Жаңалықтар

Жақсыдан — өсиет…

Биыл қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мұхтар Арынның туғанына — 85 жыл.                                                                                                                                             Бөлтірік шешен: «Ойың ақ болсын, сөзің ақ болсын, ісің ақ болсын. Ойыңның ақтығы — арыңнан, сөзіңнің ақтығы — жаныңнан, ісіңнің ақтығы — ақылдан» деген екен. «Сондай ары да, жаны да таза, ісінен даналық есіп тұратын жандарды, яғни жанның тазалығын — арын — жаннан да, малдан да биік қоятын қазақты бұрынғылар жақсы деп атапты. Бұл оңай шаруа болмаса керек, жан өз қамын жеп, қам-харекетке көшкенде ғана жүзеге асады екен», — деп жазады белгілі  абайтанушы, мәдениеттанушы Омар Жәлел өзінің «Жақсы» деген кітабында. Осындай қазақ халқының асыл перзентінің бірі, яғни жақсысы — Мұхтар Арын. Оның өмірбаянын, жазбаларын, замандастарының пікірлерін, кітабын оқи отырып, «кім жүрегін таза ұстаса, оны еріксіз ғалым қыламын» деген Жаратушы иеміздің уәдесінің рас екенін байқайсың. Бұл кісінің кітабын оқи отырып, ата-бабадан дарыған дүниетанымды, ұлттық философияны жалғап келе жатқан бойыңдағы нәзік те жіңішке тінді сезінесің, сол үзіліп кетпесінші дейсің. Көкіректегі көрінбейтін саңылаудан бір сәуле сығалап енгендей жаның жайланады. Бұл — ұлттық сананың қайнар көзі болып табылатын, еленуге тиіс ерекшеліктер туралы ой-толғамдары бар  «Бес анық» кітабы.

«Бес анық» еңбегі біздің пікірімізше, дәл осы заманда, дәл осы кезеңде дүниеге келуге тиіс болатын. Өйткені бірнеше ғасыр ашық бодандықта болып, ХХ ғасыр басында бодандықтың жаңа сатысына көшкен ұлтымыз тілін, дінін, дәстүрін, тарихын білмей, білсе де дүниежүзілік тұрғыдан алғанда өркениетті елдердегідей сапалық өлшемге көтеріле алмады. Ал атамекен болса, рухани тағандарынан айырылған ел дәрежесіне түгел түсуге қалып еді. Осы тұрғыдан алғанда, «Бес анық» еңбегі зиялы қауымның, зиялы өкілі Мұхтар Арын өмір сүрген заман сұранысы мен талабынан туған дүние екені даусыз» — деп жазады философия ғылымдарының докторы, профессор А.Тайжанов.

Бұл заман сұранысы бүгінде де маңызын жойған жоқ, қайта ең өзекті мәселеге айналып, өткір күйінде қалып отырғандай. Оған дәлел — «тәлтіректеп» тұрған тіліміз, «догмаға айналған» дініміз, «діңі босаған» дәстүріміз, «тұншықтырылған» тарихымыз, «алаңдатқан» Атамекеніміз. Міне, осындай қоғамның жарасын емдеуде бұл еңбектің маңызы зор деп ойлаймын.

Мұхтар  Арын халқымыздың ұлттық қасиеттерін бес сипат арқылы танытуды, кейінгі ұрпақ санасына сіңіруді мақсат еткен екен. Сондықтан да ол «Мен педагог ретінде осының бәрін тәрбие жүйесіне концепция күйінде енгізсек деп армандаймын. Тәрбие дегенде ойға оралатын жайт — бес анықтың қай-қайсысы да белгілі бір пәндермен байланысып жатқан дүниелер… Осылай етсек, тәртіпсіздікке, имансыздыққа тосқауыл қояр едік. Ықылас, мейірімділік, шарапат, қайырымдылық сияқты мінездер қалыптастырсақ»  деген арман-тілегін де айтып өтеді.

Рас, бүгінгі күні қазақ қоғамы да руханиятқа бет бұрып келе жатқанын, сең қозғалғанын көзі қарақты оқырман аңғарады. Бұның өзі уақыт талабы және осындай асыл ағаларымыздың ұлтқа қалдырған құнды мұраларының ізсіз кетпегендігі, еңбектерінің  ұлтымыздың қажетіне жарағандығы деп білемін. Әрине, қазіргі  ақпарат тасқыны кезеңінде жас ұрпақтың ұлттық мінезін сақтау оңай шаруа емесі анық. Осы жолда біздің М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінде жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруде біршама жұмыстар атқарылып келеді. Мектебімізде осы ұлт ұстазы Мұхтар Ғалиұлына арналған мұражай жұмыс жасайды, сонымен қатар мектептің жылдық оқу-тәрбие жоспары ұстаздың «Бес анығын» басшылыққа алып жасалынып, соның негізінде түрлі конференциялар, дебаттар, интеллектуалды сайыстар мен түрлі мәдени-тәрбиелік шаралар өткізіліп тұрады және оқушыларымыз ғылыми жобалар қорғауда, пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар иеленіп жүр. Дегенмен, әлі де балалардың бойында адами қасиеттерді қалыптастыра отырып, ізденімпаз, жаңашыл, рухани дүниесі бай, жақсылардың ізін жалғастырар саналы ұрпақ тәрбиелеуде жүйелі де сапалы қыруар жұмыстар атқарылуға тиіс.

«Таң атпайын десе де, күн қоймайды» дегендей, талай тар жолдардан өткен халықымыз Мұхтар аға сияқты шын Жақсыға зәру! Сұраныс күшті. Сол жолда аянбай еңбек ететін кез келді. Ұлы ұрпақ тәрбиелеу — басты міндеттеріміздің бірі. Ұлтымыздың болашағы жарқын болғай!

 

Гүлсім ҚОҢЫРБАЕВА,

М.Арын атындағы

Қарғалы қазақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button