Жаңалықтар

Жансақтау бөлімінде 16 науқас жатыр

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясымен 6 жағдай тіркелген. Қазіргі таңда үй карантинінде 1210 адам жатыр. Бұл туралы кеше тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндады.

1-5 желтоқсан аралығында облыста аурудың көбею көрсеткіші — 0,774, аурушаңдық көрсеткіші 4,87 пайызды құрады. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясымен — 6, пневмония бойынша бір науқас тіркелді. Ал індет жұқтырғандардың жас ерекшеліктеріне келсек, соңғы айларда өңірде 60-65 жастағы адамдар арасында ауру көп тіркелген. Сонымен қатар коронавирус инфекциясымен мектептерде — 1001, жоғары оқу орындарында — 42, арнаулы оқу орындарында — 97, балабақшаларда 205 жағдай тіркелді, — деді М.Сербаев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыстағы мобильді мониторингтік топтар жеке және заңды тұлғалардың бетперде тағу режимі және басқа да эпидемияға қарсы іс-шараларды орындауы бойынша рейдтік тексерулер жүргізуді жалғастыруда.

Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес биыл жыл басынан бері «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 946 адамға заң бұзғаны үшін 92 859 718 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 94 адам жатыр. Жансақтау бөлімінде 16 науқас жатыр. Олардың үшеуі өкпенің жасанды желдету аппаратына, 6 науқас инвазивті емес жасанды желдету аппаратына қосылған. Сондай-ақ індет жұқтырған 13 бала ем алуда. Карантиндік стационарларда 5 адам бақылауда.

— Қазір стационардағы кереуеттердің 31 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 32 пайызы толық. Вакцинацияға келсек, бүгінгі күнге дейін облыста 356 мыңнан астам адам екпенің бірінші компонентін алса, екінші компонентін 331 мыңнан астам адам салдырған, — деді Б.Ізбасаров.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button