Телевизия күніне арналған алғашқы көрме
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде 21 қараша — Дүниежүзілік телевидение күніне арналған мерекелік көрменің ашылу рәсімі өтті. Көрме мақсаты — музей келушілеріне өлкеміздегі «Аqtóbe» және «РИКА ТВ» телеарналарының тарихын насихаттап, музейдің аталған телеарналар арасындағы ынтымақтастық, ақпараттық-мәдени байланысын одан әрі нығайту.
Көрме экспозициясына «Аqtóbe» және «РИКА ТВ» телеарналарының телеқұрылғылары мен музей қорының тұрмыстық-металл коллекциясындағы әр жылдары кезіндегі Ленинград, Мәскеу зауыттарынан шығарылған теледидарлар қойылды.
Мерекелік шараға аталған телеарналардың ұжымдары мен ардагерлері қатысты. Сөз алған «Аqtóbe» телеарнасының ардагерлері Амангелді Мектепбаев, Жексенбай Құлданов, «РИКА ТВ» телеарнасының бас редакторы Марина Васильева телевизия күніне арналған мұндай мерекелік көрменің өлкемізде алғаш рет өткізіліп отырғанын ерекше атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Шара музейдің баспасөз залында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингпен жалғасты.
Музей директоры Мейрам Дүйсенғали музейдің түрлі деңгейдегі шараларын және археологиялық, этнографиялық бағытында жүргізілген ғылыми-зерттеу жобаларын насихаттауда телеарналардың еңбектері ерекше екенін айтып, шығармашылық табыстар тіледі және басшыларына құттықтау хаттар табыстады.
Өз кезегінде «Аqtóbe» телеарнасының директоры Мирас Мұқаш телеарнаның тарихи жәдігерлерін музей келушілеріне насихаттап, екіжақты ақпараттық-мәдени байланыстарды нығайту мақсатында мерекелік көрме ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдіріп, музейдің бір топ қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады. Бұл көрмені жыл соңына дейін тамашалауға болады.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері.