Әлеумет

Баға тұрақтылығы – бақылауда

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов азық-түлік рыногындағы баға тұрақтылығы және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қараған жиын өткізді.

Мәжіліске жергілікті билік қызметі жетекшілері, облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттер, құқық қорғау органдары, сондай-ақ қаладағы көтерме және бөлшек сауда кәсіпорын басшылары қатысты.

Жиын барысында ішкі рыноктағы азық-түлік тапшылығының алдын алу, баға тұрақтылығы мен баға саясатын реттеу жайында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов пен «Батыс» ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасы Серғазы Есембаевтың баяндамасы тыңдалды.

Қазіргі уақытта халық көп тұтынатын картоп пен көкөніс және бірқатар өзге де азық-түлік бағасының төмендеу ағымы байқалады. Бизнесті дамыту орталығы көкөніс қорын жасауды қолға алды, «Батыс» ӘКК АҚ Польшадан екі жүз тонна картоп жеткізу міндетін жүзеге асырды. Нәтижесінде қаладағы көкөніс сақтау қоймаларында екі айға жетерлік картоп қоры сақтаулы, ақпан айының ортасында өнімнің осы түрінен тағы да алты жүз тоннасын жеткізу жоспарда тұр.

Елеусін Сағындықов бағаның құрылуы мен ұсынылған тауардың сапасына қатысты «Анвар», «Қабиев және К» ЖШС мен бірнеше ірі базар директорларына сауал қойып, нақты тапсырмалар берді. Осы орайда, облыс әкімі жалпы алғанда өңірдегі жағдайдың бір қалыпты екенін айта келіп, жиналғандарға баға саясатына атүсті қарамауды тапсырды. Және де әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлердің азық-түлікпен қамтылуын қадағалап, алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін тұрақты түрде жалғастырып отыруды тапсырды.

«Жаңа ауылшаруашылық кәсіпорындарын құрып, ауыл шаруашылығының даму қарқынын көтеру керек. Бізде толықтай іске асыратын  резервтік қуатымыз жеткілікті»,  — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button