Жаңалықтар

Мен өмірге құштармын!..

«Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Шалқар ауданы орталығындағы «Артур» кафесінде «Мен өмірге құштармын» атты мерекелік шара өтті. Тағдырдың жазғанына мойымаған жігерлі, қайсар жандар жиылған жиынға аудан әкімі Жанболат Жидеханов та қатысты.

— Бұл басқосудың мәні бөлек. Сіздер өмірге құштарлық танытып, ерік-жігер болса, алынбайтын қамалдың жоқтығын көпке дәлелдеп жүрген азаматсыздар. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық әрдайым жасалып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында да осы санаттағы азаматтарды қолдау жайы кеңінен айтылды. «Қазақстан — әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету — басты міндеттердің бірі», — дей келе, әлеуметтік көмекті әділ ұйымдастырудың, қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық көріністің белең алмау қажеттігін нақтылап айтқан еді. Бұдан түйетініміз — тағдыр ауыртпалығын арқалаған жандар әрдайым қоғамның назарында болып, мемлекеттен қарастырылатын  түрлі қолдауларға ие болуға құқылы. Бұл ретте ауданымызда арнайы бағдарламалардың шарапатына кенеліп жүрген азаматтарымыз баршылық, — деді аудан басшысы.

Тағдырластарына алаңдап, аудан орталығынан қоғамдық бірлестік құрып, осындай іс-шараларға да белсене атсалысып жүрген бірінші топ мүгедегі Ерлан Алдашев аталған бірлестік атынан бірқатар жандарға Құттықтау хаттар мен сыйлықтар табыстады.

— Бүгінде аудан бойынша 1040 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Өзім құрған «Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігі солардың айтарына құлақ түріп, қолдау білдіріп, жол көрсетуді көздейді. Жыл сайын осы мазмұндас шараларды өткізіп жүрміз. Мүгедек жандардың жол қатынасын жеңілдету үшін Шалқар қаласы бойынша инватакси қызметін ұйымдастырдық. Аталған бірлестік ғимаратында мүгедектер үшін массаж алу, оқу кабинеттері, тұрмыстық техника жөндеу шеберханалары бар.

Мүгедек жандар да қоғамның бір мүшесі. Бәрімізде жақсылыққа кенелгіміз келеді. Ал жақсы өмір сүріп, ел қатарлы ойлау үшін ең бірінші өмірге құштарлықты бойдан жоғалтпауымыз керек, — дейді «Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Итжемесұлы.

Аудан көркемөнерпаздарының жыр-шашуымен шырайланған  мерекелік дастарқан барысында сый-сияпатқа ие болған жандардың ішінде екі қолынан айырылған бірінші топтағы мүгедек Тайбек Өтегенов деген азамат бар. Жуырда ол  «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін қайтарымсыз грант ұтып алды. Енді ол Шалқарда сирек кездесетін кәсіп — құс шаруашылығын дамытқысы келеді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар бас қосқан мерекелік дастарқан басында осындай жігерлі жандардың батыл қадамдары жайлы келелі әңгімелер өрбіді.

Мұхтар  МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button