Жаңалықтар

Қаңтардағы қасірет: 225 адам мерт болды

Жыл басында Жаңаөзенде басталған бейбіт шерудің соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып, елімізде төтенше жағдайдың жарияланғаны белгілі.Қазір жағдай тұрақталды, біртіндеп қалыпты тіршілікке оралып жатырмыз. Бірер күн бұрын еліміздің ресми органдары көпшілікті дүр сілкіндірген оқиғаға байланысты алдын ала мәліметтерді ұсынды.

Жәбірленушілер аз емес…

ҚР Бас прокуратурасы мәлім еткендей, еліміздегі төтенше жағдай кезінде көз жұмғандардың саны белгілі болды.

— Адам шығыны болған оқиғаларды тергеп, тексеруге ерекше назар аударылып жатыр. Бүгінгі таңда 4578 жәбірленуші анықталды. 4353 адам жараланды. Оның 3393-і — құқық қорғау органдарының қызметкері. Төтенше жағдай кезінде мәйітханаға қаза тапқан 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы бұзақылар. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкері де бар. Бұл — алдын ала деректер. Әлі де нақтылану үстінде, өзгеруі мүмкін. Дегенмен әрбір факт мұқият тексеріледі, нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі, — деді ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ресми өкілдің хабарлауынша, тергеу жедел топтары 546 қылмыстық істі тергеп жатыр. Оның 44-і — терроризм актілері, 34-і — жаппай тәртіпсіздіктер, 15-і адам өлтіру бойынша екен. Уақытша ұстау изоляторына қылмыс жасады деген 672 күдікті әкелінген. Оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды.

67 науқас ауыр халде жатыр

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бақилық болған 225 адамның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмған.

— Елде төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап, 2678 зардап шегуші медициналық көмекке, оның 1815-і амбулаториялық көмекке жүгінді. Стационарлық ем алған 863 адамның 598-і шығарылды, 265-і емдеуді жалғастыруда. 67 науқас ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. 500-ден астам күрделі хирургиялық операция жасалды,— деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинова.

Жалпы, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде денсаулық сақтау нысандарына 20 шабуыл жасалған.

— Оның ішінде Алматы қаласында 5 стационарға, 1 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанына және 14 дәріханаға, Алматыда 5 медицина қызметкеріне, Шымкент қаласы мен Алматы облысында бір-бір медицина қызметкеріне шабуыл жасалды. Алматы қаласында – 31, Шымкентте – 7, Алматы облысында – 5, Жамбыл облысында – 2, жалпы саны 45 жедел медициналық жәрдем автокөлігі зардап шекті. Оның ішінде 4 автомобиль жөндеуге келмейді, — деді ресми өкіл.

Арнаулы қорға халықтан 10,1 млн теңге түсті 

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт салаларындағы нақты мәселелерді шешу жөніндегі бастамасын қолдаған барлық қазақстандықтарға, ірі кәсіпорындарға, еңбек ұжымдарына алғыс айтты.

17 қаңтар күні таңертең қоғамдық қорға 6 519 адамнан 10,1 млн теңге түсті.

«Қазақстан халқына» қоры арқылы қайырымдылыққа «Kaspibank» АҚ және оның құрылтайшылары  — 10 млрд теңге, «Халық» қайырымдылық қоры» ЖҚ – 2 млрд теңге, «Степногор тау-кен химия комбинаты» ЖШС — 350 млн теңге және басқа да заңды тұлғалар елеулі үлес қосты.

Жалпы, заңды тұлғалардан 12,36 млрд теңге түсті.

Қаражат Қазақстан халқының игілігіне, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, мәдениет және спорт проблемаларын шешуге бағытталатын болады.

Ресми дереккөздер бойынша әзірлеген

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button