Тәуелсіздік — 30

Елдік пен егемендіктің белгісі

ЕЛІМІЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ЖАРИЯЛАҒАННАН КЕЙІНГІ БАСТЫ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ — МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ БЕКІТУ БОЛДЫ. ОСЫ ИГІЛІКТІ ДЕ ЖАУАПТЫ ІСТІҢ БАСЫ-ҚАСЫНДА ЖҮРГЕН, СОЛ УАҚЫТТАРДА ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРҒАН, «ПАРАСАТ», «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНДЕРІНІҢ ИЕГЕРІ МӘЛІК  НАУРЫЗҒАЛИҰЛЫ ЖЕКЕЕВТІ СҰХБАТҚА ШАҚЫРҒАНБЫЗ.

— Тәуелсіздіктің бір белгісі — шекараның нақты белгіленуі, өз жеріңнің қожасы екеніңді сезіну болса керек. Еліміз егемендік алған тұста сіз осындай шаруалардың басы-қасында жүрдіңіз. Бастапқыда қолға алынған жұмыстар, алғашқы әсерлер жадыңызда ма?

— Жері жоқ мемлекет болмайды. Ал әр мемлекеттің жерінің әлемдік қауымдастық мойындаған шекарасы болуы керек. Нақты, заң жүзімен белгіленген шекара болмаса, «ана жер менің ата-бабамның жері еді» деген әңгімеге ешкімді иландыра алмайсыз. Қазақстан секілді ұлан-ғайыр жері бар мемлекет үшін ірге бекітіп алудың маңызы өте-мөте зор. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап осы мәселеге ерекше назар аударып, өз бақылауына алды.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мен облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы қызметін атқарып жүргенімде Америка Құрама Штаттарына барып, Нью-Йорк қаласындағы университет базасында ұйымдастырылған халықаралық менеджмент академиясында бір айдай нарықтық экономиканың негізімен іс жүзінде танысып, әдіс-амалдарын, заңнамаларын оқып, білімімізді жетілдіру мүмкіндігін пайдаландық. Нью-Джерси штатындағы  1 миллион 600 мың тауығы бар құс фабрикасында, гольштейн қара ала сиырын өсіріп,сүт өндіріп отырған екі фермер шаруашылығында, Нью-Йорк қорбиржасында болып, қаламэрінің орынбасарымен кездесіп сұхбаттастық.

Ол курсты ұйымдастырған КСРО Сыртқы істер министрлігінің АПН Баспасөз және жаңалықтар агенттігі болатын.

Біз АҚШ-қа 1991 жылдың қараша айының 16 жұлдызында барып, желтоқсанның 20-да елге оралдық. Ол топтың құрамында, негізінен, ресейліктер(мұнай компанияларынан) болған.

Өзбекстан, Қазақстаннан бес-алты басшы, мамандар бармыз. «Новое Русское слово» деген орыс тілінде газет шығарадыекен. Сол газеттен оқып, таңғалған бір естен кетпейтін тарихи оқиға — Кеңестер Одағын таратып,Ресей, Беларуссия, Украинаның сол кездегі басшылары Б.Ельцин,С.Шушкевич, Л.Кравчук Беловежский қаласында бас қосып, «Славяндар мемлекетін құрамыз» деген декларациясын 8 желтоқсанда жария еткені. Сонымен Кеңес Одағының өмір сүруі тоқтап,ТМД құрылды. Газет бетінде бұрынғы КСРОкартасының орнына үш республикадан құралған, қызылмен боялған Славян мемлекетінің картасын көргенде алғашында абдырап қалдық.

Кеңес елінің азаматы деген төлқұжатпен АҚШ-қа кіріп, енді жоқ мемлекеттің төлқұжатымен картада көрінбей тұрған Қазақстан, Өзбекстанға қалай қайтамыз деген ойда қалдық.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңға қол қойылды. Қазақ елінің ғасылар бойғы арманы орындалды. Әлем мойындаған шекарасы бар мемлекет пайда болып, одан бергі отыз жылда халықтың бірлігінің арқасында біртұтас ел болып, жүйелі реформаларды жүзеге асырып, іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік.

