Жан қалауым — тоқыма тоқу
«Ақтөбенің» шебер оқырманы»
Мен Шалқар ауданында тұрамын. №8 орта мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беремін. Бос уақытымда сүйікті ісіме айналған тоқыма тоқумен айналысамын.
Тоқыма тоқу өнеріне бала күнімнен қызығушылық болды. Әжеміздің ұршықпен жүн иіргенін, анамыздың, апамыздың киім тігіп, тоқыма тоқығанын көріп өстік. Сондай-ақ мектеп қабырғасында шебер мұғалімдерімізден де үйренгеніміз бар. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бұл істі арнайы кәсіп қылмасам да, тоқыма тоқуға бүйрегім бұрып тұрады. Қолыма ілмек тигеннен-ақ артық ойлардан арылып, миым тыныға бастайды.
Алғашында тоқыған бұйымдарыма көңілім толмайтын. Бірнеше рет тарқатып тастап, қайтадан тоқыған кездерім болды. Тоқуға деген құштарлық болған соң бір бастасам, соңына жеткізгенше асық боламын. Бұл жұмыс икемділік пен ептілікті, шыдамдылықты қажет етеді. Қазір қолым қалт етсе, тоқыма бұйымдарымды шығарып, іске кірісіп кетемін.
Ең алғаш әкеме мойын орағыш тоқып бердім. Ол бірден ұнатып, тастамай тағып жүргенін көргенде, шабыттана түстім. Тоқылған бұйымдарды жақындарыңызға сыйлық ретінде берсеңіз, ерекше қуанып қалатыны сөзсіз.
Көп нәрсе ниет пен мақсатқа байланысты. Дұрыс жоспарлай алсақ, сүйікті ісімізге уақыт табуға болады.
Менің ойымша, адам баласы үнемі өзін-өзі дамытып, жаңа нәрсе үйренуден жалықпауы керек. Сондықтан бос уақытыңызды тиімді пайдаланып, сүйікті ісіңізбен айналысқаныңыз дұрыс.
«Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Әрдайым өңірдің басты жаңалықтарынан хабардар болып отырамын. Әсіресе танымдық материалдарды оқығанды ұнатамын.
Гүлзия АЛПЫСБАЕВА.