Жер кезегі жеткенше…

Ой-тамызық
Жер сату бизнесі қызып тұр. Әрбір адамға тиесілі тегін 10 сотық жерімізді бір-бірімізгебұйырған бағаға сатып жатырмыз. Себебі үй салу қымбатқа түседі. Оған әркімнің жағдайы келе бермейді.
148 971 адам жер кезегінде тұр екен. Жер алу үшіншамамен 10-15 жыл күту керек.Таныс арқылы жердің кезегін жылжытам деп әуре болмаңыз. Бәрі электронды түрде бекітілген. Базаға енгізілген.
Қазір 2007-2008 жылы кезекке тұрғандарғаберіліп жатыр. Сол кезде дүрмекке ілесіп, жер кезегіне тұрғандардың бәрінің бірдей үй салмайтыны анық. Сондықтан сатады. Заң жүзінде жерді сатуға болмайды. Қарға тамырлы, сенгіш қазақ оның да амалын тауып қойған. Үй салатын сенімді адамына сатады да, құрылыс біткесін техникалық құжатын жасатып, соның атына аударып береді. Біреуге тиімді, біреуге тиімсіз.
Енді кезек неге жылжып болмайды дейсіз ғой? Тұра тұрыңыз, асықпаңыз. Әуелі тұрғын үй немесе қосалқы шаруашылық жүргізілетін жер телімдеріне инфрақұрылым апарып алсын. Бірақ оған көнетін біз бе?Айдаладағы жердің төрт бұрышына төрт қазық қақтырып, үйдің іргетасын құйғанша асығамыз. Коммуналдық инфрақұрылымы жүргізілген жерден алсаңыз 3 жыл ішінде қабырғасын көтеріп, шатырлап алу керек. Егер үлгермесеңіз тағы бір жылға созу қарастырылған. Ал 3 жыл бойы ешқандай құрылыс жұмыстары жүрмеген болса бөлінген жер телімі кері қайтарып алынады. Соншама күткен жерді қолдан берсін бе, танысына, ағайын-туыстарына сатады. Қазір 10 сотық жерді қолдан алу кемі 2 миллион теңгеден басталады. Сөйтіп, жер мәселесі шешілді делік. Жер алынғаннан кейінгі шаруа ол — құрылыс материалдарының қымбатташылығы. Бір досым жақында 1 миллионнан астам теңгеге салынатын үйінің тек ағашын алып қойды. Онда да қыста арзан дегесін. Арзаны миллион теңгеден асып кетсе, жазда қанша болар екен? Айтпақшы, ағаш сататындар қыста өткізуге көп құмар емес екен. Абайсызда ауыздарынан шығып кетті: «Жазда қымбаттағасын сатамыз, қазір жинай береміз…».
Қанша танысым үй салып бастап қойып, бітіре алмай жүр. Қысқа жіп күрмеуге келмейді. Мұның шешімі де бар. Мемлекет үй салу үшін жерді тегін берді ғой. Онысына рақмет. Енді неге заң жүзінде сатуға рұқсат бермейді? Жеріне үй сала алмаса, оны сатып қаржысын басқа мақсатына пайдалансын. Қалай болғанда да шетелге сатылып жатқан жоқ, өз ішімізде ғой. Сол кезде жер бағасы да арзандар… Жер бәрібір сатылып жатыр. Ал бағасы сатушының аузынан қалай шығады, солай қойылады.
Жә, бұл «ескі» жүйенің жемісі дейік. «Жаңа Қазақстан» қандай жеңілдік әкелер екен? Әйтпесе өміріміздің он жылы 10 сотық жерді күтумен одан қалды оған құрылыс жүргізумен өте бере ме?Сіз қалай ойлайсыз, оқырман!
Самат НАРЕГЕЕВ.



