Жаңалықтар

Радио күніне көрме ұйымдастырды

Биылғы жылы 13 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 1 қазан — Радио қызметкерлері күні болып жарияланды. Бұл мереке Қазақ радиосының 100 жылдығын мерекелеу аясында ұсынылған болатын.

Осы мерекеге орай кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттың үнжариясы — радио» атты радиотехникалар көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

Мерекелік шараға жергілікті «Ақтөбе» және «Тандем» радиоларының журналистері және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология факультетінің 3-курс студенттері қатысты.

Көрме экспозициясына музей қорының тұрмыстық-металл коллекциясындағы 1945 жылғы «Рекорд», Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай шығарылған «Россия-203», 1952 жылғы «Север», 1954 жылғы «Чайка-5», 1969 жылғы «Урал-Авто», 1973 жылғы «Орион-301», 1975 жылғы «Filips-Prince delux», 1976 жылғы «Тайга-304», 1984 жылғы «Альпинист» және 1991 жылы шығарылған «Отырар-Қызыл Ту» радиолары және «Ақтөбе» мен «Тандем» радиоларының радиотехникалары, радио тынысынан сыр шертетін тарихи суреттері, т.б. заттар қойылды.

Шарада «Ақтөбе» және «Тандем» радиоларының журналистері Салтанат Аманжолқызы мен Айсын Байтақова кәсіби төл мерекелеріне орай музей ұжымының ұйымдастырып жатқан көрмесіне алғыстарын білдірсе, көпбалалы ана, медиатор Бибігүл Әбдішүкірқызы радионың адам өміріндегі маңызы туралы айта келіп, өз естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ шарада музей директорының орынбасары Бақытжан Қалнияз жиналғандарды мерекемен құттықтап, «Ақтөбе» және «Тандем» радиоларына музей директоры атынан құттықтау хаттар табыстады. Өз кезегінде «Ақтөбе» радиосының бағдарламалық директоры Сергей Довгалюк «Рика-Тв» ЖШС директоры Наталья Бандровскаяның атынан музей басшылығына Алғыс хат табыс етті.

Шара соңында студенттер радио журналистерінің мұрағаттарынан алынған бейнероликтерді және музей көркемөнерпаздарының өнерлерін тамашалады.

  • Биыл 1 қазан — Радио күні болып бекітілгені белгілі. Осыған орай мерекелік көрме ұйымдастырып, оған жергілікті радио қызметкерлерін арнайы шақырдық. Мақсат — қала тұрғындары мен музей келушілеріне радио құрылғыларының түрлері мен тарихын таныстыру, қаламыздағы радиоларда жемісті еңбек етіп жүрген жандарды насихаттау. Көрме бір ай бойы тұрады. Тұрғындардың келіп тамашалауына болады, — дейді музейдің қор бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Ғаббасов.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button