Жаңалықтар

Жолды тегістеуге 10 күн уақыт берілді

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов көлік жүргізушілерінен Ақтөбе-Қандыағаш жолының 11-89 шақырымындағы уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жыл соңына дейін жүргізушілердің емін-еркін жүріп тұруына жағдай жасалатындығын айтып, уәде берді.

41-разъезд маңындағы Оңтүстік айналма жолдың жайы ақтөбелік жүргізушілерге жақсы таныс. Күн жылып, қар ери бастағалы аталған жолмен жүру тіпті мүмкін емес болып кетті. Жұма күні бұл жағдайды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі барып көріп, тиісті мекеме басшылары мен мердігерлерге уақытша тас төсеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Мерзім — 10 күн.

— Үлкен жұмыстарды жер кеппей бастай алмайтындарыңызды түсінемін. Бірақ мына уақытша жөндеу жұмыстарын тездету керек. Жолды тезірек тегістеп беріңдер. Бүгін — 4 наурыз. Сіздерге 10 күн уақыт беріледі. 14 наурызға дейін толық аяқтаңдар, — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ауыр жүк таситын автокөліктердің Ясный ауылы маңындағы уақытша айналма жолдағы қозғалысын ішінара шектеу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Ақтөбе-Орск және Ақтөбе-Қобда автокөлік жолдары жағынан келетін ауыр жүк таситын көліктер Солтүстік айналма тасжолы арқылы өнеркәсіптік аймаққа қарай жіберіледі.

— 41-разъезд маңындағы Оңтүстік айналма жолды жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталған болатын. Өткен жылы аяқталуы керек еді. Бірақ мердігер мекемелердің түрлі себептеріне байланысты уақтылы тапсырылмады. Жұмыс созылып кетті. Қазір уақытша қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Асфальттау жұмыстары жер кепкесін, сәуір айында басталады. Бас мердігер — «КТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, — деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Оңтүстік айналма жолдың жалғасы республикалық маңызы бар Ақтөбе-Қандыағаш жолы екені белгілі. Бірнеше жылдан бері шешімі табылмай жүрген Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Жолдың бұл бағытындағы қиындықтар үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов ақтөбелік жүргізушілерден кешірім сұрады.

— Жоба ауқымды, үш жылға жоспарланған. Сондықтан бұл жұмыстарды бір маусымда аяқтау мүмкін емес. Құрылыс жұмыстарының Ақтөбе қаласынан Алғаның Тамды ауылына дейінгі аумағын, яғни 11-52 шақырымын  «SineMidasStroy» БК»  мен «Todini Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  жүргізсе,  Тамдыдан Қандыағашқа дейінгі 52-100 шақырымын «Ақжол Құрылыс» БК», «AссанаДорСтрой» компаниялары салып жатыр. Халық тарапынан наразылық бар. Түсінеміз. Келтірілген қолайсыздықтар үшін көлік жүргізушілерінен кешірім сұраймыз, — деді Марат Махамбетов.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button