Мәдениет

Ән мен әнші

Осыдан шамамен он жыл бұрын теледидардан «Өзіңмен біргемін…» деген әнге түсірілген бейнеклип жиі көрсетілетін. Мұңды деуге қимайтын, бірақ әр нотасы сағынышқа толы лирикаға тұнып тұрған туынды сол кезде-ақ көпшіліктің көңілінен шыққан-ды. Көл жағасындағы әдемі көріністер, отбасылық өмірдің қызығы мен қиындығы қамтылған бейнебаянның өзегі автордың өмірінен алынғанын біреу білсе, біреу білмес… Сондағы оқиға желісі бойынша ұл мен қыз өсіріп отырған ерлі-зайыптының отбасын кенеттен келген кесел тығырыққа тірейді: отанасы қоларбаға таңылады. Бұны автор, яғни әнші-композитор Сейсен Айтжановтың өзі орындағанда, ән тіптен әсерлі шығады.

Бұның бәрін тәмпіштеп жазып отырғанымыз, Сейсен әр әнді жүрегінен өткізіп барып, шынайы сезіммен шығарады. Дені тағдырымен үндес. Кейбіреулер сияқты тапсырыс үшін бірнеше нотаның «басын құрап», оны сатып, музыканы кәсіп көзіне айналдырмаған. Сондықтан болар, оның әндері жұртшылықтың жүрегіне жол таба біледі… Тек махаббат тақырыбындағы емес, патриоттық бағыттағы әндерді шығаратын, арасында өзі де ән салатын Сейсен Айтжанов туралы кеңінен сөз қозғасақ…

Темірден шыққан талант

Сегіз қырлы, бір сырлы Сейсен Темір ауданының Шығырлы ауылында дүниеге келген. Бұны оның шығармашылығымен аз да болса таныс кез келген тыңдарман жақсы біледі. Өйткені өзі туып-өскен ауданға арналған бірнеше әні бар. Көршілес Ресей Федерациясында әскери борышын өтеген өнер иесі кейіннен Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетінде музыкалық білім мамандығын игеріп шығады.

Әр адамның ауылы — дүниедегі ең қа­дір­лі мекен. Бойындағы бар жақсы қасиеті үшін туған жеріне қарыздар. Сондықтан қай жерде концерт өткізбейін, бағдарламамды өзімнің ауылыма арнап шығарған «Шығырлым» әнінен бастаймын. Бұл — туған жерге деген сағыныштан туған туынды, — деп сыр ақтарады сөз арасында композитор.

Еңбек жолын мал шаруашылығынан бастаған кейіпкеріміз мәдениет саласына кемеліне келген шағында, яғни отбасын құрып, жігіт ағасы болуға жақындап қалғанда бір-ақ қадам басады. Ақтөбе көлік, коммуникация  колледжінде, Қобда аудандық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші, Хромтау аудандық Мәдениет үйінің директоры болып жұмыс істеген ол «Маэстро» атты жеке дыбыс жазу студиясын ашып, бір уақыт кәсіпкерлікпен де айналысады. Бүгінгі таңда облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі қызметін атқаратын Сейсен — Ақтөбе қаласының тұрғыны. Тиісінше батырлар мекені, Ахмет, Ғазиза Жұбановтар туған өңір туралы да шығарған әндері бар…

Әндерін Димаш та әуелеткен

Бүгінге дейін 60-тан астам ән жазған композитордың «Шұбарқұдық», «Ақтөбе таңы», «Жан жарым», «Қош бол дегім келмейді», «Туған жерім — Темірім», «Алдамайды жүрек», «Өзіңмен біргемін…» атты әндері халық арасында кеңінен тарады.

Ал 2012 жылы Ақтөбеде түсірілген «Қыз және кептерлер» атты толық метражды көркем фильмде Сейсен Мұқанұлының «Алдамайды жүрек» әні саундтрек ретінде таңдалып алынды.

