Әлеумет

Бұқара

Тағзым

Әке аманатын орындадым

Ағам Төлебай Айдаров Ұлы Отан соғысынан оралмай, 1942 жылдың күзінде Ржев қаласындағы Мишукова деревнясында қаза тапты. Баласының жырақта жер жастанғаны әкемізге қатты батты. «Жалғызым қайда қалды?! Қаза болғанда жанында болып, қабіріне бір уыс топырақ салған адамның арманы бар ма екен?» деп жылап айтқан сөздері әлі күнге есімде.

Өткен жылдың жазында Ржев қаласында мәңгілік ұйқы құшағына оранған бауырымның басына барып, туған елдің бір уыс топырағын салуды жоспарлаған едім. Алайда сырқаттанып қалуыма байланысты бұл жоспарымды кейінге қалдырғанмын. Ржев түбінде жерленген қандастарымыздың қабіріне барып, дұға ету рәсімі бізге былтыр ғана бұйырды. Елбасының қолдауымен қазақстандықтар өзге аймақта жерленген әкелерімен, аталарымен, бауырларымен «қауышты».

Расында, бірнеше уақыт жау қоршауында тұрған Ржев қаласы біздің қандастарымыздың ерлігінің күшімен азат етілген еді. Сондықтан жергілікті  тұрғындар біздерді ерекше ілтипатпен қарсы алды. Қаза болған жауынгерлердің есімдері жазылған ескерткіш тақта маңы лезде адамдарға толып, жұртшылық жақындарына тағзым етті.  Мен де ағамның есімі жазылған ескерткіштің тұсына әкемнің қабірінен алған топырақты апарып, Құран бағыштап, гүл шоқтарын қойдым. Ата-анамның мойныма жүктелген аманатын орындап, бауырымның сүйегі орналасқан жерді көргенімде өзім де қатты толқыдым. Өшкенім жанып, үзілгенім қайта жалғанғандай болды.

Барша қазақстандықтардың сыртта бақилық болған жақындарымен табысуға мүмкіндік жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне біз дән ризамыз. Сонымен қатар «Нұр Отан» ХДП басшысы Нұрлан Нығметуллин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа ризашылығымды білдіремін. Ел қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан батырларымыздың рухы бізді лайым қолдап жүрсін!

Қаракүл АЛНИЯЗОВА.

Қазақы мінез

Шетырғызын сағынған жігіт

Редакцияға өзін Дабылжан Төлепбергенов деп таныстырған бір кісі келді.

— Шалқардан келіп тұрмын. Алғада тұратын туыс інім өлең беріп жіберіп еді, — деп, қолындағы парағын ұсынды. Көрдік.

— Ауылым, Шетырғызым, жусанды өлкем,

Өзіңнен кетпес едім, қусаң да, өлкем.

Дағдарыс тығырыққа тірегенде

Өлкеңнен кетіп қалды-ау талай серкең, — деп басталатын шығарма жеті шумақтан тұрады екен. Автор, әлгі кісінің інісі Шетырғыз селосында туған, осындағы мектептің 14-інші түлегі Сәбит Таслиманов деген кісі. Ол өзінше әдемі өлең жазуға тырысқан. Онда ауылдағы аға-інісін, қарындастары мен апаларын, жеңгелерін, кластастарын, тіпті ауыл әкімін де сағынғанын жазады. Бұхарбай, Алма, Қию, Ізгілік пен Майра ұстаздарын сағынышпен еске алатынын өлең арқылы, газет арқылы жеткізбек болыпты.

— Ініңіздің сағынышын жеткіземіз, бірақ мына өлеңді тұтас газетке бере алмаймыз, қысқартыңқырап береміз, — дедім.

— Қысқартпаңыз, ана кісіден ұят болады, газеттегі керек емес суреттерді, жарнамаларды ысырып, кішкентай жазумен берсеңіз жақсы болар еді, — дейді.

— Сіз де өлең жазасыз ба?

— Жоқ… мен өлең жазбаймын, андыз сатамын. Он жылдан бері андыз сатамын, өзім жерден қазып аламын… Ауылда өлең жазатын тағы бір кісі бар. Мен барғасын оған өлеңді ұзын қылып жазба, қысқа қылып жаз деп айтайыншы, — дейді.

