Жаңалықтар

Қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, қазақ әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында фәни дүниеден бақилыққа көшті.

Ол 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде дүниеге келген.

1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Ұзақ жылдар халықаралық Қазақ-ПЕН клубының президенті болды.

Жазушының тұңғыш шығармасы — Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді.

Қаламгерді ерекше танымал еткен «Қан мен тер» трилогиясы — «Ымырт», «Сергелдең» және «Күйреу» романдары, одан кейін жазылған «Сең», «Соңғы парыз» туындылары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылды.

Жазушы 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Оған халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтар берілді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Ол — Қазақ КСР халық жазушысы.

Жазушының балалық шағы Арал өңірінде өткенімен, оның жастық кезеңі, алғашқы қаламгерлік ұмтылыстары Шалқар жерімен тығыз байланысты. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Сәбит Мұқанов Шалқар аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысына хат жазып, «Мына жігіт дарынды, болайын деп тұр, роман жазады, шығармасын аяқтағанша жәрдем беріңіздер», — деп, өтініш білдірген екен. Қаламгер кейін де өзінің қаламына қуат берген осы аймақпен байланысын үзген жоқ.

2008 жылы Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл — Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды. Мүсіндік композицияда романның негізгі жеті кейіпкері бейнеленген.

Жазушы туындылары Кеңес одағы тұсында неміс, француз, испан сияқты отыздан астам шет тіліне аударылды.

Соңғы тұстары «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» романы Нью-Йорктің «Либерти» баспасынан мол таралыммен жарық көріп, ағылшын тілінде әлемдегі 52 елдің оқырманына жол тартты. Бұл игілікті істі жүзеге асыруға кәсіпкер-меценат, халықаралық «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының басшысы ақтөбелік Исламбек Салжанов қолдау көрсетті.

Кешегі бір күндері жазушының жанына белгілі аудармашы Анатолий Кимді алып, Ақтөбе жасанды теңізі жанындағы оңаша қонақүйде жатып, «Соңғы парыз» кітабының аудармасын жасатқанын да қаламгердің осы өңірге жақындығын, ерекше ынтызарлығын білдіртсе керек. Облыстық газетке бас сұғып, қаламдас бауырларына ілтипатын білдірген сәттер де енді тарихқа айналды.

«Өзім не жазсам да, үлкен шығарма жазайын, орташа шығарма жазайын, кіші шығарма жазайын, соның бәрін халыққа арнап жаздым ғой. Соның бәрін жазып, басқызып, содан кейін мына көңіл күпті, апыр-ай, қалай қабылдар екен деп күтетін, бір қиналып күтетін күндерім болатын. Әйтеуір, жазған кітабым дүкенде сөреде жатқан жоқ», — деген жазушының мәңгілік ғұмыры енді өлмес туындыларымен жалғасады.

«Ақтөбе» газеті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button