Жаңалықтар

Дін — нәзік мәселе

Ақтөбеде «БАҚ-та діни ақпарат жариялаудың кейбір ерекшеліктері» тақырыбында журналистерге арналған семинар өтті.

Шара облыстық дін істері басқармасына қарасты «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Семинарда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, muslim.kz ақпараттық, рухани-ағарту порталының редакторы, дінтанушы Мақсатбек Қайырғалиев «БАҚ-та діни ақпарат жариялаудың кейбір ерекшеліктері» тақырыбындабаяндама жасады, сондай-ақ облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұрәлиев, «Аңсар» орталығының басшысы Нұрсұлтан Жаншин дін саласындағы мемлекеттік саясатты насихаттаудағы БАҚ-тардың ролі төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Мақсатбек Қайырғалиев өзінің баяндамасында әлемде «ислам терроризмі» деген жалған ұғым, яғни исламды дін атын жамылған жымысқы саясатпен байланыстыру белең алып тұрған қазіргі кезеңде дін тақырыбын жазудың нәзік тұстары көп екені, дін және адам құқығын сақтаудың үйлесімі, бүгінгі қазақстандық БАҚ-тарда осы мәселенің көтерілуі төңірегінде сөз қозғады. Сондай-ақ ол дін тақырыбын жазу барысында көп қолданылатын терминдерді, олардың шығу тарихына тоқтала отырып, тереңірек түсіндірді. Дінтанушы бүгінде теріс ағымдардың таралуына, негізінен, әлеуметтік желілердің, сол желілер арқылы таралатын жалған ақпараттардың ықпалы көп екеніне тоқталды.

Журналистер де қазіргі діни ахуалға байланысты өздерін толғандырып жүрген жайттар жөнінде айтты. Соңында баяндамашы мен ұйымдастырушылар журналистердіңкөптеген сауалдарына жауап берді.

 Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button