Жаңалықтар

Өмірімен өзектес туындылар иесі

ҚР Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Ибраһим Ермекбаевтың 75 жылдық мерейтойы аудандық Мәдениет үйінде өтті. Қарт қаламгердің қуанышына Түркістан, Маңғыстау облыстарынан қонақтар келді.

Кешті жергілікті ақын, сазгер Орал Байсеңгір жүргізді. Алдымен Ибраһимнің өмірбаяны мен шығармашылығы бейнебаян арқылы көрермендерге ұсынылды. Мәдениет үйінің фойесінде оның құрметіне арнайы көрме жасақталды.

Аудан әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов ұзақ жыл аудандағы ардагерлер кеңесін басқарған ақсақалдың еңбегіне тоқталып,  аудан игілігі үшін жасаған жұмысына алғысын жеткізді.

Мерейлі тойға келген меймандар да ақ тілегін айтып, әсерлі кешті қыздырды. Жергілікті ақын-жазушылардың ән-өлеңдері шырқалды. Жастар Ибраһимнің «Шәріп торы» мен «Тәжімұрат» кітаптарынан үзінді оқыды. Бірге қызметтес болған замандастары, інілері естеліктер айтып, оның ұстанымын, жүріп өткен жолын кейінгі жастарға үлгі етті.

Ибраһимнің кітаптары жеңіл, тартымды оқылады. Рас, ондағы кейіпкерлер мен оқиғаларды ертеректе аталарымыздың аузынан еститін едік. Қаншамасы ұмыт қалды. Біз ұмытып кеттік. Ал Ибраһим осындай деректерді жинап, жоғалтпай оқырманына ұсынды, — деді С.Бәйішев университетінің президенті Бекежан Аханұлы.

Облыс орталығынан мерейтойға арнайы барған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Айтмағанбетов «Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісін тапсырды. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, ҚР Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин серіктестік атынан құттықтау хаты мен  «Қазақ журналистикасының қайраткері» куәлігін табыстады. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарымен ұзақ жылғы ынтымақтастық қызметі үшін ҚР Журналистер одағының құрмет грамотасын берді.  Медиа басшысы қаламгерге шығармашылық табыс тілеп, иығына шапан жауып құрмет көрсетті.

Кеш қонақтары ақын, Жазушылар одағының мүшесі Жақсылық Айжанов пен ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының жауапты хатшысы, Ақпарат саласының үздігі Нұрмұханбет Дияров Ибраһимнің шығармашылығы жайлы тұшымды әңгімелер айтты.

Жазушы болу үшін көптеген қаламгерлер арнайы оқып, баспасөзде қызмет етіп, бірыңғай шығармашылықпен айналысса, Ибраһим ағамыз қоғамдық қызметте жүріп-ақ қалам ұстады. Оған шабытты туған жердің табиғаты берді. Демек ол өмірдің өзінен келген жазушы, — деді Н.Дияров.

Мерейтой иесімен кеш соңында сұхтаттасудың сәті түсті.

— Менің қуанышымды бөлісуге алыс-жақыннан келген тілеулес жандарға алғысым шексіз. Әлі де қоғамдық жұмыстардан қол үзе қойғам жоқ. Ауданда қоғамдық кеңестің мүшесімін. Облыс әкімінің аудандағы қоғамдық көмекшісімін. Аудан көлемінде біраз шаруалардың шешілуіне ұйытқы болдық. Соңғы 5 жыл аудан үшін үлкен өзгерістер мен елеулі жаңалықтарға толы болды. Оны көз көріп отыр.

Өздеріңізге белгілі, 2 жыл бойы індеттен сақтанумен жүрдік. Көптеген шаралар кейінге қалды. Алдағы күндері сол ойға алған жұмыстарымызды тұралатпай, орындалуына күш салмақпыз. Оған арнайы жоспар да дайындап қойдық. Қандай жұмыс болмасын, ел игілігі үшін жасалады. Ал жеке өзімнің шығармашылығыма келетін болсақ, алда жұмыс көп. Бұған дейін де ауданның энциклопедиялық анықтамалығына атсалыстық. Жергілікті ақын-жазушылардың антологиясын жасақтадық.

Ендігі кезекте «Туған жер өзің дегенде…» атты Байғанин ауданының жер-су аттарына арналған кітап дайындауым керек,— деді Ибраһим Ермекбаев.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button