Редакцияға әртүрлі адам келеді. Бойынан, болмысынан қазақылықтың иісі шығып тұрған бала сияқты аңғал, ақеден мына кісінің сөздеріне бәріміз күліп алдық.

М.САТАЕВА.

Өмір

Елжас пен Нұрқожаға көмектесейік!

Ойыл ауданы Көптоғай селосында тұратын жетім бала мен мүгедек жанға қамқорлықтың жоқтығына қынжылып, қолыма қалам алдым. Бәлкім, мейірімі мол жамағат осы мақаладан кейін көмек қолын созар…

Елжас Ұлықпанов Құрманов атындағы орта мектептің 5-сыныбында оқиды. Әкесі Василий 2007 жылдың жазында Ақтөбе қаласында қайтыс болған. Ал анасы Атырау облысына тұрмысқа шығып кеткендіктен, Елжас нағашы әжесі Барша Мусинаның қолында тәрбиеленіп жатыр. Әкесінің құжаттары, қайтыс болғандығы туралы анықтама қағазы болмағандықтан, балаға мемлекет тарапынан жәрдемақы берілмейді. Ауыл әкімі бар болғаны жаңа оқу жылында мектеп жанындағы интернатқа орналастырып, киім-кешек алып берумен ғана шектеледі. Бізді әжесінен басқа қамқоры, не ағайыны жоқ өрімдей жас баланың келешегі қатты алаңдатады. Хат жазудағы мақсатымыз да — осы балаға жанашыр, пана іздеу.

Ал Нұрқожа Жайықбаев сырқаттанғанға дейін небір салада қызмет еткен еңбекқор жан. Отбасынан ажырасқан ол қазір әке-шешесінің шаңырағында жалғыз тұрады. Ауырғанына үш жылдан асқан атпалдай азаматтың бір қолы, аяғы жұмыс жасамайды әрі сөйлеген сөзі де түсініксіз. Құжаты болмағандықтан әрі мүгедектік сараптамадан өтпегендіктен, ол да мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға зәру.

Нұрқожа жақында аудандық ауруханада екі аптаға жуық жатып емделді. Мені қажытқаны — ақ халатты абзал жандардың тірлігі. Аурухана басшылары алдарына ем алуға барған сырқаттың еңбекке жарамсыздығын көре тұра, мүшкіл халін біле тұра, үкіметтен жәрдемақы алуына еш көмектеспеген. Жанашыр жақыны болмағандықтан, Нұрқожа өмірден өз үлесін ала алмай, шырылдап отыр.

Өткен жылдың қарашасында сол кездегі аудан әкімі Қанатбай Елеусізге осы екі мәселе турасында көмек сұрап, хат жазған едік. Алайда хатымыз жауапсыз қалды. Арамыздағы қос мұқтажға көмек қолымызды созу біздің парызымыз, ағайын. Ел болып жиылып, Нұрқожаны мүгедектер үйіне өткізіп, Елжастың тұрмысына жанашырлық танытайықшы. «Көп түкірсе көл» деген емес пе?

Х.МУСИРОВ,

ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ойыл ауданы.

Айтарым бар…

Жарылғыш зат жинаған қария

Бадамша ауылының тұрғыны Қуандық Құрманов отыз жылға жуық құқық қорғау саласында абыроймен еңбек етті. Бүгінде жасы жетпіске жеткен ақсақалды мына мәселе мазалайды.

Хромтау ауданы Қызылсу ауылында дүниеге келген Қуандық ата 1965 жылы Ресейдің Калинин облысындағы №66 930 бөлімде Отан алдындағы борышын өтейді. Осы жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде қалған қауіпті жарылғыш заттарды тазарту жұмыстарымен айналысатын бөлім қатарына алынып, Тверь, Волокалам маңы, Зубцова, Ржев, Белый, Нилдова, Оленина қалалары, Волга өзенінің маңайын тазартады. Қауіпті, жарылғыш заттарды тауып, оны жинау асқан жауапкершілікті қажет ететін шаруа. Егер сәл қателік кетсе, табылған мина жарылып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осындай жауапкершілігі басым қызметті атқарған Қуандық ата бірнеше сарбазды ажал аузынан аман алып қалды.

