Әлеумет

Сайлау

Кезектен тыс сайлау:

Үміткерлерді тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

5 ақпаннан бастап Орталық сайлау комиссиясы бекіткен жоспарға сәйкес ҚР Президенттігіне кандидаттарды ұсыну басталды. Бүгінге дейін 3 кандидат ұсынылды.

Ақпанның 5 күні Орталық сайлау комиссиясына Президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі Сәлім Сағындықұлы Өтен ұсынды. Ал 6 ақпанда Уәлихан Қайсаров Президенттіктен үміткер болуға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ 7 ақпанда өзін-өзі ұсыну жолымен өз кандидатурасын  Мұсағали Сәрсенбайұлы Дуанбеков ұсынған болатын.

Үміткерлерді тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысында  шетелдік бақылаушы ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу, кандидаттардың сайлау қорының уақытша шотын ашу мәселелері қарастырылып, қаулымен бекітілді.

Комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша,  ұсынылған кандидаттардың талаптарға сәйкестігі анықталған соң бес күн ішінде ОСК оларға азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын беруге міндетті.

Президенттікке кандидатқа расталған 91 мың қол қажет. Қолдап қол жинауды кандидаттардың сенім білдірген адамдары жүргізеді. Қол жинайтын топтар мен олардың адамдар саны шектелмейді. Кандидатты қолдап қол қойылған парақтарды аумақтық сайлау комиссияларына тапсырады. Бұл қолдарды олар паспорт қызметтерімен бірге он күн ішінде тексереді, деді ол.

Үміткер емтиханнан өтпей қалды

Алдын ала бекітілген Орталық сайлау комиссиясында Президенттікке үміткерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссияның жаңа құрамы бекітілген болатын. Комиссия төрағасы болып филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ал хатшысы болып педагогика ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева тағайындалды.

— Президент боламын деген адам ол өзінің қайраткерлігімен ғана емес, мемлекеттік тілді білу, осы тілді меңгеру жағынан да үлгі болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы бізге сенуге болады. Мен де комиссия мүшелерінің алдында елдің, халықтың бізге сенуіне болады деп айтқым келеді. Құдай қаласа, комиссия талапты күшейтіп, өте әділ жүргізеді деп сеніммен айтамыз, — деді Мырзатай Жолдасбеков.

Сейсенбі күні Президенттіктен үміткердің бірі У.Қайсар қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған алғашқы емтиханын тапсырды. Таңертеңгісін алғашқы болып қатысу керек болған үміткер Сәлім Өтен белгілі себептермен емтиханға келе алмады.
Емтихан комиссия мүшелері дайындаған билеттер бойынша әртүрлі тақырыптарда жүргізілді. Оның біріншісі — көлемі екі бет жазбаша шығарма жазу, екіншісі — үш беттен кем емес шығарманы мәнерлеп оқу және үшіншісі — 15 минут сөз сөйлеу. Сонымен қатар, емтихан барысында комиссия мүшелері үміткерге әр түрлі тақырыпта сұрақтар да қойған. Бас-аяғы үш сағатқа созылған сынақты қорытындылай келе, лингвистикалық комиссия Президенттікке үміткер Уәлихан Қайсар мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген шешім шығарды.
—  Жазба жұмысы бойынша үміткер өзі таңдап алған тақырыпты аша алмады. Жеткізейін деген ойы шашыраңқы. Ой жүйесінде сабақтастық жоқ. Шығарма авторы сөйлем құрауда көп қате жіберді. Қорытындысында орфографиялық қате — 7, пунктуациялық қате – 11, стильдік қате – 10. Бас-аяғы екі беттік жазба жұмысында 28 қате жіберді. Таңдап алған мәтінін орташа оқып шықты, көңілден шықты. Үшінші, еркін— «Халықаралық ынтымақтастық аясындағы Қазақстан» деген тақырып болды. Тақырып ашылмады, негізгі бағыттан ауытқып, өзге мәселелерді айтып кеткен. Комиссия осы кемшіліктердің бәрін ескере келіп, біздің үміткеріміз мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытындыға келіп отыр, — деді ОСК Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

Германия үкіметі Елбасының президенттік сайлау тағайындағанын қолдайды

«Германияның Федералды үкіметі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың референдумнан бас тартып, Конституцияда көрсетілгендей президенттік сайлау тағайындағанын қолдайды. Осы арқылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ның демократия мен тиімді мемлекеттік басқару саласындағы принциптеріне деген адалдығын айғақтайды». Германия Федералды үкіметінің ресми өкілі Штефен Зайберт мәлімдемесінде осылай жазылған.

