Әлеумет

ЖСН және жыл соңы

Алдағы уақытта қазіргі қолданыстағы әлеуметтік жеке код (СИК) пен салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН) өз күшін жояды. Керісінше олардың ортақ қызметін жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) атқаратын болады. Дегенмен де ел тұрғындарының көбісінің төлқұжатында ЖСН қазірдің өзінде бар. Өйткені ҚР Әділет министрлігінің хабарлағанындай, 12 саннан тұратын бұл код жеке куәліктерге 1997 жылдан бері қойыла бастаған. Алайда 2007 жылы арнайы коды жоқ төлқұжаттарды қайта рәсімдеу жұмыстары жүргізіле бастады. Мұндай қайта рәсімделген төлқұжат иелері үшін еш қауіп жоқ, өйткені олардың сәйкестендіру нөмірі автоматты түрде жүзеге асырылады. Ал код алып үлгермеген (олар, негізінен, 1997 жылдан бері төлқұжат ауыстырмаған азаматтар болып табылады) жандар үшін асығуға тура келеді. Себебі, ЖСН-і бар құжат алу мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Тек 2012 жылға дейін төлқұжат ауыстырып үлгерсеңіз болғаны.  Облыс бойынша 71 мыңнан астам адам жеке куәліктеріне ЖСН енгізуге тиіс.

Құжат алу ісінде осы және өзге де мәселелерге қатысты түсінбеушілік танытып, редакциямызға хабарласушылар көп. Бізге хабарласқан бір топ тұрғынның сауалына Ақтөбе қалалық әділет басқармасының тұрғындарды тіркеу және құжаттандыру бөлімінің бастығы Салтанат Өтепбергенова жауап берді.

Сұрақ:

Айнагүл Ідірісова, көп балалы ана:

— Көп балалы аналар үшін жеке куәлік алуда қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Жауап:

— 2011 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты жеке куәлік алуда мемлекеттік баж салығының мөлшері 302 теңге болды. Көп балалы аналар, «Батыр ана», «Алтын Алқа», «Күміс Алқа» иегерлері, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, 1,2 топтағы мүгедектер мен бала күнінен мүгедек жандарға, Чернобыль апатынан зардап шегушілерге,  сондай-ақ жоғары атақ-дәрежесі бар азаматтар жеке куәлік пен төлқұжат алуда мемлекеттік баж салығынан босатылады. Ол үшін азаматтар қосымша құжаттарын көрсетуге тиіс. Өткен жылы мұндай жеңілдік  қала бойынша 188  азаматқа көрсетілді.

Сұрақ:

Темірбек Оразбай, қала тұрғыны:

— Жеке куәлігіме ЖСН енгізілмеген. Бұл іс қай уақытқа дейін созылады?

Жауап:

— Бүгінгі күні республика көлемінде жеке куәлігінде ЖСН-і жоқ құжаттарды ауыстыру жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Бұл іс  2012 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды.

Сұрақ:

Ыбырай Айболұлы, Алға ауданының тұрғыны:

— Жедел түрде жеке куәлік дайындау ісі уақытша тоқтатылды дегенді естіп едім. Осы туралы нақтырақ білгім келеді.

Жауап:

— Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматтарға жеке басты куә­ландыратын құжаттар екі ай ішінде берілуге тиіс. Егер белгілі себептермен құжаттарды жеделдетіп алуға қажеттілік туған жағдайларда, атап айтсақ, іссапар, емделуге жол­дама, шетелге шығу керек болса, сол  азамат өзінің, мәселен, шұғыл сапар жағдайын растайтын құжаттарды (жол жүру билеті, елшілікке шақырту, іссапарлық куәлік, мемлекеттік органдардың, спорт ұйымдарының қолдаухаты және т.б.) әділет басқармасы органдарына табыс ете отырып, арнайы арызбен тіркеледі. Мұндай жағдайда құжаттандыру бөлімшелерінің қызметкерлері жеделдіктің тек қана 3-санаты негізінде (15 жұмыс күн аралығында) белгіленген тәртіппен азаматтың құжаттарын рәсімдеп бере алады.
Дегенмен де  2010 жылдың 25 тамызынан бастап жедел түрде құжат дайындау ісі тоқтатылды. Бұған Астанадағы құжат дайындау өндірісі орындарының кешіктіріп жұмыс істеуі себеп болып отыр.