Отан алдындағы борышын қалтқысыз атқарған ол әскерде «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Елге келгеннен кейін Новоресей аудандық әскери бөлімінің арнайы шақыртумен құқық қорғау саласына қызметке алынды. Бұл салада да ол түрлі қылмыстың бетін ашты. Талай рет боранды күндері адамдарды ажалдан арашалап қалды. Қуандық ақсақалдың көмегін көрген ауыл азаматтары әлі күнге дейін оған алғыстарын айтып жүр.

Осы жасқа келгенше темекі мен ащы суды аузына алып көрмеген ақсақал қай жұмысқа болса да, бар ынта-шынтасымен кіріседі.  Зейнеткерлікке шыққаннан кейін 2005-2007 жылдары Бадамша орталық мешітінде имам қызметін атқарды. Ол үнемі ауыл тұрғындарын ауызбірлікке шақырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қамқор бола біледі. Мешіт тарапынан атқарылып жатқан игі шараларға да Қуандық атаның қосқан үлесі зор десек, артық айтқандық болмас. Алайда жасы жетпіске жеткен қария қазір мемлекет тарапынан ешқандай әлеуметтік көмектің көрсетілмейтінін айтады.

Ілгеріде тәртіп сақшысы қызметінде  жүргенімде коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер берілетін еді. Ал қазір бұндай көмек атымен жоқ. Жасы ұлғайған адам қашанда қамқорлыққа зәру.  Егер Үкімет тарапынан медициналық көмек, өзге де қызмет түрінен жеңілдіктер берілсе жақсы болар еді.  Осы мәселе турасында Елбасына хат та жаздым. Себебі біз Ұлы Отан соғысына қатысушылардан кем ерлік көрсеткеніміз жоқ. Менің хатыма жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлы Отан соғысы кезінде әскери ұрыс жүрген аудандардағы қауіпті жарылғыш заттарды жою кезіндегі ерлігі мен батылдығы үшін бұрынғы КСРО ордендері, медальдарымен марапатталған Кеңес армиясы және әскери теңіз флотының әскер қызметкерлері соғысқа қатысушыларға теңестірілмейтінін айтыпты, — дейді Қуандық ата.

Қария осы мәселе хақында газетке хат жолдауды лайық деп шешіпті. Бәлкім,  құзырлы органның басшылары бұл мәселені қайта қарар. Оның үстіне  елімізде қауіпті жарылғыш заттарды жоюмен айналысқандардың қатары көп емес қой!..

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Алғыс

Балаларым — бақытым

Тәтті қылығымен отбасымызды қызыққа бөлеп, өсіп келе жатқан бөбегім Исламбекті көріп қалың ойға батамын.

2009 жылдың қаңтарында аяқ асты сырқаттанып, жүре алмай қалдым. Бір ай дәрігерлердің қабылдауында болып, ем алдым. Аяғымның ауыр екенін білген дәрігерлер жедел түрде түсік жасатуымды талап етті. Себебі рентген сәулесінен ұшқын алған сәбидің кемтар болып тууы ықтимал. Мұны естіген жолдасым мен жақындарым да құрсақтағы сәбидің дүниеге келуін қаламады. Өзім де еріксіз түсік жасатуға бел будым. Алайда сәбиімнің көрер жарығы бар екен. Емші Күлпаршын Бапанқызының шипагерлігімен бойыма біткен бала жарық дүние есігін ашты. Осы оқиғаның алдында түс көрдім.  Үлкен үйдің ішінде отырған жездем: «Атам баланы алдырмасын деді!» деп қатты дауыстады. Содан соң балаға түсік жасатсам, арты жақсы болмас деп жорыдым. Күлпаршын апа да: «Алла Тағала жаратқан бөбек жарық көруі тиіс. Налыма, бәрі де жақсы болады. Дені сау бала босанасың» деп ақылын айтты. Осылай айы-күнім жақындаған сәтте өмірге шекесі торсықтай ер бала әкелдім. Бөбектің есімін Исламбек деп Күлпаршын апа қойды. Сәбиімді құшағыма алған сайын емші апаның қамқорлығы мен шипагерлігіне разы боламын. Егер сырқаттанғанда көрген қиындығымды көтере алмай, болмаса дәрігерлердің кеңесін тыңдап, балаға түсік жасатқан болсам, ауыр күнәға батар едім. Осы күні көз алдымда асыр салып ойнап жүрген бөбегіме қуанып, тәубе етемін. Ата-анаға баладан асқан бақыт жоқ.

