Шахмат — ақыл-ойдың ойыны
Мен Байғанин ауданының Кемерши ауылында тұрамын. Бұрынғы Жем орта мектебі, қазіргі Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов атындағы орта мектепте физика пәнінен сабақ беріп келемін.
Шахмат ойнау — менің мектеп жасынан бастап әуестенген сүйікті ісім.
Жалпы шахмат ойыны жылдам ойлануға, тез шешім қабылдап, батыл қадам жасауға үйретеді. Сондай-ақ баланың зейінін дамытады, жылдам, дәл есептей білуге тәрбиелейді, математика, физика секілді пәндерге деген қызығушылығының артуына көп септігін тигізеді.
Әйгілі шахматшы Гарри Каспаров: «Мінездің әлсіздігі әдетте шахмат ойыны кезінде көрінеді», — деген екен. Бір орнында отыра алмайтын кішкентай бұзықтарды шахмат ойнауға үйрету қиын болуы мүмкін. Егер осы шахмат ойынына қызықтыра алсақ, бала сабыр мен шыдамдылыққа үйренеді. Алдына қойған мақсаттарына жетуге икемделе түседі.
Мен де қолым бос уақытта әріптестеріммен, немерелеріммен шахмат ойнаймын. Кезінде шахмат ойнаудан аудан, қала, облыс көлеміндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қазір немерем Айдынның да осы ойынға қызығушылығы бар. «Мен өскенде атам сияқты шахматшы боламын», — деп еркелеп жүреді.
«Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тұрақты оқырманымын. Жалпы 1984 жылдан бері жазылып, үзбей оқып келе жатырмын. Әрдайым өңірдің басты жаңалықтарынан хабардар болып отырамыз.
Рахат ИБРАШЕВ,
Кемерши селосы,
Байғанин ауданы.