Сондай-ақ Қазақстан Президентінің үндеуіне Христиан демократиялық одағының Бундестагтағы фракциясы да қолдау білдірді. «Мемлекет басшысының бұл саяси шешімі демократия құндылықтарын берік ұстанатындығын көрсетті деп бағалауға болады», —  дейді фракцияның атқарушы хатшысы Манфред Грунд. «Қазақстан модернизация жолымен келеді және бұрынғы Кеңес Одағы елдерімен салыстырғанда оның жетістіктері көзге көрініп тұр. Мемлекет басшысы елде тұрақтылық орнатып, экономикалық және әлеуметтік прогреске қол жеткізді. Президент Назарбаевтың шешімі Қазақстанның сенімді саяси реформалар жолымен келе жатқанын айғақтайды», — дейді Бундестаг депутаттары.

Бельгия да қолдайды

Бельгия Корольдігі Федералды Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Андре Флао Брюссельде Қазақстан Республикасының Бельгия мен Люксембургтегі Төтенше және өкілетті елшісі, Еуроодақ пен НАТО жанындағы миссия басшысы Ерік Өтембаевпен жүздесіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың референдумнан бас тартып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешіміне қолдау білдіретіндігін мәлімдеді.

Кездесу барысында Бельгия тарапының өкілі Қазақстан Президентінің жақындағы халыққа арнаған Жолдауымен егжей-тегжейлі таныс болды. Елші Е.Өтембаевпен осы құжатты талқылай келе, Бельгия Парламенті төменгі палатасының төрағасы референдумнан бас тартып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім «Қазақстан халқының таңдауын ескеріп, елдің демократиялық ұстанымдарға берік екендігінің және халықаралық міндеттерді сақтайтындығының жарқын көрінісі» деген пікірін білдірді.

Автоматтандырылған жүйе қолданылмайды

Орталық сайлау комитеті басшысы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, алдағы болатын сайлауда Автоматты түрдегі «Сайлау» дауыс беру жүйесі қолданылмайды, халық қарапайым дауыс беруді қолданады. Тұрғанқұлов «дауыстарды есептеп бітіру 9 сәуірден кешікпеуі тиіс» екендігін айтты.

Баспасөз орталығы ашылды

Орталық сайлау комиссиясында баспасөз орталығы ашылды. Журналистерді аталған орталықпен таныстырған Қуандық Тұрғанқұлов орталықтың 2011 жылдың 3 сәуірінде өтетін кезектен тыс президенттік  сайлауға дайындық барысында да, сайлау кезінде де жұмыс істейтіндігін атап көрсетті. «Біз баспасөз орталығы Орталық сайлау комиссиясының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын арттырып, сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол  сайлау заңнамаларына қатысты мәселелерді түсіндіріп, насихаттауға да септігін тигізеді деген үміттеміз», — деді Қ.Тұрғанқұлов.

Шетелдіктер сайлау барысын бақылай алады

Орталық сайлау комиссиясы кезекті мәжіліс барысында «2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауындағы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады.

Отырыста осы құжат бойынша баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкованың айтуынша, 2001 жылдың 3 сәуіріне тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері еліміздің Сыртқы істер министрлігі таратқан аккредитациялау туралы куәлігін көрсету арқылы сайлаудың

барысын байқай алады. «Халықаралық байқаушылар мен шетелдік журналистер жеке куәлігі болған жағдайда аудармашылармен бірге жүруге құқылы. Біз халықаралық байқаушының сауалнамасының мәтінін бекітіп, оларды аккредитациялау мерзімін биылғы жылдың 8 ақпаны мен 28 мамыр айының аралығына белгіледік», —   деді комиссия мүшесі.

Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сайлауға шетелдік байқаушылардың қатысуы кезектен тыс сайлаудың заң талаптарына сай өтуіне мүмкіндік беріп, тәжірибе жинақтауға ықпал ететіндігін атап көрсетті.

khabar.kz., newskaz.kz.,kazinform.kz. сайттарының материалдары бойынша дайындаған М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button