Күлпаршын Бапанқызы әлем академиктерінің шешімі бойынша «Батыр Шыңғыс хан» бриллиант орденімен марапатталып, ел алғысына бөленген емші ана. Ол  бұған дейін де менің отбасым мен балаларыма көмек көрсетіп келеді. Осы ападан ем алған тұңғышым Әлібек Астанада өткен ІV халықаралық «Ақ көгершін» конкурсының ІІІ дәрежелі дипломанты атанды. Ал екінші балам Мейірбек  математика пәнінен өткен халықаралық олимпиада да І-орынға қол жеткізді.  Отбасыма қамқорлық танытып, балаларыма аялы алақанымен ем жасаған Күлпаршын апаға айтар алғысымыз шексіз.

Сәуле БАЙМҰРАТОВА,

№28 Ақтөбе қазақ орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Наз

Еленбей қалған есім

«Ырғыз энциклопедиясы» шығыпты деген жаңалықты естігенімде, қатты қуандым. Туған жерімнің жетістіктері енген кітаптың жарыққа шығуы расында біз үшін үлкен мәртебе. Жолым түсіп Ырғызға келгенімде, бұл қуанышым су сепкендей басылды…

Неге дейсіз бе? Энциклопедия ішінен ауданға еңбегі сіңген халық қалаулыларының арасынан 15 жасынан бастап ұстаздық қызметін атқарған әкем Әбдікерей Шамғоновтың есімін таба алмадым.

1927 жылы дүниеге келген әкемнің іс-қағаздарын ақтарып отырсам, 1942 жылы 25 тамызда аудандық білім бөлімінің бастығы С.Сәдірбаевтің мұғалім болып қабылдағандығы жөніндегі бұйрығы да сақталған екен. Он бес жастағы ойын баласы сонау сұрапыл соғыс жылдары өз қатарластарының сауатын ашып, оқытуды үйретіпті. Содан өмірінің соңғы жылдары 1974 жылға дейін Темірастау мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі және аз уақыт аралығында директорлық қызметін те атқарыпты. Сондай-ақ кезінде ол коммунист болғандығына да көз жеткіздім.

Менің аталмыш энциклопедияда отыз жыл елі үшін терін төккен тұлғалардың есімі еленбей, керісінше, аттары беймәлім азаматтардың кітапқа енгені қапаландырады. Қолыма қалам алғызған да осы мәселе. Тарихтың мәңгілік айнасы болып табылатын, әр кезеңнен сыр шертер осындай құнды дүниелердің салғырт шыққандығына расында қарның ашады. Енді алдағы уақытта жарыққа шығатын энциклопедиядан есімдері еленбей қалған тұлғаларды көргіміз келеді.

Айбек ШАМҒОНОВ.

Жаныс би ауылы,

Ырғыз ауданы.

Ұстаз

Өмірсайдың шәкірттері

Алғашқы әскери дайындық пәні оқушыларға ерліктің, еңбектің қадір-қасиетін ұғындырып, елінің патриоты болуға тәрбиелейді.

Ер азаматтың елді сүюі, қадірлеуі Отан алдындағы борышын өтеуімен өлшенеді. Сондықтан батылдық пен жауапкершілікті үйрететін алғашқы әскери дайындық пәні оқушылар үшін ерекше болып табылады. Өмірсай Әлібеков дәріс беретін бұл пәннен біздің оқушыларымыз талай сайыстарда топ жарып жүр. Айталық, оқу жылының аяғында өтетін аудандық оқу-дала жаттығуларында шәкірттеріміз сегіз жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Ал өткен жылы облыстық «Жас сарбаз — 2010» әскери қолданбалы спорт жарысында Кубокты жеңіп алып, республикалық сайысқа жолдама алды.

