Жаңалықтар

Табысты әйел – қоғам тірегі

Кәсіпкер

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай дайындаған «Табысты әйел – Тәуелсіздік жемісі» атты жобасы аясында өңірімізге белгілі кәсіпкер, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының және ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстанның іскер ханымы-2018» атағының иегері, Ақтөбе қаласындағы «Media pro» продюсерлік орталығының иесі Жанаргүл Досовамен сұхбат өткізген-ді.

«Табысты әйел – Тәуелсіздік жемісі» атты жобаның мақсаты — Ақтөбе өңірінің өркендеуіне үлес қосып жүрген белсенді әйелдерді таныстыру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау, еліміздің дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп келе жатқан әйел адамдардың тәжірибелерімен бөлісу.

«Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербетеді» дейді дана халқымыз. Қызметі мен отбасы тірлігін қатар ұстап, жетістіктерге жетіп жүрген аруларымыз қаншама. Олардың бәрі де мақтауға лайық. Сондай жандардың бірі, өз өмірінде кездескен көптеген қиындықтарға қарамастан, қаймықпай, бүгінгі таңда үлкен жетістікке қол жеткізген іскер жан, бақытты жар, аяулы ана – Жанаргүл Досова. Ол Ақтөбе қаласында дүниеге келіп, №32 мектеп-гимназиясында білім алған. Өңір халқының көпшілігі Жанаргүлді талантты журналист ретінде таниды. Ол журналистика саласына 16 жыл уақытын арнап, «Ақтөбе» радиосында редактор, бас редактор және «Рика ТВ» телеарнасында продюсер болып жұмыс жасады. Телерадио жобалары облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Ақпарат және мәдениет министрлігі жанындағы Тіл комитетінің «Қазақстанның үздік журналисі» атағын алды.

Жоба қатысушысы бүгінде жас жеткіншектердің бойындағы қабілеттерін ашып, өнер жолында әрі қарай дамуына, жарық жұлдыз болып жарқырауына септігін тигізетін «Media pro» продюсерлік орталығын басқарып келеді. Бұл орталықта жазғы музыкалық лагерьлер ұйымдастыру да жақсы дәстүрге айналды. Балалар жазғы лагерьлер қарсаңында 2017-2018 жылдары Оңтүстік Корея, Лос-Анджелеске де барып қайтты.

Биылғы жаңа оқу жылында «Media pro» продюсерлік орталығының өнер десе ішер асын жерге қоятын балалар және олардың ата-аналары үшін тамаша жаңалығы бар. Қоғам қайраткері, продюсер, қайырымдылық қоғамының директоры Аружан Саинның бастамасымен 2021-2022 оқу жылында балаларға орталық бір жыл бойы тегін оқуға гранттар бөліп отыр. Жанаргүл Досованың айтуы бойынша, «Media pro»-да оқуды тек қана қала емес, сонымен бірге аудан балалары да өте қатты армандайды. Міне, сондай балалар үшін керемет мүмкіндік деп қуана жеткіземіз. Жалпы, біздің орталық балаларды тек өнерге ғана баулымай, олардың жеке тұлға болып қалыптасуына көп көңіл бөледі».

Жанаргүл ханымның ойынша, бүгінгі қоғамдағы әйел бәріне үлгеріп, жан-жақты, білімді, шапшаң болып, бір сөзбен айтқанда, отбасы мен қызметті абыроймен қатар алып жүруге тырысуы қажет деп есептейді. Жоба қатысушысы сұхбат соңында кітапхана оқырмандарына өзінің жүрекжарды тілектерін білдіріп, жастарға әр адам өзінің бойындағы жағымсыз, сәтсіз  қылықтарына көз жұма қарап, жақсы қасиеттерін одан әрі дамытуға кеңес берді.

Үздіксіз ізденіс, өнер-білімге деген құштарлық Жанаргүл Досованы бір сәт те тыным таптырмаған. Жауапкершілігі жоғары іргелі істерді өз деңгейінде атқара жүріп, бүгінгі таңда өмірде өз орнын тапқан, асқақ армандарына жол ашқан жан.

 Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button