Әлеумет

Оразалы қажының обалына қалмайық

«Ақтөбе» газетінің 2011 жылғы 5 ақпандағы санында жарық көрген  Оразалы қажы Шымболатов туралы «Имамға тыйым  бола ма?» атты мақаланы оқып, біз, Қандыағаш қаласының бір топ тұрғындары, аналар мен әжелер, жағамызды ұстадық. Оразалыны «арамза молдаға», ХХІ  ғасырдың адамдарын  «аңқау елге» теңеп,   арыз-арманын жеткізген ел ағаларының мұнысына жол болсын!

Бізді  облысымыздың ең беделді газетінің бетінде осындай негізсіз, анық-қанығы тексерілмеген, журналистік зерттеу жасалмаған мақаланың жарияланып кеткендігі қатты қынжылтты.

Біз Оразалы қажыны 1997 жылдан  білеміз, сол жылы Қандығаш мешіті ашылып, 21 жасында имам боп тағайындалған еді. Содан бері ел-жұртымызды имандылыққа үндеп, парасаттылыққа,  адамгершілікке  шақырып, аянбай еңбек етті. Ол жас та болса бас бола білді, халықтың сеніміне, сый-құрметіне ие болды. Оразалы қажы қазір басқа қызметке ауысып кетсе де, халық қуанышы мен қайғысын  онымен бірге бөлісуді қалайды. Сондықтан тойларға арнайы шақырылады, кейде марқұм болған адамның өсиеті бойынша жаназаға қатыстырылады. Оның бәсеке-бәйгемен, талас-тартыспен ісі жоқ, таза адам. Мақала авторларының «…Жаназа шығару жолында алдына жан салмайды» деуі — үлкен қателік.  Және де «…Алла үйіне бірде-бір жөндеу жұмыстарын жүргізген емес» дегендері  де жалған  сөз. Оған айтар дәлеліміз бар.

2001 жылы аудан әкімі Оңдасын Оразалин мырзаның қолдауымен мешітке күрделі жөндеу жүргізілді.  2003 жылы Нұрлан Сейіткамалов мырза екінші рет  мешітті жөндеуден өткізді. 2007 жылы мешіттің ашылғанына 10 жыл толуына орай  Бауыржан Құрманалин мырзаның  көмегімен үшінші рет күрделі жөндеуден өтті. Мешітке Чехияда жасалған 1 млн. теңге тұратын  қазандық орнатылды. Осының бәрі Оразалы қажының іскерлігінің арқасында жүзеге асты,  ел алдында  абыройының барлығы осыдан-ақ байқалмай ма?  «Алматыкілем»  фабрикасына 570 мың теңгеге жайнамаз кілем тоқытқанын, оның әлі күнге мешітте төсеулі жатқанын жұрттың бәрі біледі. Осы шаруалардың бәрі демеушілердің  қолдауымен жасалды, оның бәрін ұқсату кез келген адамның қолынан келе бермейді. Демеушілер де оңай қолға түспейді.

Ал  Оразалының осы еңбегін жоққа шығарып, мақалада Ғабит имам келгелі ғана  мешіт жөндеуден өтіп   жатқандай етіп жазыпты. Шынын айтсақ, соңғы жөндеу жұмыстарының  мешітке келушілердің есебінен жасалғаны бізге белгілі.

«…500 теңгеден жинап, қажылық парызын өтеп келді» дейді, бұл да жалаға жақындау. Нұржан Ақмұратов деген азамат  Оразалыға:  «Әкемнің атынан қажылық рәсімін жасап кел, қаражатын өзім көтеремін» деп өтініш білдірген, сол себепті қажылық сапарға барып қайтты. Мұның несі айып, сауапты іс емес пе?!

Оразалы қажы Шынболатовтың өмірдерегімен таныстыра кетуді жөн көрдік. Ол  1995 жылы  Алматыдағы  Ислам институтын, Пәкістанның Исламабад қаласындағы  Халықаралық  «Дауа» академиясын  үздік дипломмен тәмамдаған. Түркиядағы  «Хасеки» білім орталығында білімін жалғастырған.

Қандыағаш мешітінің 10 жылдығына орай  еліміздің Бас мүфтиі  Әбсәттәр Дербісәлінің, облыс әкімі Е.Сағындықовтың   Алғыс хаттарымен марапатталған.

«Осындай құрметке ие болған жас маман, абыройлы азамат  Оразалы қажының соңына шам  алып түсіп, оны даттап жүрген  топтың көздегені не екен?» деген ой бізді қинайды. Әлде қызғаныш па? Оразалы қажының обалына қалып,  ел ішіне іріткі салатын мұндай әңгімені көңірсітіп жүрген жерлестеріміз тәубеге келсе екен, қателіктерін мойындап, газет бетінде кешірім өтінсе екен  дейміз. Біздің айтпағымыз осы еді.

Айжамал Сұңғатова,

Ануза Нұрмағанбетова,

Бәтима Балағұлова,

Ақілгек Ахметова,

Жәмилә Қабиева,

Алма Кунисова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button