Тарих

Ақтөбе мен Орынбордың арасы…

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрынғы Одақ кезіндегі экономикалық байланыстардың күйреуіне байланысты көптеген қиындықтар туындағаны белгілі. Күрделі мәселелерді шешу барысында көршілес Ресей Федерациясымен, оның ішінде Орынбор облысымен қарым-қатынасты нығайта түсу көзделген.

Осы бағытта жүргізілген жұмыстарды айғақтайтын құжаттар бүгінде облыста архивте сақтаулы тұр. Мысалы, 1992 жылдың аяғында көршілес екі аймақ — Ақтөбе мен Орынбор арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсу мақсатымен 1993 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліпті. Атап айтқанда, осы жылдың 26 қазанында облыстық әкімдіктің РФ-ның Орынбор облысымен арадағы келісімді жүзеге асыру үшін 1993 жылға белгіленген іс-шаралар туралы 244-шешімі қабылданған. Осыған сай біздің өңірден Орынбор облысына натрий тиосульфаты, хром қосындылары, темірбетон шпалдары, күкірт қышқылы, феррохром, мұнай, никель, хром рудалары және рентген аппараттарын жеткізу көзделіпті. Ал Орынбордан жанар-жағармай,жүк көліктері мен трактор тіркемелері, тұрмыстық техника (тігін машиналар, тоңазытқыш, шаңсорғыш, т.б.), жібек мата, құрылыс материалдары әкелінетін болған.

Шикізат, өнеркәсіп пен шаруашылық өнімдерін алмасумен қатар, мәдениет пен өнер және білім беру салаларында да өзара байланыстарды дамыта түсу маңызды саналды. Оның ішінде мәдениет пен өнер саласында — 7 бағытта; ал білім саласында 6 бағытта іс-шаралар жоспарланған. Мысалы, Орынбор облысының қазақтар көп тұратын өңірлеріндегімәдениет мекемелері мен оқу орындарына ұлттық музыканы насихаттау мақсатымен нұсқаулықтар, ноталық басылымдар және аспаптарәперу, тәжірибе алмасу үшін мамандар жіберу, сондай-ақ екі жақтағы ұлттық мерекелерге кәсіби және әуесқой шығармашылық ұжымдарын жіберу жөнінде келісімдер жасалған.

Орынбор облысының кітапханаларына қазақ тіліндегі кітаптар, соның ішінде белгілі ақын-жазушылар шығармаларын жіберіп, кітап көрмелерін ұйымдастыру да жоспарланған. Тарихи-өлкетану музейлерінің ұйымдастыруымен көрмелер өткізу, суретшілердің, қолөнер шеберлерінің көрмелерін өткізу де жоспарға еніпті.

Білім беру саласында үздік тәжірибелерді насихаттау мақсатымен бірлескен семинарлар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастыру көзделіпті.

Екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған шараларға, әсіресе жастарды көбірек қатыстыруға басымдық берілген. Бұл орайда студенттерге, мүгедек жастар мен оқушыларға арналған лагерьлер, фестивальдар, жәрмеңкелер, басқа да мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру жоспарланған.Сондай-ақ Орынбор облысындағы қазақтар арасында еліміздің басылымдарын, соның ішінде облыстық «Ақтөбе» газетін де насихаттау, оқырмандар тарту мәселесіне көңіл бөлініпті. Ал «Орал-Жайық» ІІ өңірлік экологиялық фестивалін Ақтөбе, Орал, Уфа телестудияларынының қатысуымен өткізу көзделген.

Бұл  — тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе мен Орынбор өңірлері арасында экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастардың қалай жолға қойылғанын көрсететін құжат, тарихымыздың бір парағы. Қазақтың тарихына ортақ әрі мыңдаған қандастарымыз тұрып жатқан Орынбор облысымен қарым-қатынасымыз, әрине, үзілмек емес.

Алдағы уақытта да достық мен ынтымақтастық, ортақ рухани құндылықтар екі ел арасындағы қатынастардың негізі болып қала береді деп үміттенеміз.

Бақытгүл ЕШМҰРАТОВА,

облыстық мемлекеттік

архивтің бөлім басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button