Сұрақ:

Ақзипа Айсұлтанова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Жеке сәйкестендіру нөмірі деген не?

Жауап:

Сәйкестендірілген нөмірдің екі түрі болады. Бірі — бизнес-идентификациялық нөмір (БИН) де, екіншісі — жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН). БИН-ді заңды тұлғалар алатын болса, жеке тұлғалар үшін ЖСН жарамды. Код 12 саннан тұрады: алғашқы алтауы төлқұжат иесінің туған күні, айы, жылынан хабар берсе, соңғы 5 цифр оның ЖСН-дегі кезек саны болып табылады. Төлқұжатты сәйкестендірілген нөмірі бар құжатқа өзгерту үшін үй кітапшасы, ескі жеке куәлік пен төлқұжат және 3х4 суреті болуға тиіс.

Сұрақ:

Айгүл Сағатқызы, мектеп оқушысы:

— Электронды төлқұжат алу міндетті ме?

Жауап:

Бұл — Қазақстан Республикасы азаматының басты құжаты. Ол халықаралық стандарттарға сай жасалады. Онда тұлғаға қатысты графикалық және мәтіндік ақпараттар сақталады. Ақпараттардың барлығы арнайы құрылғылар арқылы оқылады. Дегенмен электронды төлқұжат алу азаматтардың өз еріктеріндегі ісі. Бұрынғы алынған төлқұжаттарды мерзімі аяқталғанша пайдалануға болады. Электронды құжат шетелдерге жиі баратын адамдар үшін тиімді. Себебі, электронды төлқұжат шекара бақылауын жеңілдетеді.

Сұрақ:

Айболат Көшелеков, Қарғалы селолық округінің тұрғыны:

— Уақытша жеке куәлік беру жұмысы қалай жүргізіледі?

Жауап:

—  ҚР Әділет министрлігінің нұсқауы бойынша,  азаматтар жеке басын куәландыратын құжатын жоғалтқан кезде немесе қолындағы құжаты бүлініп, жарамсыз болған жағдайда уақытша жеке куәлік беріледі. Бұл құжаттың жарамдылық мерзімі —  үш ай.

Сұрақ:

Асқар Тәжіғұлов, Хромтау ауданының тұрғыны:

— Алматы қаласында тіркеуден шықтым. Қаладағы тұрақты мекен-жайға тіркеуге тұрайын десем, жеке куәлігімді жоғалтып алдым. Не істеуім керек?

Жауап:

— Мұндай жағдайда әуелі азаматтың арызы қабылданады. Қолында тіркеуден шыққандығын дәлелдейтін кету парағы болуы тиіс. Азаматтың арызы бойынша мамандар 48 сағат ішінде оның бұрынғы тіркеуде тұрған жеріне сұраныс жасайды. Яғни, азаматтың бұрынғы құжаттандырылған жерінен өзі туралы толық мәлімет алынады. Егер сұраныс 10 күн ішінде келіп болмаса, он күннен соң қайталама сұраныс жасалады. Бұл істе де нәтиже шықпаса, әділет басқармасы бастығының рұқсатымен істі бір айға созуымызға тура келеді.

Сұраныс бойынша келген мәліметтер азаматтың арызындағы мәліметтермен сәйкес келсе,  іс жабылып, қорытынды шығарылады. Бұдан кейін азаматты жеке куәлікпен құжаттандыру ісі жүргізіледі.

Сұрақ:

Айбек Қожабайұлы, Мұғалжар ауданының тұрғыны:

—Жеке куәлік пен төлқұжат халыққа қызмет көрсету орталығынан берілмейді дегенді естідім. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Жауап:

—Болашақта азаматтар жеке куәлік пен төлқұжатты облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасынан алатын болады. Бұл туралы арнайы қаулы қабылданды. Дегенмен бұл істің қай уақытта жүзеге асырылатыны әлі белгісіз.

Сұрақ:

Зәмзе Шалабайқызы, қала тұрғыны:

—Тіркеуге тұру үшін үй иесінің бірге жүруі міндетті ме?

Жауап:

— Ережеге сәйкес арыз берушіні тіркеуге аларда жанында үй иесі болуы қажет. Үй иесі өзін құқықтық дәлелдейтін құжаттарымен бірге тіркеу кітапшасын, үйдің техникалық паспорты мен сатып алу, сату шартын бірге әкелуге тиіс. Егер үй банкте жалда тұрса, онда банктен арнайы анықтама қажет.

Әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button