Әлеумет

Тазалық талаптарына бағынуға тиіспіз…

Статистикалық көрсеткiштер бойынша, елімізде тұрғындардың ең көп талап-тiлектерi мен арыз-шағымдары ауызекi әңгiмеде «СЭС» аталып кеткен осы мекеменiң атына келiп түседi екен. Қоғамдық қызмет көрсету орындарындағы, базар маңы мен үй айналасындағы тазалық жұмысына айтар шағымыңыз, тіпті жеп отырған тамағыңыздың сапасына байланысты өкпеңiз болса да осы мекеме қызметкерлерiне жүгiнесiз.

Редакциямызға дүкен сөрелерінде мерзімі өткен немесе қоғамдық орындарда сатылатын азық-түліктерге қатысты өзге де мәселелер төңірегінде шағымдар көп түседі. Оқырмандарымыздан түскен бір топ сауалдарға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры Құралай Әлжанова жауап берді.

Сұрақ:

Мейрамгүл Қыдырбаева, тұрғын:

— «Дина» супермаркетінде қуырылған картоп, манты секілді тағамдар  ашық күйінде сатылады. Бұл тағамдарды үстінен әркім қарайды. Ашық күйінде сатылатын тағамдарға СЭС тарапынан қандай тосқауыл қойылады?

Жауап:

— Арнайы ережеге сәйкес, сіз айтып отырған қуырылған картоп, манты секілді тағамдар  ашық күйінде сатылмауы тиіс. Өткен жылы «Дина» супермаркетін тексеру барысында, тақтайшалар мен пышақтардың таңбаланбауы, санитарлық-дезинфекциялық режимнің бұзылуы, қоймаларда термометрлердің болмауы секілді заңбұзушылықтар анықталып,

49 455 теңге көлемінде 5 айыппұл салынды. Жарамдылық мерзімі өткен және тауарлық түрін жоғалтқан  63 келі тамақ өнімі сатылымнан алынды.

Сұрақ:

Айнагүл Темірбай, қала тұрғыны:

—Теміржол вокзалы маңында жұмыс жасайтын бірқатар азық-түлік сататын дүкендер жабылып қалыпты. Естуімше, бұл дүкендерде сатылатын тағамдар талапқа сай емес екен. Осы туралы білгім келеді.

Жауап:

—Теміржол маңындағы «Макка», «Айымгүл» дүкендері мен перрондағы сауда нүктелері Батыс өңірлік көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бақылауына жатады.  Ал қаланың 8 март көшесі мен теміржол вокзалы айналасында орналасқан дүкендерді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары тексереді. Өткен жылы  теміржол вокзалы жанындағы  дүкендерден  заңбұзушылық деректері анықталған жоқ. Егер сіз сапасыз тамақ өнімдерінің сатылу дерегіне куә болсаңыз, нысанның нақты атын жазып, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына жазбаша түрде арыздануыңызға  болады.

Бір айта кететін жайт, өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыста 1839 дүкен тексеріліп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша 10427148 теңгеге 1305 айыппұл салынды.  Сот шешімімен 33 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды, медициналық тексеруден дер кезінде өтпеген 115 адам қызметінен уақытша шеттетілді. Сондай-ақ 2449649 келі тамақ және шикізат  өнімдері жарамсыз деп танылып, сатылымнан алынды.

Сұрақ:

Ораз Жанабілов, қала тұрғыны:

— Бірде дүкеннен сүт пен айран алдым. Айранның ашып кеткенін байқап, әлгі дүкенге хабарласқанымда, ондағылар маған қолымда дүкеннен алғанымды куәландыратын чегің болса, онда айранның бағасындай өзге өнім алуыма болатынын айтты. Мұны қалай түсінуге болады?

Жауап:

— Ашыған сүт өнімдері (айран) 0-ден + 80С-ге дейінгі  температурада 36 сағат сақталуға тиіс.  Дүкендерде  мұндай өнімдердің сақтау шарттары  мен мерзімдері бұзылған жағдайда оның  сапасы да  нашарлай түседі.  Сондықтан тамақ өнімін сатып алған кезде  қолыңызда оның қай жерде сатылғанын куәландыратын  кассалық чек болғаны жөн. Санитарлық қызметке осы чекпен  жазбаша арыз-шағым түрінде жүгінуіңізге болады. Аталған деректер анықталған жағдайда мекеме тарапынан тиісті шаралар жүргізіледі.   Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 40 литр сүт және сүт өнімдері  жарамсыз деп танылып,  сатылымнан алынды.

Сұрақ:

Зере әже, қала тұрғыны:

— Қазір дүкендердегі азық-түлік өнімдерінің көбісі тетрақораптарда сатылады. Кейбір тетрақораптардың сырты суланып тұрады. Мұның қорап ішіндегі өнімді бұзуы мүмкін бе?

