Әлеумет

Жолдау

Іскер әйелдер де қолдады

Шұбарқұдық кентінде «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы, еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуындағы әйелдердің рөлі» атты конференция өтті. Басқосуға мемлекеттік қызметкерлер, округ әкімдері, кәсіпкерлер, білім, денсаулық саласының өкілдері мен ауданның іскер әйелдер клубы мүшелері қатысты.

200-ден астам адам қатысқан конференцияда аудан әкімі Бауыржан Қаниев ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген табыстар туралы айта келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауындағы басты бағыттарды айтты.

Елбасының жыл сайынғы Жолдауын бүкіл Қазақстан халқының күткені шындық. Неге десеңіз, ол елдің бүгінгі даму барысын байыптап, ертеңгі болашағына бағдар береді. Ендігі мақсат — Елбасының тапсырмаларын жүйелі орындауымыз керек, — деді ол.

Конференция барысында аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің рөлі, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесі, ауыл әйелдерінің тұрмыстық жағдайын жақсарту, мектептердегі тәрбие, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тақырыптарында баяндамалар оқылды.

Конференция барысында аудандағы 10 белсенді әйел облыс орталығында өтетін конференцияға делегат ретінде сайланды.

Конференцияда аудандағы іскер әйелдер Жолдауды қолдау мақсатында үндеу қабылдады.

Меңдіхан ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

***

Ауылдар ажарлана түседі

Қазір ауданда  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы лайықты қолдауға ие болып жатыр. Жуырда Ойыл аграрлық колледжінде «Нұр Отан» ХДП Ойыл аудандық филиалының бастамасымен оқушылар мен олардың ата-аналарын жинаған митинг болып өтті.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев Елбасы Жолдауын сараптап, оның маңыздылығын колледж оқушыларына насихаттады.

Елбасының денсаулық сақтау саласына баса назар аударып, көбірек көңіл бөлуі қуантарлық жағдай. Өйткені жарқын келешекке дені сау ұрпақ тәрбиелеп жеткізуіміз керек. Дамыған елдердегі секілді жоғары деңгейдегі медициналық орталықтар қазіргі күні Қазақстанда да ашылып, іске қосылып жатыр. Облыс орталығында күрделі жүрек ауруларын емдейтін кардиологиялық орталық халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетілетіндігінің айқын көрінісі, — деді ол.

Жиында партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әбілхан Әжниязов, аудандық сот төрағасы Аманғали Қаржауов, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Әділбек Бюрин сөз сөйледі.

«Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Әсет Пангереев өз кезегінде биылғы Жолдаудың ерекшеліктері туралы айта келе, колледж оқушыларын ел болашағы үшін бірігіп еңбек етуге шақырды. Жиын барысында сөз алған Ойыл аграрлық колледжінің директоры  Ғазиз Займолда Жолдауда айтылған маңызды мәселелерді тілге тиек етті.

— Қазіргі таңда Қазақстан алдыңғы қатарлы 110 елдің ішінде 50-ші сатыға табан тіреді. Бұл — ел тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихының жемісі. Жастарымыздың ауылда жұмыс жасағаны өте маңызды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын одан әрі жандандыруымыз керек. Мәселен, Америкада урбанизация дәуірі үстемдік етіп, ауыл халқы жаппай қалаға бет бұрған болатын. Ал қазіргі таңда қаладан ауылға қайта қоныс аудару жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының ажырамас бір бөлігі. Сондықтан да Елбасымыз жас мамандардың ауылдық жерлерде еңбек етуіне баса назар аударып жатыр. Білім беру саласында да біршама өзгерістер пайда болды, электронды оқулықтардың да ауылы алыс емес, — деп колледж атынан Жолдауды қолдайтындықтарын айтты.

Артур ҚАЛДЫҒҰЛОВ,

Ойыл селосы.

