті кәсіподақта біріктірілген 1177 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. 132 мың кәсіподақ мүшесінің әлеуметтік-экономикалық мүдделері мен еңбек құқықтары кәсіподақтардың қорғауына алынған.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.