Жаңалықтар

Қар жауып тұр…

Ой-тамызық

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

«Ақтөбе»

Жерлес ақынымыз Бәкір Тәжібаевтің сөзіне жазылған Еркін Слетдиновтың «Қар жауып тұр» деген әні бар. Белгілі әнші Майра Нұркенова құлпыртып орындайды. Осы туындыны тыңдасам, қыс мезгілінің сәні — қардың жапалақтап жауып тұрған әдемі көрінісі көзіме еріксіз елестейді. Ресейдің атақты композиторы Сергей Березиннің «Снег кружится» атты әні де адамға осындай айрықша сезім сыйлайды. Әсерлі.

Айтайын дегенім, соңғы жылдары осы әндерді, әсіресе ақтөбеліктерге тыңдау қиынға соғып тұр. Өйткені музыка мен біздегі жағдай сәйкес келмейді… Қардың молынан жауғаны жақсы, бірақ ол адамдарға қуаныш емес, қиындық көрсетіп тұр.Алысқа бармай-ақ, қаланың ескі бөлігін мысалға келтірсек, қардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Автокөлік жолдарын айтпағанда, жаяу жүргіншілер жолы да қардан уақтылы тазартылмайды. Қар астындағы мұзға тайып жығыла ма деп қарттарды аяйсың. Адамдар аяқ ізімен салған жіңішке ғана жолмен адымы ашылмай келе жатқаны… Қар мүлде аршылмайды деуден аулақпыз, бірақ бұл жұмыстардың жиілігі, ең бастысы — сапалы орындалуы кемшін. Мысалы, көпқабатты үйдің ауласынанмашинамен қара жолға шыққанда, біраз кідіруге тура келеді. Өйткені коммуналдық мекемелер жол жиегіне қарды үйіп кете барады, көлік жолдарын тазаласақ болды деп есептейді. Айналып келгенде бұл көлік жүргізушілеріне ыңғайсыздық тудырады. Сол сияқты редакциямызға Сауран, Тілепбергенов, Рысқұлов, Қазанғап көшелерінің, қалалық сүт зауыты аумағының тұрғындарынан хабарласатындар көп. Барлығын бір-ақ мәселе толғандырады — жолдардың қардан тазартылмайтыны. Журналист болғандықтан, қазіргі таңда Жібек жолы, Заречный-4 сияқты қалаға іргелес елді мекендердедебұның басты проблемаға айналғанын біліп отырмыз.

Ақтөбе қаласы әкімдігінен білгеніміздей, бұл — толассыз жауған қардың, яғни табиғат құбылысының әсері. Күн сайын қала көшелері мен тұрғын алаптарының жолдарын тазалауға 300-ден астам жұмысшымен 190 арнайы техника жұмылдырылса да, үлгермей жатыр… Ресми мәліметке сүйенсек, қыс мезгілі басталғаннан 13 ақпанға дейін қаладан73 840 текше метр қар шығарылыпты. Соның өзінде әлі омбылап жүрміз.

Расында, күн райы нашарлап тұр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің инженері Әли Омаровтың айтуынша, өткен демалыс күндері өңір бойынша қар құрсауынан 27 адам құтқарылыпты. Оның 2-еуі — бала. Жалпы, сенбі-жексенбі күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе аумағындағы республикалық маңызға ие 3, облыстық маңыздағы 2 автожол қозғалысы тоқтатылған.

Ауа-райының құбылуына ешнәрсе істей алмайсың. Жауғысы келсе жауады, борағысы келсе борайды… Бірақ қаланы қардан тазарту үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінді ғой. Соны үлгеретіндей қылып ұйымдастыруға болмай ма?

…Хакім Абайдың алдағы күнге зор үмітпен қарауға шақыратын: «Қары қалың қыстың артынан жарқырап жаз келмеуші ме еді?!» деген сөзі бар.

Әлде сабырмен жазды күтеміз бе?..

Басқа жаңалықтар

Back to top button