Ақтөбеде ірі спорт кешені ашылды

Ақтөбеде тағы бір спорт кешені ашылды. Сәңкібай батыр даңғылы бойында орналасқан ауданы 5600 шаршы метр жерді алып жатқан «ALPHA GYM» — аумағы бойынша өңірдегі ең үлкен спорт кешені.
Жаңа спорт кешенінде жаттығу залы, кросс-фит аймағы, ұзындығы — 250 метр, ені 3 метр жарыс жолы, екі күрес залы, октагон қондырылған жекпе-жек аймағы, балаларға арналған көркем гимнастика залы, хореография мен йогаға арналған залдар, стретчинг аймағы, скейт паркі, үстел теннисі алаңы бар.
Қазіргі таңда спорт кешенінде кикбоксинг, дзюдо, аралас жекпе-жек (ММА), грепплинг, капоэйра секциялары мен көркем гимнастика кәсіби мектебі жұмыс жасайды.
— Біздің мақсатымыз — бұл жерді отбасылық фитнес-орталыққа айналдыру. Сондықтан кешенде спорттың барлық танымал түрі бар, ересектер де, балалар да қалаған секциясына бара алады. Алдағы уақытта аналарға босанғаннан кейін денсаулықты қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асырғымыз келеді. Сондай-ақ жаттығу кезінде сәбилерді арнайы ойын бөлмесінде қалдыруға мүмкіндік бар, — дейді кешеннің басқарушысы Қанат Жадырасынов.
Өңірімізде ірі спорт кешенін ашу — «Ақ руно» ЖШС-ның жобасы. Жобаны іске асыруға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліпті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған былтырғы Жолдауында бұқаралық спорт пен балалар спортының дамуына барлық жағдайды жасаужәне спорт нысандарын салуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен-ді. Сондықтан алдағы уақытта жаңа спорт кешенінде жан басына қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында балаларға арналған спорт секцияларын ашу да жоспарланып отыр.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, Nur Otan партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Данағұлов, облыстық кәсіпкерлер паталасының директоры Дана Бекбауова, қалалық мәслихаттың хатшысы Анар Даржанова, қала тұрғындары, екінші деңгейлі банк басшылары, бизнес өкілдері қатысты. Жергілікті билік өкілдері спорт кешенін аралап көріп, жаңадан құрылған ұжымға сәттілік тіледі.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