Мен 1992 жылыАқтөбе облысының жер комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалдым. Еліміздің тарихында тұңғыш рет ел шекарасын түгендеп, белгілеу жөнінде Үкімет комиссиясының мүшесі болып, әсіресе Ресеймен арадағы шекараны межелеу жұмыстарына атсалысқанымды ерекше мәртебе деп санаймын. Бұл — жауапкершілігі өте жоғары, мемлекеттік те, адами тұрғыдан да сын болатын тапсырма еді. Осы жұмыстарымызды қазір де іштей саралап отырып, «Шетке ретсіз сынық сүйем жеріміз кеткен жоқ»,- деп айта аламын.

Мемлекеттік шекарамызды делимитациялау басталған кезде Қазақстан-Ресей үкімет  делегациялары Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор,Ақтөбе  қалаларында кездесіп, көптеген құжаттар мен карталарды жан-жақты сараладық, тиімді жақтарын пайдамызға асырдық.

2009 жылы Тәуелсіздік күніне арналып Астана қаласындажаңадан ашылған «Қазақстан» концерттік залында өткен салтанатты жиналысқа қатысып, Тәуелсіздік сарайында Президенттің қабылдауында болып, еліміздің егемендік алғанына 18 жыл толуына байланысты құттықтауларын қабыл алып, үлкен құрметке ие болдық.Сол кезде бұған дейінгі шекара белгілеу жұмыстарындағы еңбегіміздің жемісін көргендей қанағат сезіміне ие болдым.

— Ресейліктермен келіссөздер барысында олардың тарапынан қандай да бір басымдықтар орын алған жоқ па? Бір жағынан, бізде ол кезде дипломатикалық тәжірибе жеткіліксіз әрі экономикамыз дамымаған, қалыптасу кезеңінде еді ғой.

— Негізінен алғанда, бұл жұмыстардың қалыпты жүргенін айтуға тиістімін. Бұндай ерекше дипломатикалық келіссөздер жүргізгенде тәжірбиенің аздығы байқалғанымен, қажетті жерінде біздер нақтылы дәлелдемелер арқылы өз ой-ұсыныстарымызды негізінен өткіздік.

Оған себеп болған біріншіден, екі жаққа түсінікті тіліміз, екіншіден, бірге өмір сүрген ортамыз. Кеңес мемлекетінде оқыған, мамандық алған оқу орындарымыз да қатар дәрежеде. Сондай-ақ Ресей комиссия мүшелерінің көпшілігі бұрыннан таныс, жақсы қарым-қатынаста болғанымыз туындаған мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік берді.

Дегенмен олардың бір артықшылығы болды. Кеңестік заманда карталардың бәрі Мәскеуде басылды. Әрі жер бедерінің аэрофотосуреттері орталық мемлекеттік кәсіпорынның қорында жинақталып, сақталды. Сол кездегі тәртіп бойынша бізде тек көшірмелері болды. Шекараны делимитациялау жұмысына қалыптасқан халықаралық стандарттар бойынша құжаттардың түпнұсқасы ғана пайдаланылуы керек. Ол кезде мемлекет біреу болғандықтан Одақ құрамындағы республикалардың нақты жер бедерінде шекарасы анықталып жүргізілмеген еді.

Соның салдарынан шекаралас жерлер шаруашылықтың қажеттілігіне байланысты жергілікті кеңестердің шешімдерімен бір-біріне беріліп пайдаланылған. Мысалы, Қарашығанақ кен орны орналасқан Батыс Қазақстан облысының Бөрлі және Шыңғырлау аудандары Орынбор газ өңдеу зауытына шикізат әзірлейтін болғандықтан Ресейдің жері болып пайдаланып келген. Немесе Новотроицкіні алайық. Онда Орск-Халилов комбинатының қосалқы шаруашылығы қалып қойған. Егемендік алып, дүние-мүлік Ресей заңдарымен рәсімделіп, рубльдің дәурені жүріп тұрған. Бірақ жер — Қазақстандікі.