Жауап:

— Тетрақораптар қажетті зертханалық тексерулерден өтіп, қауіпсіздігі мен  сапасы санитарлық талаптарға  сәйкес болғандықтан, қолданысқа енгізілген. Тетрақораптар өнiмдi бүлiнуден қорғауды қамтамасыз ететiн бірден-бір құрал. Сондықтан оның  ішіндегі өнімнің сапасы сақтау шарты мен жарамдылық мерзімі бұзылмаған жағдайда  талапқа сай болуы тиіс.  Өткен жылы облыс бойынша тамақ өнімдерімен жанасатын полимерлік және басқа материалдардан жасалған бұйымдардың  (ыдыстар, қораптар) 319 сынамасы зерттелді, бірақ санитарлық талаптарға сәйкес келмегені анықталған жоқ.

Сұрақ:

Артур Түнтеков, Заречный поселкесінің тұрғыны:
— Дүкендерде полиэтилен қалташаларда сатылатын кейбір өнімдердің жарамдылық мерзімін көру қиынға соғып жатады. Кейбіреулері анық басылмайды. Мұның сыры неде?

Жауап:

— Қазақстан Республикасының «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңына сәйкес құжаттарда, жадынамаларда (қосалқы парақтарда), этикеткаларда, контрэтикеткаларда, кольераткаларда, құлақшаларда, жапсырмаларда (стикерлерде) еліміздің тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген ақпараттан басқа, сақтау шарттары және жарамдылық мерзімдері, тамақ өнімдерінің дайындалған күні, айы, жылы көрсетілуі тиіс. Еліміздің «Техникалық реттеу туралы» Заңына сәйкес, тамақ өнімдерін таңбалау бойынша мемлекеттік бақылау жүргізу ісі техникалық реттеу және метрология комитеті  департаментінің міндетіне жатады.

Сұрақ:

Зәкір ата, Қурайлы елді мекенінің тұрғыны:

Құс өсірушілер балапандардың екі ай ішінде тез оңалып, салмақ құрауы үшін жемге түрлі дәрумендер мен ағзаның өсуін күшейтетін натрий глутаматы бар жасанды қоздырғыштар қосады екен. Мұндай гормондық дәрумендер мен антибиотиктердің адам ағзасына да зиянды әсері өте көп. Дегенмен құс еттері қала дүкендерінде көптен сатылады. Ақтөбеге құс еті қай жақтан, қалай келеді?

Жауап:

Ақтөбе қаласына құс еті АҚШ, Украина, Белоруссия, Ресей мемлекеттерінен әкелінеді. Сонымен қатар облыс тұрғындары Алматы және Ақтөбе қалаларындағы «Аққұс», «Рамазан» фабрикаларында өндірілген құс етін де  тұтынады. Басқа елдерден тасымалданған құс еттері  арнайы кедендік бақылаудан өтіп, оларға ветеринарлық сараптама жүргізіледі. Құс өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын  ілеспе құжаттары болған жағдайда ғана Қазақстан аумағына жіберіледі. Өткен жылы облыс бойынша 1408 рет құс еті сынамасы зерттелді. Соның тоғызында гигиеналық талаптардан ауытқушылық байқалды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 62 390 теңге көлемінде 12 айыппұл салынды.

Сұрақ:

Алмагүл, тұрғын:

— Біраз уақыт бұрын сіздер көше бойында орналасқан самса сататын дүңгіршектердің санитарлық талапқа сай емес екендігін анықтап, олардың жұмысы тоқтатылатындығын айтқан едіңіздер. Бірақ ондай сауда орындарының кейбірі әлі күнге дейін жұмысын  жалғастырып жатыр. Осының себебі неде?

Жауап:

— Қала көшелерінде орналасқан самса сататын нүктелерді демонтаждау мақсатында  қалалық әкімдік, санитарлық қызмет,  құқық қорғау органдарының тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылды. Былтыр 15 рейдтік тексеру жұмыстары  жүргізіліп, санитарлық талаптарға сай емес 12 дүңгіршек қайта жөндеуден өтті. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты өткен жылы облыс әкімінің қаулысына сәйкес енді көше бойындағы сауда орындарына әкімшілік шараны облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жүргізеді.

Орындық Байсұлтанова, қала тұрғыны:

— Құс етін дайындауда көбінесе санитарлық- гигиеналық талаптар сақталмайды. Мәселен, жаз мезгілінде қала көшелерінде «куры гриль» сатылады. Етті қақтайтын, яғни пісіретін ыдыстар мен жабдықтар жиі тазаланып тұрмайды. Бірнеше рет қолданылған майдың адам ағзасына тигізетін зиянын білеміз. Осының мәнісін анықтадыңыздар ма?

— Жауап:

— Қала бойынша 11 сауда нүктесінде «куры гриль» сатылады. Олардың барлығы санитарлық қызмет көрсету мекемесінің рұқсатымен жұмыс жасайды. Сауда нысандары тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. Дайындау технологиясы бойынша «куры гриль» отқа қақталып піседі. Оларды әзірлеуде май пайдаланылмайды. «Куры гриль» келісім-шарт негізінде қоғамдық тамақтандыру нысандарында алдын ала дайындалып, сауда орындарына тасымалданады.

