Жаңалықтар

Мектепте ақынның бюсті ашылды

Қызылжар елі мекеніндегі №73 жалпы білім беретін Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп-гимназиясында ақынның 90 жылдығына арналған мерекелік шара өтті.

2018 жылы салынған 300 орындық мектепке биыл көктем айында ақынның есімі берілген болатын. Бұл мектеп ұстаздары мен оқушылары үшін тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы ең үлкен сый еді.

Кеше мектепте ақынның 90 жылдық мерекесі тойланып, поэзия алыбының құрметіне қойылған бюсттің ашылу рәсімі болды.

Білім ордасындағы бюстің ашылу салтанатына қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева бастаған қаладағы мектеп директорлары  және Қызылжар елді мекенінің тұрғындары қатысты.

Мектеп дәлізіне қойылған бюсті ауыл ақсақалы Кеуілімжай Балмұратов пен қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Жаңабекұлы ашты.

Қартпай Кеуілімжаев ақсақал  мектепте білім алып жатқан оқушылардың Мұқағали секілді елге танымал тұлға болуларына тілектестігін білдіріп,  батасын берді.

Шарада сөз алған 4-сыныпта оқитын Жанерке Жоламанова  атақты тұлғаның атын иеленген мектепте білім алып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Ақынның құрметіне  қалалық деңгейде 1 ай бойы байқаулар өткізіліп, спорттық шаралар ұйымдастырылған болатын.

Салтанатты шара ақынның 90 жылдық мерейтойына арналған «Отан деген маған да, саған да Ана!» атты айлық іс-шарасының қорытынды кешімен жалғасты. Өнерпаз оқушылар ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, өлеңдерін оқыды.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева спорттық шараларға белсене қатысып, жеңімпаз атанған мектептерге Алғыс хатын табыстады.

Одан кейін қала мектептері арасында 8-11 сынып оқушыларының қатысуымен өткізілген эссе жазу, көркемсөз оқу, сурет салу, қолөнер байқауларының жеңімпаздары марапатталып, арнайы сыйлықтар берілді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында атақты ақынның есімі беріліп, бюст қойылды. Бұл — оқушыларымыз бен ұстаздарымыз үшін үлкен мәртебе, құрмет.   Оқушыларымыз да, мұғалімдеріміз де Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте білім алып, жұмыс істеудің жауапкершілігін сезінетін болады, — дейді мектеп директоры Артур Мұқамбетжанов.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button