«Қалдырған ізің мәңгілік»

Тағзым
Қарауылкелді селосындағы Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы мектеп өзіндік тарихы бар, жас буынға білім мен тәрбие берудің берік дәстүрін қалыптастырған білім ордасы болатын. Бүгінде бұл оқу орны Қарауылкелді орта мектебі болып атауын өзгертті.
Соған қарамастан, осы жерден үлкен өмірге жолдама алған түлектер мектептің ескі атауын ұмытпайды, ылғи да алға тартады, сонымен бірге отыз жылдай осы мектепті басқарған Нұрман Қорбин есімі де көпшілік жадында сақталып келеді.
Жақында осы мектепте ұлағатты ұстаз Нұрман Қорбиннің туғанына 90 жыл толуына арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты тарихи-танымдық шара ұйымдастырылды. Онда аталған білім ордасына отыз жылдай басшылық жасап, мұғалімдер ұжымын ұрпақ тәрбиесіне, ізгілік жолына жұмылдыра білген өз заманының тұлғасы болған адамның өмірбаяны айтылып, естеліктер баяндалды.
Аталған шараның негізгі бастамашысы болған «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры, Қазақстан Журналистер одағының облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин Гурьев педагогика институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын осында бастаған. Бастапқыда мұғалім, содан кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
— Мен жас болсам да Нұрман Ықыласұлы үлкен сенім білдіріп, өзінің орынбасары етіп тағайындады. Ол кезде, әрине, тәжірибем аз болатын, оның үстіне мұғалімдердің көпшілігі бұрыннан қызмет атқарып келе жатқан үлкен кісілер еді. Сондай жағдайда директорым мені шыңдады, жігер берді, қолдады.
Өзі басшылық қызметімен бірге, мұғалімдердің сабақтарына жиі кіретін және барлық пәндерді жетік білуімен таңғалдыратын. Жалпы, жан-жақты, мәдениетті, зиялы, білімді адам еді. Сондай ерекше қасиеттері бізге үлгі болды. Бүгін сіздер Нұрман Қорбин атындағы тарих пәні кабинетінің ашылуына куә болып тұрсыздар. Мұндағы интертақта оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуге көмегін тигізетін болады, басқа да жаңалық-өзгерістер ұлы ұстазымыздың рухына жасаған тағзымымыз, — деді ол жиында сөйлеген сөзінде.

Уақытта тоқтам жоқ. Нұрман Қорбиннің дүниеден өткеніне де отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Оның көзін көрген, қадірін жақсы білетін, тұстас замандастарының да азайып қалғаны анық. Солардың бірі — Қазақ КСР оқу ісінің үздігі Межеш Досқуатов. Ардагер ұстазға осы жиында бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» медалі берілді.
— Нұрман Ықыласұлы мектеп директоры болған кезде мен орынбасары болып қызмет атқардым. Директорымыздың талабы күшті еді, әсіресе тәртіпке ерекше мән берілетін. Тәртіп бар жерде сабақ үлгерімі де жақсы болады. Сабақ беруінің өзі үлгі еді, қандай тақырып болмасын, оқушыларының санасына нақпа-нақ құйып беретін. Біліктілігі, адамдармен сөйлесу қабілеті ерекше болатын. Оның тәрбиесінен ауданның бірнеше мектептерінің директорлары өсіп шықты, олар да алдыңғы қатарда жүрді,— деді Межеш Досқуатов.
— Мен осы мектептің алғашқы түлегімін. Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы мектепті бітірген соң Ресейдің ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім. Мұны осындағы ұстаздарымның еңбегі деп білемін. Мектеп директоры болған Нұрман Қорбин ағай сол кездің өзінде ұстаздардың ұстазы аталатын. Ол кісінің сабақ беруі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі көпшілікке өнеге еді. Ал мектеп директорының орынбасары болған ұстазым Межеш Досқуатовпен бүгін осында кездесіп тұрғаным мен үшін ерекше қуаныш, — деді Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім қоғамдық бірлестігінің облыстық бөлімшесінің төрағасы Келдібай Еспағамбетов.