Сол сияқты өмірі өнермен өрілген азаматтың «Әскерден хат», «Бақытты балалық», «Ардақты ағаммен», «Жансен аға» әндерін Бағдат Балмағамбетова, отбасылық дуэттер Шынтас пен Айнагүл, Нұрлан мен Жанар, «Арт тұмар» триосы, хромтаулық «Жастар» тобы, т.б. шырқап жүр. Осы орайда 2011 жылы Жаннұр Байдрахманованың сөзіне жазылған «Мақтанышым — Ақтөбем» әнін алғаш рет жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің әуелеткенін айта кету керек.

Мақтанғаным емес, әндерімнің тақырыбы сан алуан. Сәйкесінше, әр әннің тарихы, «тағдыры» бар… Сүйген жарға, елге, туған жерге, тарихи тұлғаларға арналған шығармаларым баршылық. Соның ішінде, әрине, патриоттық, лирикалық сағынышқа толы әуендерім ел арасында кеңінен танылды, — дейді ол.

Әншінің бағын асыратын әдемі ән екені даусыз. Көптеген жас әншілердің Сейсеннің әндерімен сахнаға шығып, түрлі байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүргені рас. Өңіріміздегі бірқатар жас талаптар осы адамның мектебінен өткен. Ән шығарып, оны өңдеп, жалпы осы істі әбден шебер меңгерген ол жас дарындарға қол ұшын созып, қолдау көрсетуден аянбайды. Сол үшін де оны көпшілігі сыйлап, құрмет тұтады… Облыстық халық шығармашылығы орталығында көркемдік жетекші ретінде де сол әдетінен айныған жоқ: жаңарған студияда жеке әншілер мен ұжымдарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтады. Не нәрсенің де әдемі шығуына атсалысады.

2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Өзіңмен біргемін…» атты есеп беру кешін, арада 7 жыл өткенде Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығында «Көктем шуағы» атты жеке шығармашылық концертін өткізген Сейсеннің «Өзіңмен біргемін…» атты ән жинағы да бар. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін өнер иесі биыл «Өнер менің жемісім мен жеңісім» тақырыбындағы көрермендермен кездесу кешін де ұйымдастырды. Ерекше форматтағы шарада  сұхбатқа басымдық берілді. Өнер иесі әндерінің шығу тарихына тоқталып, шығармашылығы туралы сыр  шертті.

— Иә, Бөгетсай ауылдық Мәдениет үйі «Өнер менің жемісім мен жеңісім» атты менің шығармашылығыма арналған онлайн-сұхбат өткізді. Кеш барысында әндерімді шырқаған Жазира Мырзахметова, Нұрболсын Асылбекке, сұхбатты мазмұнды жүргізген көркемдік жетекші Жеткерген Токинге, осы онлайн мәдени шараны ұйымдастырған шығармашылық ұжымға алғыс айтамын, — деп ризашылығын білдірді ол.

Ән қанатындағы арман

Ердің жасынан асқан композитор әлеуметтік желілерде де белсенді. Ғаламтордағы «достарын» әрдайым шығармашылықтағы жаңалықтарымен хабардар етіп, жаңа әндерін жариялап отырады.  Кейде әртүрлі тақырыпта ой бөліседі. Бұны әңгімелесушіміз көрермендермен байланыстың бір түрі деп есептейді. Онысы шынымен солай да.

Үш баланың әкесінің алға қойған арман-жоспары көп. Әуелгі кезекте жаңа әндерді жарыққа шығарып, жас таланттарды халыққа таныстыруды мақсат етіп отыр. Сол арқылы композиторлық дарынын одан сайын дамытқысы келеді.

Өмір жолындағы сүйініші мен күйінішін әнмен жеткізіп, сырлы сазды жанына серік еткен Сейсен Айтжановқа шалқар шабыт пен шығармашылық табыс тілейміз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button