**

Тәуелсіздікпен тамырлас

Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауын жыл сайын асыға күтеміз.  Елбасы Жолдауы алдағы онжылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың бағдары болып табылады. Сындарлы саясат арқасында жастар сапалы білім, халқымыз жоғары деңгейде медициналық көмек алуға мол мүмкіндік алып отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін еліміздің әлемдегі алпауыт мемлекеттер қатарынан көрінуі мақсатында жасап жатқан бұл қадамдары құптарлық іс. Бүгінде Хромтау ауданындағы еңбек ұжымдарында Жолдауды түсіндіру мақсатында жиындар ұйымдастырылып, насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда Елбасының еңбегі ерекше.  Бүгінгі күнге дейін қол жеткізген табыстарымыз  — Президенттің сарабдал саясатының жемісі. Бұл жолғы Жолдауында да Елбасы нақты жоспарлар мен ірі-ірі жобаларды ұсынды. Жолдауда білім, денсаулық сақтау салаларын ең бірінші орынға қойып, оның сапасы мен дамуына үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Өткен жылы бағындырған жетістіктер биыл да жалғасын тауып, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы халық үшін игілікке толы болатынына кәміл сенемін.

Максим САПАРОВ,

Хромтау аудандық ішкі саясат

бөлімінің бастығы.

Бастысы — білім туралы бағдарлама

Елбасының халыққа Жолдауын тыңдап, Қазақстанның азаматы ретінде қуандым. Өйткені Жолдауда елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға байланысты жасалған көп игі істер аталып өтті. Шынымен де, халықтың күнкөріс деңгейі күннен-күнге жақсарып келеді.

Жолдауда, әдеттегідей  білім саласына көп көңіл бөлінді. Бүгінгі таңда елімізде аталмыш салаға жасалып жатқан қамқорлық білім-тәрбие жұмыстарының сапасын арттыруға негіз болып отыр. Жаңа білім ошақтары бой көтеріп, мектептердің материалдық-техникалық базасы заман талабына сәйкес жабдықталуда.

Өткен жылы Қобда қазақ орта мектебі аудан бойынша «Ең үздік мектеп» атанып, облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың арнайы грантын жеңіп алды. Осыдан екі жыл бұрын мектебіміз 460 орындық жаңа ғимаратқа көшіп, білім саласында елеулі табыстарға қол жеткізіп отыр. Соның айқын дәлелі — 2009-2010 оқу жылдарын мектептің екі оқушысы «Алтын белгімен» тәмамдап, қазір олар жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіруде.

Мектепте мультимедиялық кабинеттер жабдықталып, интерактивті тақта орнатылған. Мұның өзі заманауи технологияларға жүгіне отырып, оқушыларға сапалы білім берудің бірден-бір көрінісі. Енді Жолдауда атап өтілгендей, 2011-2020 жылдарға арналған білім саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы үлкен серпіліс болмақ. Ондағы белгіленген үлкен мақсаттарды жүзеге асыру — еліміздің білім беру саласында қызмет ететін әрбір ұстаздың, маманның тікелей міндеті.

Әдемі ОМАРОВА,

Қобда қазақ орта мектебінің мұғалімі.

Қобда ауданы.

Баянды болашақ үшін

«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Мемлекет басшысының халыққа арнаған биылғы Жолдауы — алдағы онжылдық дамудың мақсат-міндеттерін нақты белгілеп бергендігімен құнды. Енді тек білекті түріп, белсене жұмысқа кірісу ғана қалды. Меніңше, әрбір Қазақстан азаматы Жолдаудан тек рухани азық алуға тиіс. Кейінгі ұрпақ, яғни жастар өздерінің өмірлік бағытын дұрыс таңдай білсе, еліміздің болашағы жарық болатынына сенімдімін.

Биылғы Жолдауда жастар мәселесі ерекше айтылды. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер шәкіртақысының 30 пайызға көтерілетіні — жастар үшін ерекше қуанышты хабар. Бұл — еліміздің баянды болашағы жолында жасалып отырған үлкен жоспарлы реформа.

Алмаз ТАСҚЫНБАЕВ,

жас маман.

Мұғалжар ауданы.

***

Жұртшылықпен өткен жиын

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауын қолдау мақсатында жиын өткізді.

Музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары О.Өтепова жиналғандарға Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіріп, ерекшеліктеріне тоқталды. Бұдан әрі сөз алған музей директоры Амантай Өтегенов: «Біздің сан ғасырлар бойы бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 20 жыл толады. Болашақта да осы тәуелсіздіктің туын аласартпай, еңсені тік, рухты биік ұстауымыз керек. Ол үшін тарихымызды терең білуіміз, тәуелсіздікке оңайлықпен қол жетпегендігін жас ұрпаққа насихаттап, түсіндіре білуіміз қажет», — деді.

Жиында музей қызметкерлері М.Буханова, Н.Сансызбай, Е.Сүйеубаев, Ж.Сағидуллина өз пікірлерін білдірді.