Ұстамы мықты ұстаз ұлттық офицер кадрларын дайындауда да аянбай еңбек етеді. Оның  шәкірттері қызметтерінде де, оқу орындарында да ерекше мәртебеге ие. Айталық, Бақыт Сағынтаев шекара қызметі ұлттық  қауіпсіздік комитеті университетін  бітіріп, қазір Үштөбеде қызмет жасаса, Нұрбол Балмағанбетов Шортанды қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы жоғары  сержанттар дайындайтын кадет корпусын бітіріп, Ақтау қаласындағы әскери  бөлімде жас сарбаздарды тәрбиелейді. Батырхан Мекин Алматыда байланыс  радиоэлектроника және әскери-инженерлік институтының 3-курсында, ал  Тұрлан Баймұратов Т.Бигелдинов атындағы авиация институтының 1-курсында оқиды. Ел алдындағы азаматтық борышы мен міндетін абыроймен атқарып жүрген Өмірсайдың шәкірттеріне әр кез қызығушылықпен қараймыз. Мектебімізде қызмет ететін ұстаздың шәкірттері ел мерейін асқақтатып, ұстаз еңбегін ақтаса, бұл біз үшін мақтаныш болмақ.

Айнаш САДЫБЕКОВА,

Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп

директорының  орынбасары.

Шалқар қаласы.

О, несі-ай!..

Баталы ел арымас

Қазір қай жерге тойға барсаңыз да, ішіңіз пысып, зерігіп кетесіз. Той басталғаннан-ақ таусылмайтын жаттанды ақ тілектер, жылы лебіздер адамның ығырын шығарады. Тіпті, қарттарымыздың баталары да тілек айтып, «тост» көтергізгенмен бірдей…

Әрине, той үстінде үй егесіне ақ тілектердің айтылып, жылы лебіздердің арналғаны дұрыс қой. Бірақ көпшілік бас қосқан жиында ақ тілектің ұзаққа созылғаны тым қиын. Оның үстіне бір емес, бірнеше адам жылы лебіздеріне біраз уақыт арнаса тойшы қауымның жалығары анық. Тіпті, кейде сөз сөйлеуге шыққан дүйім елдің кезегін көргенде орныңнан тұра қашқың келеді.

Біз үлкенді сыйлап, ақыл-кеңесін тыңдайтын халықпыз. Аталардың батасы біз үшін құнды. Алайда атадан балаға мирас болып, жалғасып келе жатқан баталы сөздің парқы бұзылған сияқты бүгінде. Себебі тойға барсаңыз, ақ тілектен ғана емес, баталы сөзден де мезі боласың. Әрине, артық айтсам, ғафу өтінем! Тілектер мен лебіздер арнаушылар легі аяқталып, ас қайыру батасына келгенде ұйықтап қала жаздайсың. Бата беруші аталарымыз алақанын жайып қойып, алдымен той иесіне өкпе-назын, туыстық атаулардың қате екендігін, өзіне тостың кеш берілгендігін, болмаса той иесінің өмірбаянын кәнігі жүргізушілер тәрізді баяндайды. Содан соң ас қайырған ата батасы ақ тілекпен жалғасады.

Бата қайыра білу де білімділіктің, ақылдылықтың, мәдениеттіліктің белгісі десек, біздің арғы аталарымыз бұл дәстүрді сақтай білген. Ал бүгінгі «современный баталар» өз құнын жоғалтып, ұрпағын жалықтырып алған тәрізді. Біз бата қайыруды тілек айтумен алмастырып алдық. Бата мен тілек мағыналас болғанымен, екеуінің орны екі бөлек? Сондықтан бата қайыруды аталарымыз тағы бір мәрте кітаптардан қарап шықса екен! Сіз бұған не айтасыз, құрметті оқырман?!

Арайлым АЙМАҒАНБЕТОВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық

университетінің студенті.

Алматы қаласы.

Пікір

Имамды кінәламаңыздар!

Жақында «Ақтөбе» газетінде (№17-18 санында) жарияланған «Имамға тыйым бола ма?» атты мақалаға орай редакциямызға Сәндібай қажы Имағамбетов хат жолдапты. Хаттың қысқаша мазмұны мынадай…

«Имамға тыйым бола ма?» атты мақаланы оқығаннан кейін, өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Қандыағаш қаласындағы «Нұртай» мешітінің алғашқы ашылу рәсіміне көпшілікпен бірге кезінде мен де қатысқан едім. Сол кезде қаламызда Алла үйінің іргетасы қаланғанына тұрғындар риза болып, мешітке бас имам болып тағайындалған діни сауаты мол, кішіпейіл Оразалы қажыны ақсақалдар қауымы жылы лебізбен қарсы алды. Сол тұстан бері мен Оразалыны жақсы танимын.

