Әлеумет

Бағдарламаның жаңа бағыты — кәсіпкерліктің жаңа мүмкіндігі

Берік НҰРҒАЛИЕВ,

«Даму» кәсіпкерлік қоры Ақтөбе облыстық филиалының қаржылық емес қолдау жөніндегі бас менеджері:

Ел экономикасының негізгі тамыры болып есептелетін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қаржы бөлу, қолдау жұмыстары соңғы жылдары жүйелі арнаға түсті деуге болады. Елбасы Н.Назарбаев былтырғы Жолдауында кәсіпкерлікті жаңа экономиканың қозғаушы күші деп атап, Үкіметке «Бизнестің жол картасы-2020» деп аталатын аймақтардағы кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай бюджеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған бағдарламаның өткен жылғы қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы алдыңғы қатарға шықты. Мысалы, елімізде барлығы 478 жоба қаралған болса, соның 79 пайызы — Ақтөбе облысының үлесіне тиді.

Бұның ішінде алдыңғы қатарда — Ақтөбе қаласы, Мәртөк, Алға, Темір, Қарғалы аудандары.

Бағдарлама әуелгіде үш — жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторын сауықтыру, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету секілді бағыттар бойынша жұмыс жасады. Өткен жылдың 31 желтоқсанында аталған құжатқа өзгерістер енгізіліп, төртінші —   кәсіпкерлік әлеуетті күшейту бағыты қосылды.

Осы жаңа, төртінші бағыт жөнінде «Даму» кәсіпкерлік қоры Ақтөбе облыстық филиалының қаржылық емес қолдау жөніндегі бас менеджері Берік Нұрғалиевпен сұхбаттасқан едік.

Айта кетейік, аталған бағдарламаның қаржы агенті — «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры бағдарламаны жүзеге асыру бағытында пайыздық ставканы субсидиялау шеңберінде банктерге қаржы қаражатын аудару, несиелерге кепілдік беру, борышкерлерге қатысты Мемлекеттік комиссия отырыстарына берілетін материалдар бойынша ұсынымдар әзірлеу, бағдарламаның іске асырылуын мониторингілеу жұмыстарын ұйымдастырады.

—    «Бизнестің жол картасы -2020» Бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Әуелгі өзгеріс сыйақы ставкалары өзгермелі несиелерді субсидиялауға рұқсат беруге қатысты болды, яғни бұдан былай банктер алдында осындай міндеттемелері бар кәсіпорындардың бағдарламаға қатысуларына мүмкіндік береді. Екіншіден, субсидиялау мерзімі қаржы агентінің субсидиялау туралы кесілім-шартқа қол қоюын күтпей-ақ, банк пен кәсіпкер келісім-шарт жасасқан сәттен басталады. Үшіншіден, бағдарламаның экономикалық басымдық берілген секторлары тізіміне сауда желілері де енгізілді. Бұл, ең алдымен, қазақстандық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Жаңа, төртінші «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» бағытын қосу  кәсіпкерлердің білім деңгейін, кәсіби біліктілігін арттыру және бизнесті жүргізудің заманауи модельдерін енгізу қажеттілігінен туды. Төртінші бағыттың шеңберінде жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерді қолдау, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету және «Іскерлік байланыстар» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіледі, яғни бұл бағыттың өзі үш бағытта жүргізілетін болады. «Даму» қоры осы атқарылар жұмыстардың негізгі операторы ретінде белгіленіп отыр.

—    Әр бағытқа жеке-жеке тоқталып өтсеңіз?

—    Бірінші бағыт жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерді қолдауға арналған. Яғни жаңадан іс бастағандар үшін ақысыз оқу курстарын өткізіп, қажетті оқу құралдарын тегін таратамыз. Мұндай оқулар еліміздің барлық жерінде өткізіледі. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен биыл 208 миллион теңге бөлінбек. Жоспар бойынша оқу көктемде және жазда ұйымдастырылуға тиіс, оған 15 мыңнан астам тыңдаушы қатысады деп отырмыз. Кейінірек бұл оқудың қаншалықты тиімділігін анықтау үшін маркетингтік зерттеу жүргізіледі. Бұған қоса биыл Ақтөбе облысында «Бизнес-Кеңесші» жобасының екі кезеңін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Екінші, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау бағыты бойынша  кәсіпкерлердің бизнес-процестерін оңтайландыру, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, заңдық кеңес беру сияқты қызмет түрлерімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оларға конкурстық негізде таңдалынып алынатын тәуелсіз сервистік компаниялар қызмет көрсететін болады. Биыл ақысыз сервистік қолдау көрсетуге республикалық қызметтен 723 миллион теңге бөлу көзделіп отыр. «Даму» қоры осы тәуелсіз компаниялар көрсеткен қызметтердің сапасын, оның қаншалықты нәтижелі жүргізіліп жатқанын, ел экономикасының дамуына қаншалықты үлес қосып отырғанын бақылап, мониторинг жүргізіп отыратын болады. «Назарбаев Университеті» АҚ арқылы шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту жүзеге асырылады. Жергілікті атқарушы органдарымен бірге еңбек нарығына қажет мамандықтар бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау жүргізіледі.

Үшінші, «Іскерлік байланыс» жобасы аясында шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орнату арқылы өндірісті модернизациялауға қолдау көрсету жұмыстары жүргізілмек. Кәсіпкерлердің бұл жобаға қатысуы екі кезеңде  өткізіледі: бірінші кезең Қазақстан аумағында жүзеге асырылады, бұл кезеңде кәсіпкерлер бизнесті жүргізу және кәсіпорынды дамытуға арналған жобалар дайындау бойынша қысқа мерзімдік бизнес-тренингтерге қатысады, жобаларды дайындау шетелдік сарапшылардың көмегімен жүргізіледі, екінші кезеңде, кәсіпкерлер шетелдердегі алдыңғы қатардағы кәсіпорындарға тәжірибе алмасуға баратын болады. Бұл тағылымдаманы ұйымдастыруға Еуропада — Еуропалық Одақ ұйымы, АҚШ-та — ЮСАИД, Кореяда — КОІКА, Японияда — ЛСА, Германияда халықаралық ынтымақтастық орталығы секілді халықаралық және шетелдік ұйымдар қатысады. Бұл кәсіпкерлерге шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнатуға, заманауи технологияларды игеруге және болашақта бірлескен кәсіпорындар ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Іскерлік байланыс» жобасы шеңберінде «Жергілікті жабдықтаушылар» компоненті де қарастырылған. Бұл компонентке сай кәсіпкерлерге қажетті аймақтағы әлеуетті тапсырыс берушілер, оларға қажет тауар, қызмет, жұмыс көлемдері мен номенклатуралары туралы, сол аймақта қызмет етіп жатқан шетелдік инвесторлар мен жабдықтаушылар туралы ақпарат беріледі және жобаға қатысушылар мен потенциалды тапсырыс берушілер арасында іскерлік байланыстар орнатуға қолғабыс жасалады. Жалпы, биыл бұл жобаға мыңнан астам кәсіпкер қатысады деп ойлап отырмыз.

Осы жылы бағдарлама жобаларын және өңірлерді индустрияландыру картасын іске асыру үшін еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша кадрлар даярлау және қайта даярлау, кіші және орта бизнес үшін кадрлардың біліктілігін арттыру, жастар практикасын ұйымдастыру бойынша да бірқатар іс-шаралар қаралған. Айта кету керек, бағдарламаның жергілікті үйлестірушісі — Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бағдарламасы, ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры — бағдарламаның қаржы агенті.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button