Жаңалықтар

Бибінұрдың дәмді ет тағамдары

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бастаулықтардың жобаларын қаржыландыруға республика бойынша 22,5 млрд теңге қаржы бөлді. Оның 1,3 млрд теңгесі Ақтөбе облысына бөлінген. Қаржылай қолдау көрсету — өз ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер үшін өте үлкен көмек. Себебі идеясы бар, қалтасы жұқа белсенді азаматтардың дені қаржының жоқтығынан кәсібін бастай алмай жатады. 

Ақтөбелік Бибінұр Мырзабай— «Бастау-Бизнес» курсында кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, жеке бизнесін бастағандардың бірі. Ол биыл қаңтар айында Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, «Атамекен» палатасы өткізетін кәсіпкерлікке оқытатын курсқа қатысуға өтініш қалдырған.

— Сәуір айында онлайн режимде өңірлік кәсіпкерлік палатасы тарапынан 21 күндік тегін курс өткізілді. Тәлімгерлер курсты топтарға бөліп-бөліп өткізді. Әр топтың өз жетекші бизнес тренерлері болды. Біздің топтың бизнес тренері Айгүл Сексенова кәсіп бастаймын деген кәсіпкерлердің қандай дағдыларды меңгеруі қажеттігінен бастап, бизнес-жоспар жасау жолдары, салықты есептеу, бухгалтерлік есептерін шығару, тауарды сату әдістері, маркетинг, мерчендайзинг, тіпті қаржылық сауаттылық тақырыптарына дейін дәрістер оқыды. Қаржылық сауаттылық — әр кәсіпкерге ең қажет білім. Тәлімгеріміз қаржылық кедергілер, дағдарыстар, олармен күресу жолдарына дейін жіліктеп айтып берді. Бизнес-тренеріміздің ерекше қолдауымен жоспар жасау кезеңінде еш қиналғанымыз жоқ. Осы курсқа қатыса жүріп, қаржытабу мақсатында грант алу үшін конкурсқа қатысуға болатынын білдім. Курсымды тәмамдап, сертификатымды алған соң, курста  жасаған жобамды ұсына отырып, конкурсқа қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант ұтып алдым, — дейді ол.

Бибінұрдың жобасы ет өнімдерін шығару болатын. Мемлекеттің қолдауына ие болған ол бірден  ет өнімдерін шығару үшін қажетті құралдарды сатып алып, кәсібін бастап кетті.

— Қазіргі таңда ата салтын ұстанған әр қазақтың дастарқанынан табылатын ет тағамдарын жасап жатырмын. Қазақ қызы ретінде ұмыт боп бара жатқан ұлттық тағамдарды дәріптеу, заманына қарай жаңғыртып отыруды парызым деп санаймын. Ауылда өскесін ет тағамдары таңсық емес. Анамыз: «Қазақтың қызы, келіні ұлттық тағамдарды әзірлей білуге тиіс, әсіресе ұлттық ет тағамдарын дайындай білуі керек», — деп үнемі айтып отыратын. Сол анамыздан көрген тәрбиемді кәсібіме айналдырғым келді. Оның үстіне қазіргідей заманда адамның иммунитетін көтеретін ет тағамдарына сұраныс өте жоғары, — дейді ол.

Бибінұр қазір қазы, шұжық, бұжы, ішек-қарын қуырдағы мен кәдімгі ет қуырдағының жартылай дайын өнімдерін жасап жатыр. Жаужүрек, бүрме қарын, үлпершек секілді ата заманнан келе жатқан ұлттық ет тағамдарды да жасауды жоспарлап отырғанын айтады:

— Қазыға, шұжыққа сұраныс жоғары. Бұжыға да сұраныс артып келе жатыр.

Қойдың, сиырдың ішек-қарындарын босқа рәсуа қылып лақтырып тастамай, қайнатып, тұзын, бұрышын салып, дәмін келтіріп, қуырдақ қылып дайындап жатырмын. Сонымен бірге малдың етін, жүрегін, өкпе-бауырын қосып, араластырып, қуырдақтың да жартылай дайын өнімін сатып жатырмыз.

Қазақтың ұмытылып бара жатқан жаужүрек, бүрмеқарын, үлпершек секілді ет тағамдарын да мәзірімізге қосуды жоспарлап отырмыз.

Жаужүрек деген тағам әсіресе ер-азаматтарға, ұлдарға пайдалы. Ертеде ер- азаматтар жолғааттанатын кезде әжелеріміз оларға жаужүрек тағамын жасап беретін болған. Ол жаңасойылған қойдың бауырынан жасалады. Етті жарты сағат сүтке салып қояды да, қойдың шар майына орап, қуырады. Бауыр мен майдың құрамында адамның қуатын арттыратын элементтер болады екен. Әжелеріміз соны білген. Оның да жартылай дайын өнімін жасап шығару ойымда бар.

Ал үлпершек деген тағамды аналарымыз күйеуге шығып кеткен қызы төркіндеп келгенде пісіріп беретін болған деседі. Жүректің ішін тазалап, соған сүрленген қазы, сиырдың, жылқының етін, қойдың құйрық майын араластырып салып, тұз-бұрыш сеуіп, дәмін келтіріп, жүректің аузын тігіп, асып беретін болған. Оның мағынасы «қызым, анаңның жүрегі сенімен бірге» дегенді білдіреді деседі.

Бүрме қарын жылқының қарнынан жасалады.Қарынды жақсылап тазалап, иісін кетіріп, ішіне кішіректеу қазыны, сүрленген ет, картоп, көкөністер салып, асады.

Жылқының еті бірнеше ауруға ем деседі. Жүрегінің өзі адамның миының жасушаларын жаңартады екен. Алдағы уақытта осы тағамдардың да жартылай дайын өнімдерін әзірлегім келеді. Ол үшін цехымды үлкейтіп, кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын, — дейді Бибінұр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button