Оразалы қажының діни сауатының жоғары екендігін білген Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі кейін оны облыстағы «Нұр Ғасыр» орталық мешітіне наиб имам қызметіне тағайындаған еді. Алайда ол қалада баспанасы болмағандықтан, орталық мешітке қызметке келе алмады.

Мен аталған мақаладағы: «Оразалы қажы жаназа шығару жолында алдына жан салмайды» деген сөзге келіспеймін. Себебі қайғылы қазаға ұшырап, қара жамылған шаңырақ адамдарының жаназаға қай молданы шақырса да өз еркі. Бірақ олар алдымен мешітке хабарласуы керек. Сондықтан бұл мәселеде, меніңше, бұрынғы имамға кінә артуға жол жоқ!

Сәндібай қажы ИМАҒАМБЕТОВ.

Мәселе

Жүргізуші жалшы ма?

Мен бірнеше жылдан бері көлік жүргізушісі болып қызмет еткен адаммын. Қызмет барысында талай рет жол азабын тартып, жаздың аптапты, қыстың аязды күндерін басымнан өткердім. Айтайын дегенім, қазір мені МАИ қызметкерлерінің жүргізушілерге қырын қарайтындығы мазалайды.

Жақында бір мекемеге көлік жүргізушісі болып жұмысқа кірдім. Алғашқы күні мекеме басшысы: «Вагонмен цемент келді, тасу керек!» деп тапсырма берді. Көлігім ескі әрі көп жөндеуді талап ететіндігін білгеніммен, басшының тапсырмасын бұлжытпай орындауым керек. Оның үстіне жұмысқа жаңадан кіргендіктен, өзімнің шеберлігімді де танытуым қажет. Себебі қазір менің жасымда қаладан лайықты жұмыс табу қиын.

Сонымен вагондағы цементті мекемеге тасып жүргенімде жолда МАИ қызметкерлері тоқтатып, көлік құжатын тексерді. Алғашында мен өзіме сенген едім. Алайда МАИ қызметкерлері түрлі сылтаулар айтып, айыптар таға бастады. «Машинадан воздух кетіп тұр», «Көлігіңіз жөндеуді қажет етеді» деген сияқты өзіме аян кемшіліктерді айтып, хаттама жазуға кірісті. Қазір заң бойынша жүргізушіден қателік болса, 7000-15000 теңге шамасында айыппұл төлейді. Ал менің жалақым бар болғаны отыз мың теңге. Егер оның жартысын МАИ қызметкерлеріне төлесем, отбасымды қалай асыраймын? Талай нәрсені көргеніммен, мынадай сорақыға төзе алмадым. «Шоттың басын бассаң, сабы маңдайыңа тиеді» деген осы. «Машина да, цемент те, құжаттар да сіздерде қалсын. Менің айыппұл төлеуге ешқандай мүмкіндігім жоқ» дедім амалсыз. Олар сау бастарына сақина тілеп қайтсін, құжаттарымды қолыма ұстата салды.

МАИ қызметкерлерінің жүргізушілерге себепсіз айыппұл салып жүргендігін күнде көріп жүрміз. Олар «Протокол» жазамын деп өз машиналарына кіргізіп алып, жүргізушіге ойлануға мүмкіндік жасайды. Осындай ұрымтал сәттерде қолдарына 2-3 мың теңге ұстатсаңыз, құжаттарыңызды қолыңызға алып, машинаңызбен қауышасыз.

«Жемқорлыққа қарсы күрес жүргіземіз» деп дабыл қағып жүрміз. Әрісін айтпай-ақ, сол күресті МАИ қызметкерлерінен бастасақ қайтеді?! Күніне бірнеше көлікті жолға жарамсыз деп табатын мамандардың қалталары жүргізушілердің маңдай  терімен тапқан табысымен қалыңдап отыр. Бұл мәселеге қолданар шара бар ма?

А.НАУРЫЗБАЕВ,

Ақтөбе қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл Жұбаныш.

bukara07@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button