Жаңалықтар

Әйелдің бақыты неде?

Данагүл ҚАЗИХАН.

Ой-тамызық

Балалар әдебиетінің классик жазушысы Бердібек Соқпақбаев: «Әйел затын, жалпы, нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын», — деген екен. Шынында да біз, әйелдер, мықтымыз ғой. Мұны еркектер қауымы әлдеқашан мойындап қойған.

Қазіргі қоғам бұрынғыдан өзгеше. Шешелеріміз айтқандай, бүгінде ошақ қасында, бала-шағаның күтімімен отыратын әйелдер аз. Керісінше, қазір әйелдер үйдің де, түздің де жұмысын істеп, бәріне үлгереді. Одан бөлек ағайын-туысқа қызмет етеді, сәл қолы босаса, жеке басына күтім жасайды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қыз-келіншектерді «робот» дерсіз! Алайда олар қоғамда, отбасында өздерін бақытты сезіне ме? Жалпы, әйелдің бақыты неде?

Қай кезде де өткенге, ата-бабалардың өнегесіне қарап бет түзейтін қазақ әйелінің бақыты отбасы екені анық. Отбасы шағын мемлекет болса, сол мемлекеттің шаруасын үйіріп әкететін — әйел. Дегенмен бүгінгідей әлеуметтік проблемалар көбейіп, елді қымбатшылық қысып, әлемді үрей мен қатыгездік билеп, адамдарда адамгершілік қасиеттер азайып бара жатқан тұста әйелге көп салмақ түсіріп жатқанымызды мойындағымыз келмейді. Олай дейтініміз, қазір қоғамда жалқау ерлерін асырайтын әйелдер, жалғызбасты аналар, тұрмыс құрмаған қыздар және жетім балалар көбеюде. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әке-шешесін бір көруге зар болып жүрген сәбилердің саны артуда. Айта берсең, жаның түршігеді…

Бір мысал келтірейін: жуырда редакциямызға бір әйел хабарласты. Көмек сұрайды.  Жолдасының тұрақты жұмысы жоқ, балалары кішкентай. Өзі бұған дейін бірнеше жерде жұмыс істеген. Тапқан ақшасы шайлығынан ауыспайды. Қысқасы, әлгі әйелге жан-жақты көмек керек. Біз мемлекеттік мекемелерге хабарласып, көмекке мұқтаж әйелге қолдау көрсетуді сұрадық. Олар заң аясында көмек берілетінін айтты. Біз де мұны өзіне жеткіздік. Бірақ әлгі әйелдің ештеңеге көңілі толмайды. Сонда оның отбасын кім асырауы керек? Үйіндегі отағасы артық жұмыс жасап, бала-шағасын баққысы келмейді. Тұрақты жұмыс жоқ деген сылтаумен әйелінің тауып, апарғанын жеп жата бермек. Әлгі әйел шырылдап, ел кезсе де, оған ол еркектің жаны ашып жатқан жоқ. Міне, әйелге деген жанашырлықтың, қамқорлықтың жоқтығын осы жерден көруге болады. Егер отбасында ері тамағын тауып, күндіз-түні еңбек етсе, әйел ешқашан елге қол жаймайды. Жатыпішер еркектер неге түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. «Әйелдің бақыты — отбасы» дедік, меніңше, бала-шағасын баға алмай, жұртқа жағдай айтып жүрген әйел ешқашан да өзін бақытты сезінбейді.

Сол сияқты отбасын құрғанымен, бала сүйе алмай жүрген әйелдер де өздерін бақытты сезіне алар ма екен? Соңғы жылдары елімізде сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың саны артқан. Шамамен Қазақстанда әр бесінші отбасында дәл осындай проблема бар. Статистикаға сүйенсек, елімізде «бедеулік» диагнозымен 14 мыңнан астам әйел тіркелген. Олар медицинаның көмегіне мұқтаж.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Үкіметке «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда экстракорпоралды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артты. Бұл мыңдаған отбасының бала сүюіне мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні бұл бағдарлама аясында 50-ге жуық әйел балалы болған, бұл — өте төмен көрсеткіш. Көрсеткіш демекші, соңғы жылдары біз көрсеткішпен ғана өмір сүретін елге айналдық. Қай жерге барсақ та, көрсеткішті көрсетуге дайын тұрамыз. Бірақ сапаға, адамдардың тағдырына алаңдамайтын болдық.

Жоғарыда мықты әйелдердің көбейгенін айттық. Бірақ бұған аса қуанудың қажеті жоқ. Себебі жаны нәзік қыз-келіншектер көптеген қиындық пен өмірлік тәжірибе арқылы ғана мықты әйелге айналады. Бір өкініштісі, қазір қоғамда зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің, сатқындықтың және шарасыздықтың құрбаны болған әйелдер көбейіп барады. Алайда мұның алдын алу үшін елімізде ешқандай шара қабылданып жатқан жоқ. Керісінше, күйбең тірлікпен жүріп, өзін бақытты сезінетін нәзік жандылар азаюда…

Бұл пікірімізбен ер-азаматтың барлығына топырақ шашу ойымызда жоқ. Мейірімді ата, жақсы әке, адал жар, қамқор аға, елгезек іні, айнымас дос жоғалып кеткен жоқ, айналамызда толып жүр. Бір қарын майды шірітетін құмалақ сынды ез еркектердің көбейіп бара жатқаны ғана көңілге қаяу түсіреді. Ұлттық проблемаға айналып кетпей тұрғанда алдын алу керек шығар?..

Алдымызда қыз-келіншектердің, аналарымыз бен әжелеріміздің мерекесі келе жатыр. Осынау көктемнің шуақты мерекесінде еліміздегі барша қыз-келіншектерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақыт тілейміз. Сіздер қашан да құрметке, лайықты жансыздар! Бақытты болып жүріңіздер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button