Сұрақ:

Жанат апа, зейнеткер:

— Бүгінде дүкендерде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағамдар сатыла береді. Жақында бұл жағдай өз басымнан да өтті. Сатып алған тағамымның қолдану мерзімі өтіп кеткенін үйге келген соң ғана байқадым. Қайтып апарып берсем, дүкенші: «Бізден алғаныңды қалай дәлелдейсің, мұндай тағам барлық жерде сатылады» дейді. Сіздің мекеме тарапынан осындай бассыздыққа қандай тосқауыл бар? Дүкендердегі тауар сапасын қанша уақытта тексеріп тұрасыздар?

Жауап:

— Аталған жағдайда жеке тұлға өз құқықтарын жүзеге асыру үшін санитарлық қызметке  арыздануыңызға болады. Сонымен қатар, тамақ өнімдерін дүкендерден сатып алу барысында, оларды орау, буып-түю және таңбалау кезінде көрсетілген мәліметтерді мұқият қарап, оқығаныңыз жөн. Ережеге сәйкес, біз азық-түлік нысандарын жылына бір рет жоспарлы түрде тексереміз.

Сұрақ:

Рахима Отарбаева, зейнеткер:

Базардан ет алатын кезде басымыз қатады. Саудагерлер «бәрі де жаңа сойылған малдікі» деп жатады. Жалпы, базарға әкелінген ет өнімдері қанша күн ішінде сатылып болуы тиіс?

Жауап:

— Ет тез бұзылатын тамақ өніміне жатады. Олардың белгiленген сақтау мерзiмi технологиялық процесс аяқталған (суытылған) сәттен бастап есептеледi. Базарларға әкелінген ірі кесек еттер  +2-ден + 6 0С-ға дейінгі температурада 48 сағат бойы , ал – 180С-ден аспайтын температурада 30 тәулік бойы сақталады.

Сұрақ:

Айман, қала тұрғыны:

— Мен көпқабатты үйдің екінші қабатында тұрамын. Ал бірінші қабатта тоңазытқыш сататын дүкен орналасқан. Дүкеннің шуылы күні-түні басылмайды. Кішкентай балам бар, қатты шудың әсерінен түнде ұйықтаудан қалдық десем де болады. Бұл мекемеге қоятын талаптар бар ма?

Жауап:

— Шу деңгейі көрсетілген гигиеналық нормативтерден аспауы қажет. Яғни, ертеңгілік сағат 7.00-ден  кешкі сағат 23.00-ге дейін дыбыс деңгейі 40 дицебилден, ал кешкі сағат 23.00-ден  ертеңгі сағат  7.00-ге дейін дыбыс деңгейі 30 дицебилден аспауы қажет. Шудың деңгейін анықтау үшін сіз санитарлық-эпидемиологиялық  қызметке арыз-шағым түсіруіңізге болады. Мамандар тиісті  зертханалық өлшеулер жүргізіп, қорытындысын береді.

Сұрақ:

Айнұр:

— Мен дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Сіздердің санитарлық талаптарыңыз бойынша, дүкен қызметкерлері медициналық тексеруден қанша уақытта өтіп тұруы тиіс?

Жауап:

— Азық-түлік, сауда нысандарының қызметкерлері және азық-түліктік шикізаттар мен тағамдық өнімдерді тасымалдаумен шұғылданатын тұлғалар жұмысқа орналасу алдында және жұмыс істеу барысында медициналық тексерістерден өтіп, гигиеналық оқытудан өтуі керек.

Сұрақ:

Қуандық, зейнеткер:

— Ішіп жүрген суымыздың сапасы санитарлық талапқа қаншалықты сай екендігін білсем деп едім….

Жауап:

— Облыс бойынша ауызсу сапасы негізінен гигиеналық нормативтерге жауап береді. Өткен жылы анықталған  сәйкессіздіктер пайызы гигиеналық нормативтердің рұқсат етілген шектеулерінен асқан жоқ. Былтыр санитарлық қызметтің бақылауында 16 қалалық және  97 ауылдық су құбыры есепте болды.  Орталықтандырылған су көздерінен микробиологиялық көрсеткішке 3513  рет су сынамасы алынып, оның 61-інде ауытқушылық анықталды. Ал судың санитарлық-химиялық  көрсеткіші 2009 жылмен салыстырғанда былтыр 0,2 пайызға жақсарды. Қала бойынша микробиологиялық көрсеткішке 1092 рет ауызсу сынамасы алынып,  32-сі санитарлық талаптарға сәйкес келмеді.  Санитарлық-химиялық көрсеткішке 1315 рет зерттеуге алынған  ауыз су сынамасының 2,3 пайызында сәйкессіздік анықталды.  Санитарлық талаптарға сай болмай шыққан сынамаларда, негізінен, жалпы су қаттылығы, хлоридтер, нитраттар, перманганат қышқылдығының нормадан тыс мөлшерде болғандығы белгілі болды.

Қазір облыста санитарлық қызметтің бақылауында 171 қоғамдық құдық бар. Өткен жылы бұл құдықтарға тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде судың құрамында нитрат, азот тобы, хлоридтермен қоса, су қаттылығы мен лайлануы нормадан артық болды.

Әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button