Таяуда ғана жетпіс бес жасқа толған ардақты ағаның сексен бес жастағы ұстазының алдында ізет сақтап, құрмет көрсетуі жиналған көпшілікті риза етті, жастарға берген бір тағылым сабағындай әсер қалдырды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан облыс әкіміО.Оразалиннің Алғыс хатымен ардагер ұстаздар М.Досқуатов, Қ.Нұржігітова және Қ.Аманғалиеваларды марапаттады. Сондай-ақ Ақжарқын Отарова, Қалқа Сасырауова секілді ардагерлерге «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды. Көптеген мұғалімдер облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын иеленді.
— Нұрман Қорбин біздің ұғымымызда өз мамандығына жан-тәнімен берілген адам. Ол кісінің ұстаздық ұлағаты, тәрбиелік мәні зор іс-қимылдары, ерекше мінез-құлқы бүгінге дейін үлгі жолы есебінде айтылады. Біз алдымызда ғұмыр кешкен осындай тұлғаларды ерекше қадірлеуіміз керек, — деді облыстық білім басқармасының басшысы өз сөзінде.
Аудандық Мәдениет үйінде болған жиында аудан әкімі Қайрат Отаров ілгері буынның үлгісі жастарға қашанда бұлжымас бағдар болатынын айта келіп, Нұрман Қорбин секілді тау тұлғалардың өнегесі өшпейтінін, олар негізін қалаған тәлім мен тағылым негіздері сабақтастығын таба беретіндігін жеткізді.
Ұлағатты ұстаздың артында қалған көзі Салтанат Нұрманқызы әкесінің есімін ардақтап жатқан жалпы қауымға алғысын білдірді.
— Менің ата-анам екеуі де тарихны болды. Әкем мектеп директоры болғанымен маған жеңілдік жасамайтын, тіпті қатаң талап қоятын. Мен де олардың сенімін ақтауға ұмтылдым.
Әкем жас кезінде заңгер болуды армандаған екен, сол мақсатына мен жеттім.
Әкемнің есімін ардақтап, құрметтеп жатқан ағаларыма алғысым шексіз, — деді ол.
Қарауылкелді орта мектебінің директоры Қанат Қойшығұлова білім ордасының бүгінгі жай-күйі туралы айта келіп, тарихы терең ұжымның негізі бұрыннан бастау алған жетістіктеріне тоқталды. «Жаңадан ашылған кабинетте енді Нұрман Қорбин ағайымыз туралы «Тау тұлға», «Тау тұлғаға тағзым» фильмдері тұрақты көрсетіліп тұратын болады», — деді ол.
Жиында Қазақ КСР оқу ісінің үздіктері Шәкен Мырзабекова, Көпбай Нұрғазин, Жәрмөңке Төлекенов атындағы сыйлықтар Қарауылкелді орта мектебінің мұғалімдері Елдос Тұрлыбаевқа, Алтынай Ақдәулетоваға, Ләйлә Қайруллинаға, спорт саласының майталманы Қарағұл Нәсірге, Гүлнәр Азоваға арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Нұрман Қорбиннің 90 жылдық мерейтойына арнап шығарылған төсбелгі бір топ ұлағатты ұстаздарға құрметпен ұсынылды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов, «Өрлеу» ұлттық орталығы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі, экономика ғылымдарының магистрі Нұргүл Ермекова, тағы басқалары бұл өткізіліп жатқан шараның тәрбиелік мәні зор екенін айтты.
Ақын Сәтжан Дәрібайдың сөзіне жазылған Орал Байсеңгірдің жаңа әні осы салтанатта тұсауын кесті.
Өмір сүре бересің сен,
Жақсы көрген жүректерде, —
деген ән әуенімен ұстаз рухына тағзым еткен қалың қауым тебіреніп, орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Байғанин ауданы.



