Үш «Алтын адаммен» кездесу
Ғалымдар «Алтын адам» деген түсінікті тек Алматы жағындағы Есік қорғанынан табылған жәдігерлерге қатысты болуы керек деп санайды. Дегенмен соңғы 22 жылда еліміздің әр түкпірінен алтынмен көмкеріліп жерленген, бәрі де сақ-сармат дәуіріне жататын бірнеше адамның қабірі табылды. Ал халықтың ауызында олардың барлығы «Алтын адам» аталып кетті.
Мамандар бұл «Алтын адамдарды» өз заманының беделді тұлғасы, билеуші әулеттің өкілдері болса керек деп жорамалдайды. Есіктен кейін, екінші «Алтын адам» 1999 жылы Атырау облысының Жылой ауданындағы Аралтоғай қорғанынан табылған еді. Ол — сармат көсемі. Ал 2017 жылы осы облыстың Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанынан сармат ханшайымының қабірі табылды. Суретші-қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков қорғандардан табылған әшекейлер, алтын жапсырмалар, басқа да жәдігерлерді, көне дереккөздерді зерттеу арқылы, олардың қалпына келтірілген нұсқасын көпшілікке ұсынды. Бүгінгі күні осы атыраулық «Алтын адамдар» біздің облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтіп жатқан көрмеге әкелінген. Сондай-ақ Ақтөбе жерінен, нақты айтқанда, Темір ауданындағы І Тасқопа қорымынан табылған ежелгі көшпенділер көсемінің қалпына келтірілген нұсқасы да облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында екені белгілі. Сондықтан осы күндері көрмені тамашалаушылар бір мезгілде үш бірдей «Алтын адаммен» «кездесе» алады.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көшпелі көрмесі осындай мүмкіндікке жол ашып отыр. Сәрсенбі күні музейде осы көрменің ашылу салтанаты өтті. Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова, еңбек ардагері, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, т.б. сөз сөйлеп, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Алтынай Юнисова көрші облыстың тарихи-өлкетану музейінің директорына Алғыс хат, «Ер Едіге — Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомын табыстады.
Көрмеге 360 жәдігер қойылған. Бұлар — жоғарыда аталған Аралтөбе, Миялы қорғандарынан шыққан дүниелер: көне семсерлер, қыш құмыралар, жебе ұштары, әшекей бұйымдар, т.б. Атырау мен Ақтөбеден табылған «Алтын адамдардың» киімдерін әшекейлеген жапсырмалар, басқа да бұйымдар бір-біріне өте-мөте ұқсас, бәрі де аң стилінде әзірленген. Көрмені тамашалаушыларға мұның бәрін өз көзімен көріп, салыстырып қарауға мүмкіндік бар.
«Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көшпелі көрмені ақтөбеліктер қараша айының 26-сына дейін тамашалай алады.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.