Жаңалықтар

Тәуелсіздік жылдарындағы Батыс Қазақстанның пайдалы қазбалары

Республикадағы баланстық қормен алғанда Батыс Қазақстанның жер қойнауында  100% хром, 5,2% темір, 5,8% мыс, 7,8% мырыш, 25,5% никель, 15,7% кобальт, 2,0% альюминий, 69,7% титан, 29,9% цирконий, 4,0% алтын, 3,4% күміс, 4,0% қоңыр көмір, 34,5% фосфор, 96,1% калий тұздары, 88,8% вермикулит, 100% антофиллит-асбест, 28,8% каолин шоғырланған.

Пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік есебінде 155 қатты пайдалы қазбалардың кенді және кенсіз кен орындары есепте: 15 алтын кен орындары —115 килограмм, 7 күміс кен орындары — 655 тонна, 8 мыс кен орындары — 1 миллион тонна, 8 мырыш кен орындары — 1 миллион тонна, 3 марганец кен орындары — 40 миллион тонна, 38 кобальт кен орындары — 79 мың тонна, 18 хром кен орындары — 335 миллион тонна, 6 темір кен орындары — 3 миллиард тонна, 22 борат кен орындары — 563 миллион тонна.

30 жыл ішінде Батыс Қазақстандағы қорлардың өсуі, негізінен, металдар бойынша мынадай құрылымға ие: алтын — 116 мың килограмм, күміс — 205 мың тонна, мыс — 847 мың тонна, марганец кені — 50 мың тонна, никель — 73 мың тонна, кобальт — 3 мың тонна, темір — 1 миллиард тонна, борат кені — 459 миллион тонна.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі тұсында қорлары барланған қатты пайдалы қазбалардың кен орындары қатарына Лиманды және Құндызды мыс және мырыш, Дүбірсай, Восход, Қарағаш хром, Шуылдақ, Аралтөбе, Сартаған марганец, Солтүстік Велихов, Оңтүстік Велихов темір кендері жатады.

Өңірдегі алтынның баланстық қорының 90%-ға жуығы жер қойнауын пайдалануға қатыстырылған. Алтын қорының негізгі бөлігі, кешенді мыс-мырыш кен орындарына бағытталған. Өңірдегі мыс және мырыштың баланстық қорының 100%-ы өнеркәсіптік дамуға қатыстырылған: Октябрьдің 50 жылдығы и Приорскі кен орындарын «Коппер Текнолоджи» ЖШС, Лиманды және Құндыздыны — «КазГеоруд» ЖШС және Весенне-Аралчинскі кен орнын — «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС игеруде. Бүгінгі күні мыс-колчедан және мыс-мырыш кен орындарын қоспағанда, барлық силикатты никель-кобальт кен орындары резервте тұр. Жер қойнауын пайдаланушылар — «Коппер Текнолоджи» ЖШС, «КазГеоруд» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС болып табылады. Сондай-ақ хром кендерінің баланстық қорының 97,4%-ы  өнеркәсіптік дамуға қатыстырылған: Оңтүстік Кемпірсай кенді ауданындағы хром кен орындарын «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң кен байыту комбинаты  және «Восход-Oriel» ЖШС игеруде.

Бүгінгі таңда хромды өндіру жұмыстары Қазақ КСР 40 жылдығы – Молодежный шахтасында, Миллионный — «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасында, Қазақ КСР 20 жылдығы — Оңтүстік карьерде және Восход карьерінде жүргізілуде.

Пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік есебінде Батыс Қазақстан бойынша 242 мұнай кен орындары және 120 қосалқы газ кен орындары бар, оның ішінде 225 мұнайгаз конденсат кен орындарында геологиялық зерделеу және игеру жүргізілуде. Өндірілетін мұнайдың жалпы қоры өнеркәсіптік санат бойынша 2859 миллион тонна және 1224,0 миллиард текше метр қосалқы газды құрайды.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мерзімінде барланған және мемлекеттік балансқа алғаш рет қойылған 52 мұнай және газ кен орындары мыналар: Оңтүстік-Шығыс Новобогат (карниз үсті), Асанкеткен, Шығыс Қызылжар, Солтүстік Кариман, Хазар, Әуезов, Солтүстік Шығыс Қаратұрұн, Үйтас, Батыс Байшонас, Батыс Жетібай, Батыс Дараймола, Есен, Батыс Сарықұмақ, Батыс Жантерек, тұзасты Көкжиде, Лебяжье, тұ үсті Мәртөк, Тақыр, Шығыс Дараймола, Оңтүстік Өріктау, Шығыс Өріктау, Орталық Новобогат, Шығыс  Уаз, Уйлюк, Солтүстік Орысқазған, Жартөбе, Қарашқазған, Солтүстік Уаз, Нұржанов (солтүстік-батыс қанаты), Шығыс Мұнайбай, Шалва, Шығыс Аққар, Шоба, Тасқұдұқ, Оңтүстік Ащыкөл, Қағанай, Сарлы, Тамдыкөл, Шығыс Сарықұмақ, Оңтүстік Бесшоқы, Дулат, Борқылдақты, Солтүстік-Батыс Елемес, Құбасай, Аңсаған, Батыс Қарасор, Жамбыл, Жетісу, Балықшы, тұзасты Мәртөк және Шығыс Бектұрлы.

30 жыл ішінде Батыс Қазақстандағы көмірсутек шикізатының жалпы қорларының өсуі 205 миллион тонна мұнай, 154 миллиард текше метр қосалқы газды құрайды.

Жетекші орынды (300 миллион тоннадан астам) Теңіз және Қашаған алып кен орындары иеленеді. Өндірілетін мұнайдың жалпы қоры 1900 миллион тонна мұнай және 718 миллиард текше метр қосалқы газ.

Қосалқы газ қорының ірі кен орны  Имашев кен орны болып табылады (128 миллиард текше метр), өндірілетін мұнайдың жалпы қоры ірі кен орындарына 10 кен орындары жатқызылған, олар: Өзен, Қарашығанақ, Королевскі, Солтүстік Трува, Каламқас, Жетібай, Жаңажол, Солтүстік Бозащы, Қаражанбас және Әлібекмола, жалпы қоры АВС1 санаттары бойынша – 501 миллион тонна.

С.СЕЙІТЖАНОВА,

«Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаменті мемлекеттік теңгерім және геологиялық қорлар бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button