Әлеумет

Ақпан арқырап тұр.

Жолға байқап шығыңыз

Ақпан айы басталғалы ауа райы қолайсыз болып тұр. Бұл, әсіресе, көлік қозғалысына кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан автокөлік жолдары бірнеше рет жабылды. Біз «Қазавтожол» РМК облыстық филиалының директоры Әкімжан Өтемұратовпен республикалық маңызы бар жолдарды қардан аршу жұмыстары туралы сөйлескен едік. Сонымен…

— Облысқа қарайтын республикалық  маңызы бар жолдардың жалпы көлемі — 1864 шақырым. Біз қадағалайтын «Қарабұтақ-Қостанай», «Ақтөбе-Мәртөк», «Ақтөбе-Орск», «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз», «Ақтөбе-Атырау», «Самара-Шымкент» автокөлік жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін барлығы 90-ға жуық техника дайындадық. Ал күн сайын шамамен 17-20 техника жұмыс істейді. Ауа райы қолайсыз күндері бұдан да көп техника жұмылдырылады.

Біздің филиал, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент және облыстық жол полициясы мекемелері арасында үшжақты келісім-шарт бар. Соған сәйкес, аталған мекеме мамандары қар борағанда қандай шаралар қолдану керектігі жөнінде жоспар құрып, бірлесіп жұмыс істейді. 50 метрге дейінгі қашықтық көрінбесе, жол жабылады. Себебі, қарсы көлік кездессе, тежегішті басып үлгеруі, басқа да сақтық әрекеттерін жасауы керек.

Жол шеберлері   боран кезінде жан-жақты толық барлап, ауа райы қолайсыздығының қаншалықты қауіпті екендігіне көз жеткізіп келеді. Сол бойынша облыстық жол полициясы мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке хабарлап, қатынас қағаз жібереді. Сөйтіп, үшжақты келісім негізінде жол жабылады. Полиция қызметкерлері сол уақыттан бастап көлік жүргізушілеріне жолдың жабылғандығын ескертіп, олардың жолға шығуына тыйым салады. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары жолдың жабылғандығы жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпарат таратады. Ал жол мамандарының міндеті —  боранда далада қалып қойған жолаушыларға көмек көрсетеді.

— Ауа райының қолайсыздығы көлік қозғалысына қаншалықты кедергі келтірді? Жалпы, биыл жол көп жабылды ма?

— 2010 жылы желтоқсан айында жалпы 104 сағат жол жабылды. Мысалы, «Самара-Шымкент» бағытында 13, 15, 22, 25, 26 желтоқсан күндері 45 сағат жол жабылды. Ал «Ақтөбе-Орск» автокөлік жолында желтоқсанның 25-і күні 12 сағат бойы көлік қозғалысына тыйым салынды.

Қаңтар айында небары 25 сағат жол жабылды. Ал ақпан басталғалы 126 сағат көлік қозғалысы болған жоқ. Негізінен жолды түнде жабамыз. Күндіз мүмкіндігінше, жолды жаппауға тырысамыз. Мұндайда жүргіншілер жиі қатынайтын бағыттарға жол полициясы қызметкерлерінің бастауымен 40-50 көлікті топтастырып жібереміз.

Кейбір көлік жүргізушілері боранда жолға шығып кетіп, далада қалып қоятын жағдайлар да болады. Мысалы, желтоқсанның 25-і күні «Самара-Шымкент» бағытында (1012 шақырым) «КамАЗ»автокөлігінен 2 адам құтқарылды. Көлікті қардан шығарып алу үшін «К-700», Урал «Тройка»  техникалары жұмылдырылды.

— Боранда далада қалып қойған жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолданылады?

— Жалпы желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында 30-ға жуық адам құтқарылды.

Көліктерді қалаға алып келу мүмкін болмағанда, жақын маңдағы жылыту бекеттеріне апарылады. Біздің облыста мұндай 24 орталық, 14 санитарлық пост бар. Жол бойындағы кейбір шайханалармен ортақ келісіміміз бар. Олардың кейбіріне ақша, кейбіріне отын түсіріп береміз. Егер жолаушылар далада қалса, біздің мамандар оларды шайханаға апарып тамақтандырады. Түнде қалып қойса, жақын маңдағы елді мекендердегі аурухана, балабақша, мектептерге орналастырамыз.

Жүргіншілердің жолда қалып қоюына көп жағдайда өздері кінәлі. Себебі, жақын маңдағы елді мекенге баратындығы жөнінде жалған сөз айтып, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінен рұқсат алып, алыс жолға шығып кетеді. Жолаушылардың далада қалуының тағы бір себебі, көлік жүргізушісі жолға дұрыс дайындалмай шығады. Жүкті шамадан артық тиейді, көлігінде ақау болады, қыста қолданатын жанармайды пайдаланбайды.

—    Ауа райының қолайсыздығы салдарынан далада қалып қойған жолаушылар қайда хабарласуға болады?

