Жаңалықтар

Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Қазіргі таңда облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Соңғы тәулікте өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Дегенмен әлі де үй карантинінде жатқан тұрғындар бар. Атап айтсақ, өңірде індет жұқтырған 206 адам медициналық бақылауда тұр.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров тікелей эфир барысында хабарлады.

Қазір облыста жағдай тұрақты болғанымен, әлі де қауіп сейілген жоқ. Себебі шетелдерде «омикрон» штамы кеңінен таралуда. Біздің елімізде бұл штамм тіркелген жоқ. Алайда біз тұрғындарды аурудың алдын алып, бетперде және арақашықтық режимін сақтауға шақырамыз, — деді Мұхтар Сербаев.

Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 36 науқас емделіп жатыр. Жансақтау бөлімінде 7 адам ем қабылдауда. Сондай-ақ инфекция жұқтырған 6 бала және 3 жүкті әйел дәрігерлердің бақылауында. Ал карантиндік стационарларға 4 адам жатқызылған.

— Қазіргі таңда облыстағы инфекциялық кереуеттер жүктемесі 37,8 пайыз болса, реанимациялық кереуеттер жүктемесі — 35 пайыз. Бүгінгі күні өңірде екі стационар жұмыс жасап жатыр. Олар — Жаңақоныс елді мекеніндегі облыстық инфекциялық аурухана базасындағы 50 орындық стационар және жүкті әйелдерге арналған Ақтөбе медициналық орталығындағы 10 кереуеттік стационар, — деді Б.Ізбасаров.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button