Жаңалықтар

Шеберлік сағатын өткізді

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Сарқыт» мейрамханасында «Alasha art» өнер орталығының жетекшісі, қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы шеберлік сағатын өткізді.

Алматыдан арнайы келген шебер қазақтың ерекше өнері — ши, алаша тоқу мен ою оюдың түр-түрін меңгерген. Оның қолынан шыққан әр бұйымның өзіндік ерекшелігі бар. Ұзақ жылдардан бері ұлттық өнерді насихаттап, шәкірт тәрбиелеп жүрген шебер бұл жолы ақтөбеліктерге өзінің қолынан шыққан бұйымдарын таныстырып, қолөнерге икемі бар жастарға алаша, ши тоқудың қыр-сырын үйретті.

  • Ақтөбе қаласындағы «Сарқыт» кешенінің ашылуына арнайы келдім. Мұндағы мақсатым — қазақтың қолданбалы қолөнерін, оның түрлерін халыққа таныстырып, жастарға үйрету, насихаттау. Ашылып жатқан кешенге арнайы өзім тоқып жатқан ши, алашаларымды да алып келдім. Бұл өнер түрлері қазір ел арасында кенжелеп, тіпті ұмытылып бара жатыр. Сол үшін ұлттық өнерді жандандыру, насихаттау үшін өз үлесімді қосып жүрмін.

Менің қолөнер бұйымдарымның бірқатары осы Ақтөбедегі өнер музейінде де сақтаулы тұр. Қазіргі таңда мен Алматы қаласындағы «Esentai Mall» кешенінде орналасқан «Alasha art» өнер орталығында келушілерге ши, алаша, кілем тоқуды үйретемін. Басқа да қолөнер түрлерімен, ұлттық киім тігумен де айналысамын. Орталықта қызмет ақылы. Келушілер көп. 8 жастағы оқушылардан 60 жастағы аналарға дейін келіп, тоқу, тігуді үйреніп жатыр. Болашақта осы мейрамханада да шағын орталық ашуды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Айта кету керек, бүгін «Сарқыт» мейрамханасының салтанатты ашылуы өтеді. Бұл мейрамхана қала тұрғындары мен қонақтарына қазақтың ұлттық өнері мен ұлттық тағамдарын насихаттап, келушілерге ұсынатын болады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button