—    54-46-42 телефонына хабарласқандары жөн. Күндіз-түні кезекші жұмыс істейді.

Үлкен елді мекендердің маңындағы жолдың бойындағы тақтайшаларда да жылыту бекеті, санитарлық пункт қайда орналасқандығы және байланыс телефондары жазулы тұр.

—    Көлік қозғалысы үшін қауіпті аймақтар туралы айтсаңыз.

—    10-15 жылғы тексерулер нәтижесінде, 1864 шақырым жолдың қай тұстары қауіпті, көлік қозғалысына қиын екендігін анықтадық. Негізінен үш учаске өте қауіпті. Хромтау бағытындағы автокөлік жолының 800-810  шақырымы (Ақжар ауылының маңында)   үнемі түтеп  тұрады. «Ақтөбе-Орск» бағытында 61-73 шақырымға дейін боран болады. Сонымен қатар, «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз»автокөлік жолының 137-145 шақырымы қолайсыз.

—    Жол дұрыс аршылмағандығы жөнінде көлік жүргізушілері реніш білдіріп жатады. Бұл жөнінде не айтасыз?

—    Қар жауған кезде, боран болғанда біз бірден қар тазалауға кіріспейміз. Мұндай кезде мамандар 2-3 сағат бойы жолды барлайды.  Қар толассыз, тынбастан жауғанда қар аршу мүмкін емес.  Ережеге байланысты қардың қалыңдығы 5-7 сантиметр болғанда қар аршылады. Жолдың 5 санаты бар. Ережеде әр санатқа байланысты қардың қай уақыттан бастап аршылатындығы  көрсетілген.  Бірінші, екінші санаттағы жолдар 2 сағаттың ішінде аршылып болуы керек. Біздің облыста бірінші санаттағы жол жоқ. Хромтау бағытындағы жол екінші санатқа жатады. Үшінші санаттағы жолдар 6-12 сағатта аршылуы тиіс. Біздің міндетіміз — қарды толық аршу емес, көлік қозғалысына жағдай жасау.

Кейде көктайғақ болады. «Ырғыз-Қарабұтақ» бағытында 17-18 желтоқсанда жаңбыр жауып, мұз болып қатып қалды. Жолаушылар «Неге жолға құм, тұз сеппейді» деп бізге кінә артады. Ал ереже бойынша шұғыл бұрылыс, көпірлерде ғана құм мен тұз төгілу керектігі көрсетілген.

Әнуарбек ӘМІРБЕКҰЛЫ, Әйтеке би аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері:

— Жолдың жабылғандығын ескертсек те, айтқанымызды тыңдағылары келмейтін көлік жүргізушілері көп. Тіпті, бағынбай жолға шығып кететіндері де жоқ емес. Оларға Әкімшілік кодексі бойынша шара қолданамыз. Яғни, заңды бұзғаны үшін көлік жүргізушісі  471-баптың 1-тармағы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл төлейді.

Жол мамандары:

Жолаушылар далада қалған жоқ

Серікбай ДЕМЕСІНОВ, Қарабұтақ жол пайдалану бекетінің шебері:

— Біздің міндетіміз — «Самара-Шымкент» бағытындағы 891-1025 шақырымдағы жолды қардан тазарту, қолайсыз ауа райында далада қалып қойған жолаушыларды құтқару, көліктерді шығару. Бұл учаскеде Бөгетсай, Қарлау, Белқопа, Қарабұтақ, ХХ партсъезд, Қияқты, Ұлғайсын ауылдары бар.

Жол пайдалану бекетінде жалпы 12 маман жұмыс істейді. 3 техникамыз бар. Бұзылып қалған көліктерді жылыту бекетінде жөндейміз. Ақысыз қызмет көрсетеміз. Қар аршуға біздің техниканың күші жетпей жатса, «Қазавтожолдың» Ақтөбе облыстық филиалынан техника жіберіледі.

Ақпанның 10-ы күні боранның күштілігі соншалық, 2-3 метр қашықтықтың өзі әрең көрінді. Сол күні көп көлік жолдан шығып кетті. Солардың барлығын жол жиегіне шығардық. Далада қалған көлік жоқ.

Бегім РЫСҚҰЛОВ, Хромтау қалалық жол пайдалану бекетінің маманы:

— Ақжар мен Өлкенің арасындағы жолдарды қадағалаймыз. Біздің учаскеге бекітілген жердің көлемі небары 27 шақырым болғанмен, атқаратын жұмысымыз қиын. Себебі, дәл осы жол бөлігі басқа жерлерде күн ашық болғанның өзінде борап тұрады. Қар қалың жауады. Сондықтан, дәл осы тұсқа келгенде жолдан шығып кететін көлік те көп болады. Қалың қарды аршу да оңай емес.

Әлгінде ғана  «Фургон» көлігін шығардық. Көбіне үлкен жүк көліктері  жолдан шығып қалады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button