Жаңалықтар

Жақсылық пен жаңалықтың жаршысы

Баспасөз — 2022

Алмагүл САРЫБАЙ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі

Газет-журналды бала кезімнен сүйіп оқимын. Бала кезімізде әкем: «саған «Қазақстан пионерін», саған «Балдырғанды» жаздырдым» деп айтып отыратын. Біз газет-журналымыз келгенде қатты қуанатынбыз. Есейе келе, «Лениншіл жас» газетін алдырттым.

Ал «Коммунизм жолы» секілді газеттерді əкем өзіне жаздыртып алып оқитын. Бұл жақсы дәстүрден біз әрқайсысымыз бөлек отбасы болып кетсек те алыстамадық. Қазір отбасымызға «Ақтөбе» газетін алдыртып оқимыз.

«Ақтөбе» — оқырман қауымның ақылшысына, досына айналған жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Басылым бетінде өмірдің өзекті мəселелері көтеріліп отырады. Салиқалы пікірлер айтылып,  өлкеміздің  тыныс-тіршілігі туралы хабарлар жарияланып тұрады. Сонымен қатар өлкеміздің өткен тарихы, атақты тұлғалары туралы сыр шертетін тарихи-танымдық беттер де бар. Бұл газет жастардың рухани бай болып өсуіне  өз үлесін қосып келеді. Бір сөзбен айтқанда — жастардың тəрбиешісі.

«Ақтөбе» газеті — көзі қарақты оқырмандардың көзайымына айналған басылым.  Безендірілуі да ерекше. Газетке мақалалар жазып тұрамын. Ал басылымда жарық көрген тарихи құнды деректерді, еліміздің, өлкеміздің дамуына, өркендеуіне қатысты мақалаларды оқып,  күнделікті жұмысымда пайдаланамын. Цифрландыру саласы қарқынды дамып жатқанымен, басылым өз құндылығын жойған жоқ. Өйткені халық бар қажетін осы газеттен таба алады. Ғасырға жуық тарихы бар «Ақтөбемнің» орны ерекше.

Басқа жаңалықтар

Back to top button