Осыған ұқсас жайт біздің Әйтеке би ауданында да болды. Бұрын «Союзный» деп аталған жерде Ресейдің вокзалы, теміржол станциясына қатысты үйлері біздің жерде, ал біздің элеватор, «Сельхозтехника», «Сельхозхимия» ғимараттары, мал су ішетін суат, қазақ-орыс бейіті Ресей жерінде қалған. Шекара ауылдың дәл ортасынан өткен. Делимитация кезінде осындай мәселелер егжей-тегжейлі зерттелді. Жергілікті жұртшылықпен кездесіп, олардың пікірлерін де ескердік.

Облыстың Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы, Қобда, Мәртөк аудандары көрші мемлекетпен шектеседі. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын демаркациялау жөніндегі екі елдің үкіметтік комиссиялары Ақтөбеде бір рет, Орынборда екі рет кездесу өткізді. Осы кездесулер барысында орыстар біздің алдымызға бірнеше мәселе қойды.Мысалы, Орск әуежайының радиомаягы біздің аумақта қалған. Бұрын ол жерді жалға алып келген ғой, енді кішкене сым үзілсе де, кеден арқылы айналып келуге мәжбүр. «Енді бізден тура сол көлемде басқа жер алып, мына аумақты берсеңдер» деген ұсыныс айтты көршілер. Сосын шекараМәртөк ауданының Рыбаковка ауылы мен Ресейдің Беляев ауданының Шевченко ауылы арасындағы кішкентай өзеннің ар жағына түседі. Онда шевченколықтар мүлде сусыз қалайын деп тұр. Біз екі мемлекеттің елшісімен бірге сондағы жұртшылықпен жүздестік. Негізінен онда біздің қандастарымыз тұрады екен. Орыстар 60-70гектардай жерді бізге берсеңдер дейді. Мәртөк ауданындағы «Студенческий» ауылында да дәл осындай жағдай бар. Онда біздің ауыл сусыз қалайын деп отыр. Біз осы екеуін ауыстыруды ұсынып, бұл мәселелер үкіметтік, облыстық әкімдік деңгейінде қаралып, оң шешім тапты. Мысалы, Жайық өзенінің бойындағы 11 кішігірім аралдардың басым бөлігін біз алдық.

Қазақстан мен Ресейді 7,5 мың шақырым жер бөліп жатыр. Оның 976 шақырымы Ақтөбе облысының аумағында. Ал Өзбекстанмен арадағы 206 шақырым шекараның делимитациялау, демаркациялау шаруалары толық бітті. Екі мемлекеттің шекарасы Үстірт жазығының үстінен өтеді. Теп-тегіс, айнала түгел көрініп тұр. Сондықтан белгілерді қою кезінде айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Екі мемлекеттің үкіметтік комиссиясы ортақ мәмілеге келе отырып, нақты шешімдер қабылданды.

Екі жақты келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасынан Ақтөбе облысының аумағында 9 өткізу пункті ашылып, қызмет жасауда. 2005 жылы шекара мәселесіне Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қол қойып, оны біздің Парламент пен олардың Думасы бекітті. Карта қайта сызылып, бекітілгеннен кейін ол ақырғы, нақты құжатқа айналды.

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын белгілейтін мемлекеттік комиссияның құрамындағы ел үшін азды-көпті атқарған жұмысымыз елеусіз қалған жоқ. Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Елеусін Сағындықов екеуміз Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қою құрметіне арнайы шығарылған естелік белгіге ие болдық.

…Міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Ел бірлігі, ынтымақтастық қадірін бір кісідей білетін елміз. Азаматтарымыз да мемлекетіміздің іргесін нығайтуға алда да үлесін қоса берсе деген тілегімді білдіргім келеді.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button