А.САРЫБАЙ,

музей қызметкері.

***

Жолдау жетістікке жетелейді

Жыл  сайын Елбасының  Қазақстан халқына Жолдау арнауы игі дәстүрге  айналғаны — қазақ елінің нық сеніммен  алға басып келе жатқанының  көрінісі.  Әр жылғы Жолдау мән-маңызымен,  өзектілігімен  ерекшеленеді. Осы жолғы Жолдау көтеріп отырған мәселелерінің күрделілігімен  құнды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға  бағытталған  межелі  міндет, айқын мақсаттарды топтастырған құжатта Елбасы білім  беру, денсаулық және ауыз  су  мәселесіне  көңіл  бөлуді тапсырды. Солардың барлығы да кезек күттірмейтін  мәселелер. Өз шешімін табады деп үміттенеміз.

«Тәуелсіздіктің  алғашқы 20  жылы ішінде ешбір ел үлкен нәтижеге қол жеткізген  жоқ еді», — деген Елбасымыздың сөзі бізге үлкен ой салды. Еліміздің әрбір азаматы өткен  жолын  саралап,  келешегін таразылай білуі қажет. Жиырма жылдық  тарихы бар Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қол жеткізген жетістігі де, келешектен күтетін  жақсылығы да аз емес.

Жолдаудағы осы жылы зейнетақының, шәкіртақының және бюджеттік  сала қызметкерлері жалақысының көлемі 30 пайызға көбейтіледі деген жолдар да халықты қуантып тастады.

Облыстық С.Жиенбаев  атындағы жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Елбасының Жолдауының  маңызын түсініп,  шын ықыласпен қолдау көрсетіп, халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарына атсалысады.

Айгүл МАҚСАТҚЫЗЫ,

облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер

кітапханасының қызметкері.

***

Үміт оянды

Өткен жылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығымен шұғылданатын еңбекші қауымды әрі-сәрі күйге салғаны рас еді. Көп еңбек еш кетті. Алдағы жылдың егініне не істейміз деп, диқаншы қауымы толғану үстінде жүргенде Елбасының биылғы халыққа Жолдауы ауыл адамдарының үлкен сенімін оятты.Себебі, онда алдағы жылдары ауыл шаруашылығына қомақты қаржы бөлінетіні айтылған. Оның үстіне қаңтардың соңы мен ақпан айларында түскен ылғал егінші қауымын қуантып отыр. Біздің Мәртөк өңіріне қаңтарда 10 мм. қар жауды. Ал ақпан айында бұдан да молырақ болатын түрі бар. Былтырғымен салыстырғанда бұл жоғары немесе жағдай ілкәм тәуір деген сөз. Тағы бір жақсы хабар, белгілі жұлдызшы Назарбек Қазақстанның батыс облыстарында биыл астық болады деген болжам айтты. Сондықтан ауданның егінші қауымы, шаруа қожалықтары бұрынғы көзқарастарын өзгертіп, көктемгі егіске қамдана бастады. Қазір тұқым мәселесін шешуге талаптанып жатырмыз. Басқа облыстардан тұқым сатып алу жолдарын қарастырудамыз. Бірақ оның ұсынып тұрған бағалары аса қымбат. Тоннасы 60 мың теңгеге жуықтайды. Оның сыртында тасымалы бар. Өткен жылы тұқым бағасы мұнан екі есе төмен болды.

Аудан диқандары алдағы көктемде 100 мың гектар егіс салуға меже белгіледі. Біздің есебіміз бойынша ауданға 12 мың тоннадай дәнді дақыл тұқымы керек. Қажетті тұқымның бір бөлігі өзімізден табылады.

Биыл күзде ылғалдың кемдігін ескеріп егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар бұрынғыдай күздік дақыл да еккен жоқ. Өткен жылы 70 мың гектар күздік дақыл қуаңшылық салдарынан шықпай қалған еді. Содан ауызы күйіп, күзде тәуекел ете алмады. Тек «Шаңды» шаруашылығы ғана 600 гектар күздік дақыл екті.

Қазір біздің ауданның егіншілікпен шұғылданатын ірі серіктестіктері қысқы агротехникалық жұмыстарды бастап кетті. Егістікке қар тоқтату тыңғылықты жүргізілуде.

Шамиль САРИНОВ,

Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы

бөлімінің бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button